Аяз: Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады

Бүгін, 10:19 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

27 қыркүйекте еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК.

Ұлытау облысында күндіз оңтүстік-батыстан жел соғып, екпіні 15-18 м/с-қа жетпек. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Қарағанды облысының шығысында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз батысында желдің жылдамдығы 15-18 м/с болады. Сондай-ақ өңірдің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде өрт қаупі күшейіп, батысы, солтүстігі, солтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде күндіз найзағай ойнап, шығысында өрт қаупі жоғары болады.

Атырау облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Көп аумағында төтенше өрт қаупі сақталса, солтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары деңгейде. Атырау қаласында да төтенше өрт қаупі сақталады. Ақмола облысында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіліп, дауыл соғады. Тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Жетісу облысының шығысында және таулы аудандарында желдің екпіні 17-22 м/с-қа дейін күшейеді. Абай облысында түнде оңтүстігінде, ал күндіз батысы мен орталығында желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді. Шығыс Қазақстан облысында да түнде шығысында, күндіз батысында, солтүстігі мен шығысында желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түсіп, кей жерлерде топырақ бетінде –2°С аяз байқалады. Өрт қаупі жоғары болып, Орал қаласында да түнде жер бетінде аяз күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысында күндіз қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл соғып, таулы аудандарында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Өңір бойынша, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан қалаларында төтенше өрт қаупі сақталады. Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, тұман түседі, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Мұнда да төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының солтүстігінде, сондай-ақ Қостанай облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі күтіледі. Қостанай облысының батысы мен шығысында қатты жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ болады. Түнде және таңертең солтүстігінде тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Солтүстігінде топырақ бетінде –2°С аяз байқалады.

Маңғыстау облысында түнде солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-18 м/с болады. Оңтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары. Ақтау қаласында да түнде желдің жылдамдығы 15 м/с-қа жетеді. Қызылорда облысының солтүстігінде күндіз желдің екпіні 15-20 м/с болады.