Қазақстан астық экспортына қолдау көрсетуді ұзартты

Бүгін, 00:31 / Нұрлан Әлинұр
Gov.kz

Астықты тасымалдауға байланысты шығындарды арзандатуға бағытталған субсидия төлеу қағидаларының, сондай-ақ агроөнеркәсіп саласында қызмет атқаратын ұлттық компания шығындарын субсидиялау қағидаларының қолданылу мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

Мемлекеттік қолдау шараларының басты мақсаты – астық секторындағы логистиканың тиімділігін арттыру, нарық қатысушыларының қаржылық жүктемесін азайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ынталандыру.

Жартылай субсидиялау төмендегі транзиттік бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда:

Ресей Федерациясы аумағы арқылы Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттарына;

Ресей Федерациясы, Латвия Республикасы, Литва Республикасы және Эстония Республикасы аумағы арқылы Балтық теңізінің порттарына;

Ресей Федерациясы аумағы арқылы Латвия, Литва және Эстония республикаларына;

Әзербайжан Республикасы мен Грузия аумағы арқылы Қара теңіз порттарына;

Түрікменстан аумағы арқылы Ауғанстан Ислам Эмиратына;

Түрікменстан аумағы арқылы Иран Ислам Республикасына;

Қытай Халық Республикасы аумағы арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне;

Ресей Федерациясы аумағы арқылы Грузия мен Арменияны қамтиды.

Осы орайда экспорттық бағытқа байланысты өтемақы көлемі бір тонна астық үшін 20-30 мың теңге аралығында өзгеріп тұрады.

Биыл 15 қыркүйектегі жағдай бойынша, бағдарламаның операторы – «Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ астық өндірушілер мен экспорттаушыларға 828,4 мың тонна бидай тасымалы үшін 19,1 млрд теңге аударды. Корпорацияға барлығы 553 өтінім келіп түскен. Бидай экспортының жалпы көлемі 1,2 млн тоннаны құрап, 28,2 млрд теңге көлемінде жүзеге асырылды. Оның ішінде қазақстандық астық жөнелтілімдерінің көп үлесі Әзербайжанға – 43% және Балтық елдеріне – 30% тиесілі болды. Экспорттың тағы 16%-ы Балтық және Қара теңіз порттарына транзитпен жеткізілді. Ауғанстан мен Грузияның үлесі тиісінше 6% және 5%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы жылында 2024–2025 арналған экспортты субсидиялау бағдарламасы бидай жеткізілімдерінің артуына ғана әсер етіп қоймай, қазақстандық астықтың әлемдік нарықтарда мойындалуына да зор ықпал етті. Мәселен, ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Қазақстан шамамен 12,8 млн тонна астық экспорттап, дәстүрлі бағыттардағы (Орталық Азия елдері мен Каспий өңірі) ұстанымдарын сақтаумен қатар, жаңа өткізу арналарына да шықты. Атап айтқанда, алғаш рет Қазақстан бидайының сатып алушылары қатарына Марокко, Алжир, Мавритания, БАӘ, Вьетнам, сондай-ақ бірқатар еуропалық елдер – Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Шотландия кірді. Бұған дейін шетелдік импорттаушылар Қазақстанды негізінен қатты (дурум) және жоғары ақуызды (hi-pro) бидай жеткізушісі ретінде таныса, енді олар еліміздің жұмсақ бидайының сапасын да мойындай бастады, - деп атап өтті ведомстводан.

Соның нәтижесінде экспортталатын өнім түрлері көбейді, ал қазақстандық астықтың әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай арта түсті.

Мемлекеттік қолдау шараларының 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылуы астық жөнелтілімдерінің қарқынын сақтауға, сондай-ақ өткен маусымда ашылған болашағы зор экспорттық нарықтарда қазақстандық бидайдың орнын нығайтуға бағытталған.