26 қыркүйек күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында Халық қазынасы мемлекеттік ұлттық өнер орталығының ұйымдастыруымен ҚР Халық әртісі, ҚР Еңбек Ері, белгілі әнші-ұстаз Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Айбозым» атты салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кешке еліміздің түкпір-түкпірінен әншінің алдын көріп, дәріс алған шәкірттері, сондай-ақ немере-шөбере шәкірттері қатысып, өнер көрсетті. Қазақконцерттің көркемдік жетекшісі Ерлан Рысқали айтқандай, тосын сыйларға толы бұл концерт көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бағдарлама барысында Қайрат ағамыздың өзі киген бөркі, таққан жүзігі, белдігі мен домбырасының үкісі шәкірттеріне естелік ретінде табысталды. Әсіресе халық әртісі Рамазан Стамғазының шәкірті Дияс Мұратханға бата беріп, домбырасына үкі тағуы залды толқытқан сәттердің бірі болды.
Кеште Халық әртістері Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова, Қарақат Әбілдина, сондай-ақ Ербол Айтбаев, Ардақ Исатай, Қайрат Кәкімов, Еркін Шүкіман, Нұржан Жанпейісов және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Сонымен қатар Халық қазынасы орталығының әншілері мен бишілері, Айгүл Иманбаеваның АИ театры, Зәуре Уахит жетекшілік ететін шығармашылық ұжымдар, Қарақан студиясының шәкірттері де сахнаға шықты.
Айтулы мерекелік концертке еліміздің барлық аймағынан өнер өкілдері атсалысып, тіпті Қырғызстанның халық әртісі Роза Аманова да арнайы бейнеқұттықтау жолдады.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған «Айбозым» кеші көрерменді айрықша рухтандырып, ұлттық өнердің асқақ мерекесіне айналды. Кеш иесі Қайрат Байбосынов та келген қонақтарға, шәкірттері мен әріптестеріне ризашылығын білдіріп, концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.