Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының құрамындағы Карелия Республикасына барды. Сапар аясында екі өңір арасында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құжат Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық пен әріптестікке негізделген келісімдерге сүйене отырып, Абай облысы мен Карелия Республикасының сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, әлеуметтік және мәдени салалардағы байланыстарын дамытуға жол ашады.
Меморандум аясында инвестициялар тарту, құрылыс пен логистика, шағын және орта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимыл жасау, өнеркәсіп, оның ішінде жеңіл, тау-кен, өңдеу, тамақ, металлургия және орман өнеркәсібі, білім беру салаларында ынтымақтастық орнатып, оқу орындары арасында тікелей байланысты нығайту, педагогтар мен студенттердің тәжірибе алмасуы, мәдениет, денсаулық сақтау, туризм, спорт, әлеуметтік қорғау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру қарастырылған.
Сонымен қатар тараптар бірлескен бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, ортақ жобаларды жүзеге асыру, көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу, ақпаратпен алмасу және өзара делегациялар жіберу мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Карелияның делегациясын 2026 жылдың бірінші тоқсанында Абай облысына сапармен келуге шақырды.