Жұмысшы мамандықтар жылына арналған республикалық байқаудың жеңімпаздары жарияланды

Бүгін, 16:38 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Медиа дамыту орталығы

Бүгін Астана қаласында «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» атты республикалық форум өтті. Форум жұмысына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Іс-шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылына арналған конкурстың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байқау «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бастамасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты – қоғамда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ адал еңбегімен елге үлгі болған азаматтардың шынайы өмірлік оқиғаларын кеңінен насихаттау.

2025 жылғы 1 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында конкурсқа журналистерден, блогерлерден, фотографтардан, видеографтардан, БАҚ редакцияларынан, колледждерден, саяси партиялардан және өзге де ұйымдардан 200-ден астам өтінім қабылданды.

Қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын бес номинация бойынша анықтады:

«Еңбек династиясының жетістік тарихы» атты Үздік публицистикалық мақала:

I орын – шахтада шыңдалған отбасы туралы мақала, Аружан Тлеубек, Караван медиапорталы, Алматы қ.

II орын – атыраулық династияның тарихы туралы мақала, Жанат Шаяхметова, Atyrau press, Атырау қ.

III орын – Құрмантегі шеберханасы туралы мақала, Қайныш Бұхарбай, «Индустриальная Караганда» облыстық қоғамдық-саяси газеті, Қарағанды қ.

«Еңбек адамымен сұхбат» атты Үздік радио сұхбат:

I орын – мал шаруасы шеберімен сұхбат, Салтанат Садибекова, Qazaq radiosy, Астана қ.

II орын – байланыс технигімен сұхбат, Роман Буркашев, Yasawi FM диджитал-радиосы, Түркістан қ.

III орын – «Человек труда» радиосұхбаты, Ольга Асхожина, «Jibek Joly» радиосы, Астана қ.

«Еңбек адамының портреті» атты Үздік бейнеролик:

I орын – фрезерлеуші туралы бейнеролик, Улан Сыдыков, Ақтөбе

II орын – металлург туралы бейнеролик, Нұртөлеу Екібай, Saryarqa Aqparat медиа холдингі, Қарағанды қ.

III орын – химиялық талдау зертханашысы туралы бейнеролик, Базаргул Мырзатаева, Ақтау қ.

«Еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын насихаттау» атты Үздік телесюжет:

I орын – әскери ұшақ инженері туралы телесюжет, Назгүл Пахманова, «Хабар» Агенттігі» АҚ, Астана қ.

II орын – водолаз туралы телесюжет, Виктория Кушербаева, «Қазақстан» РТРК» Акционерлік Қоғамы Маңғыстау облыстық филиалы, Ақтау қ.

III орын – «Кәсіп түбі – нәсіп» телесюжеті, Нұрталап Шарападин, «Ulytau» облыстық телерадиокомпаниясы, Жезқазған қ.

«Шебердің бір күні» атты Үздік фоторепортаж:

I орын – «Шойын балқытқан – Мұстафа», Мейірбек Тажкуранов, «Жайық Пресс» ЖШС, Орал қ.

II орын – «81 жастағы кәсіпкер әже сүйікті ісімен айналысуда», Салтанат Жакупова, Elorda info желілік басылымы, Астана қ.

III орын – «Золотое правило Уварова», Михаил Митрошенков, фотограф, Павлодар қ.

Қазылар алқасы мүшелері жіберілген барлық өтінімдерді бекітілген байқау ережесіне сәйкес бағалады. Қазылар алқасы құрамына белгілі журналистер, фотографтар, медиасала өкілдері, сондай-ақ еңбек саясаты мен біліктілік саласындағы сарапшылар кірді: Максим Рожин- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлішер Мұқажан - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасы, Ляззат Ахмурзина - «KAZENERGY» Қауымдастығының атқарушы директоры, Газиза Раимбек - журналист, тележүргізуші, продюсер, Лязат Шонаева - ҚР «Атамекен» ҰҚП адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары, Дулат Абибуллаев - журналист, Сәкен Ділдахмет - тәуелсіз экологиялық шолушы, жабайы табиғат фотографы, Айбек Темиров - «Медиа дамыту қоры» КҚ бас директорының орынбасары.

Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.