Астанада Kursiv Infrastructure Forum өтті

26 қыркүйек, 2025 / Інжу Әлихан

Астанада Қазақстанның экономикалық өсіміне ұлттық жобалардың қалай әсер ететіні туралы Kursiv Infrastructure Forum өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Форумға 200-ден астам делегат жиналып, KIF сахнасынан 20-ға жуық спикер сөз сөйледі.

Сарапшылар да, залдағы пікірталастарға қатысушылар да Қазақстандағы ұлттық жобалардың бүгінгі күні қаншалықты тиімді екендігі, қандай қатерлер мен проблемалар бар екені және экономиканы жаңғыртудың осы стратегиялық маңызды құралын жетілдіру үшін қандай сапалы өзгерістер қажет екендігі туралы сұрақтарға жауап іздеді.

Форумды Kursiv.Media Қазақстан бас директоры Анастасия Новикова бастады.

“Мемлекет ауқымды жобаларды іске асырған кезде бұл шығындар емес, экономикалық өсу мен адами капиталды дамытуға ұзақ мерзімді инвестициялар екенін ескереді. Бірақ ұлттық жобалардың ауқымы мен басқару сапасы тәуекелдерді тудыратын шешуші факторға айналады. Сайып келгенде, әрбір инфрақұрылымдық бастама даму синергиясын құра отырып, жалпы қайта құру жүйесіне енуі маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, ашық талқылау мен қоғамдық пікірталас мүмкіндігі ерекше маңызға ие. Kursiv осы саладағы танымал бұқаралық ақпарат құралы. Бірақ біз не болып жатқанын айтып қана қоймай, елдің дамуына үлес қосқымыз келеді. Сондықтан осы форумды ұйымдастырып отырмыз”, – деді ол.

Сарапшылар қауымдастығы мен министрлік өкілдері жекелеген ұлттық жобалардың жетістіктері мен болашағы туралы айта отырып, маңызды мәлімдемелер жасады.

Форум спикерлерінің баяндамалары сол күнгі ақпарат ағынын жаулап алды. Мәслихат барысында Қазақстанда атом электр станцияларын салу, жүздеген жаңа мектеп тұрғызу және 2029 жылға қарай елдің ЖІӨ-ін екі есеге арттыру жоспарлары сияқты жобалар талқыланды.

Форумның пленарлық сессиясында ұлттық жобалар экономикалық дамудың ағымдағы моделінің инфрақұрылымдық “құрастыру аймағы” ретінде қарастырылды. Мұнда Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ЖІӨ өсімінің өзекті тақырыбын қозғады.

“ЖІӨ-ні екі есеге арттыру үшін инвестицияларды ЖІӨ-ге шаққанда 15%-дан 23%-ға дейін арттыру қажет. Бұл инвестиция ЖІӨ-нің екі еселенуінен де артық болуы керек дегенді білдіреді, яғни қосымша 60 млрд доллар қажет”, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, инвестициялардың бір бөлігі инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалмақ. Бұл алдағы 6 жылда инженерлік инфрақұрылымның орташа тозуын 35–40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Көлік инфрақұрылымы саласындағы жобалар туралы Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының м.а. Нұржан Кельбуганов баяндады. Оның айтуынша, алдағы 6–7 жылда Қытай мен Еуропа арасындағы транзит көлемі 3,5 есе артады (PricewaterhouseCoopers деректері). Қазақстан транзиттен 5–6 есе көп табыс түсіре алады, бірақ ол үшін дамыған инфрақұрылым қажет. Сондықтан елімізде 2022 жылдан бастап жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын, құны 5 млрд долларды құрайтын 12 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың қызмет ету мерзімі кемінде 20–25 жылға есептелген.

Осындай жобалардың бірі – Достық–Мойынты темір жолының екінші жолдары. Оның құрылысы туралы “Қазақстан Темір Жолы” құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Есқалиев баяндады.

“Достық–Мойынты учаскесінде жүк қозғалысы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, биыл құрылысы аяқталады. Біздің міндетіміз – осы екінші жолдарды пойыз транзиті үшін қолданысқа беріп, өткізу қабілетін арттыру”, – деді ол.

Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров “бірнеше ай ішінде мектеп тұрғызуға бола ма?” деген сұраққа жауап беріп, құрылысты басқару тәсілінің түбегейлі қайта қаралғанын айтты. Елдегі әлеуметтік жобалар құрылысына алғаш рет EPC-келісімшарт енгізілген. Бұл тәсіл нысандарды жобалау, салу және жабдықтау жұмыстарын қатар жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 18–20 айға созылатын құрылыс мерзімі 8–9 айға дейін қысқарған.

“Әдетте бәрі жобаны әзірлеуге арналған конкурстық рәсімнен басталады. Бұл процесс кемінде алты айға созылады. Одан кейін жобаны әзірлеу шамамен бір жылға, содан соң сараптамаға уақыт кетеді. Бұл рәсімдер кезінде құрылыс-монтаж жұмыстары үшін сатып алу шараларын жүргізу мүмкін болмайды. Процесс созылған сайын уақыт өтеді, баға өзгереді, индекстеу жүргізіледі. Біз пилоттық ұлттық жоба аясында осы жүйені бұзуға тырыстық. Бұл істе Президент Әкімшілігі, Үкімет аппараты және Оқу-ағарту министрлігі көмектесті. Нәтижесінде заңнамаға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік сатып алу өз порталымызда жүргізілді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, бір жарым ай ішінде сатып алу процесі аяқталды! Менің ойымша, бұл жүйе бағдарламаны жүзеге асыруға үлкен серпін берді”, – деді ол.

Оның айтуынша, EPC-келісімшарттарын енгізу жауапкершілікті арттырады. Мемлекеттік құрылыс тәжірибесінде алғаш рет мердігер жобалаушыға немесе жеткізушіге сілтей алмайтын вертикалды жүйе құрылды.

“Әр нысанда үш техникалық қадағалау маманы жұмыс істеді, мұндай бақылау бұрын болмаған. Мердігер бүкіл жүйенің ашық екенін, оны тек біз ғана емес, қоғам да бағалайтынын білгенде, тәртіп пайда болады. Бұл – жаңа деңгейдегі тәртіп”, – деді Ғабит Малғаздаров.

Алғашқы мектептердің құрылысы 2023 жылдың соңында басталды. Жоспарланған 217 мектептің 104-і 2024 жылы пайдалануға берілді. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарай тағы 172 мектеп ашылды, ал қалған 36 мектеп жыл соңына дейін тапсырылмақ.

Samruk-Kazyna Construction жобаны жүзеге асыру барысында аса ірі соманы үнемдеді. Бұл – Ұлттық қордың қаражаты еді.

“Біз сметаларды “Мемсараптама” РМК-мен бірлесіп тексердік, қателерді анықтап, түзеттік. Соның арқасында 108 млрд теңге тиімді игерілді. EPC-келісімшарттары мен басқа шаралардың есебінен қосымша 156 млрд теңге үнемделді”, – деді ол.

“Мемсараптама” РМК өндірістік бөлімінің бастығы Бауыржан Бердашев бұл өзгерістердің тиімділігін нақты мысалдармен түсіндірді.

“EPC-келісімшарттарын қолдану құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты тәуекелдерді жоюға мүмкіндік берді. Жұмыстың қарқынды жүруі мен тиімді шешімдер өз жемісін берді. 108 млрд теңге дегеніміз не? Түсінікті болу үшін: 468 фельдшерлік-акушерлік пункт салу бағдарламасы 103 млрд теңгеге түсті. Яғни мектеп құрылысында үнемделген қаржы денсаулық сақтау саласына арналған бағдарламаға жұмсалуы мүмкін болды”, – деді ол.

Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры Әділбек Мұсабаевтың айтуынша, мектептердің көбеюі үш ауысымдағы оқуды 2026 жылға дейін толық жоюға, ал апатты мектептер санын 70%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Оның есебінше, апатты мектептердің негізгі бөлігі ауылдық жерлерде қалады. Бұл мәселе жергілікті бюджет пен білім беру бастамаларын қолдау қоры есебінен 2026–2027 жылдары шешілмек.

Стратегиялық жобалар “Экономикалық өсу инфрақұрылымы: таныс маршруттар, жаңа мүмкіндіктер” атты панельдік сессияда талқыланды. KEGOC стратегиясы және орнықты даму жөніндегі басқарушы директоры Эльвира Қонақбаева энергетика саласындағы сын-қатерлер мен тұтыну көлемінің өсуіне жауап беру үшін қабылданған шараларды таныстырды.

“Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы электр желілері бірінші атом электр станциясын іске қосу жоспарларына байланысты күшейтіледі”, – деді ол.

Жоба бойынша атом электр станциясының қуаты 2,4 ГВт құрайды. Бұл Қазақстанның бүкіл энергожүйесіне қойылатын талаптарды арттырады, сондықтан оны жаңғырту жұмыстары қазірдің өзінде басталды.

“Қазақстанның оңтүстігінде өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттыру жұмыстары жүргізілуде, ол 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Тағы бір жоба – Батыс энергетикалық аймағын Қазақстанның бірыңғай энергожүйесіне қосу. Бұл аймақтың тұрақтылығын арттырып, өткізу қабілетін 500 МВт-қа дейін ұлғайтады”, – деді ол.

Компания электр желілерін дамытуға арналған барлығы 10 жоба әзірлеген.

Эльвира Қонақбаеваның айтуынша, елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі де артып келеді. Қазіргі таңда ЖЭК үлесі 6,8%-ды құраса, 2035 жылға қарай 3 ГВт-тан 14 ГВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда.

Энергожүйенің мұндай өсуі Қазақстандағы өмір сүру деңгейін арттырумен қатар, басқа да ауқымды жобаларды жүзеге асырудың басты алғышарты болмақ.

Форум барысында жасалған мәлімдемелер көптеген сұрақ туындатып, қызу пікірталасқа негіз болды. Жалпы алғанда, Kursiv Infrastructure Forum мемлекет пен бизнес өкілдері, сондай-ақ сарапшылар пікір алмасып, тәжірибемен бөлісетін маңызды алаңға айналды.