Қазақстандық альпинист 8163 метр биіктікте көк байрақты желбіретті

26 қыркүйек, 2025 / Өтей Торғайұлы
дереккөзден

Қазақстандық альпинист әрі саяхатшы Ғалымжан Құспанов Гималайдағы биіктігі 8163 метр болатын Манаслу шыңын бағындырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлемдегі аса қауіпті әрі қиын шыңдардың біріне шыққан спортшы сол жерде Мемлекеттік Туды және «AMANAT» партиясының туын желбіретті.

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ту мен мемлекеттік өзге де атрибуттар символикасы ел егемендігін бейнелейді. Сондай-ақ бабалар аманатына адалдық танытып, көздің қарашығындай қорғап, болашақ ұрпаққа табыстаудың мәні мен маңызын еске салады. Сол себепті Ғалымжан Құспанов әр сапарында Қазақстанның туын өзімен бірге алып жүруді дәстүрге айналдырған.

«Әрбір шыңды бағындыру – адам мүмкіндігінің шегін сынау. Сегіз мыңдықта әр қадам, әр тыныс – өмір мен өлімнің арасындағы сынақ. Дәл сол сәтте көк байрағымызды қолыңа ұстап тұрғанда, бұл тек жеке жеңіс емес екенін, бұл – бүкіл елдің мақтанышы, Қазақстанның әлем алдында кезекті рет абыройы асқақтаған сәт. Ол – бірлігіміздің және жаңа биіктерге ұмтылысымыздың айғағы», – деді альпинист.

Манаслу шыңы – Жер шарындағы ең қауіпті нүктелердің бірі. Ондағы беткейлер мен қар көшкіні қатері спортшылардан ерекше дайындық пен төзімділікті талап етеді. Осындай шыңды бағындырған Ғалымжан Құспанов мүдделес топ мүшелерімен бірге Қазақстанның атын халықаралық альпинизм тарихындағы айтулы жетістіктер қатарына енгізді. Бұл экспедицияны 18272 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Аманжол Рахметов бастап барды. Олардың бұл ерлігі Қазақстан да, оның азаматтары да кез келген биіктікті – асқақ тау шыңдарында да, өмірдің сан қилы сынақтарында да бағындыра алатынын тағы бір мәрте айқын дәлелдеді.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы еліміздің спорт және туризм саласын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, партия жыл сайын халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастыруға атсалысады. Ал биыл партия еліміздің негізгі табиғи ландшафттарын қамтитын ұлттық туристік соқпақтар жүйесі – «Алатау аманаты» жобасын іске қосты.

Аталған жоба аясында Шарын шатқалынан бастап, Таңбалы археологиялық кешеніне дейінгі 1200 шақырымнан астам қашықтықты алып жататын ұзын-сонар ұлттық соқпақ салу көзделуде. Бағыт бойында 270 мыңнан астам тұрғыны бар 24 инфрақұрылым нысаны мен 20 елді мекен орналасқан. Туристер этноауылдарға, глэмпингтерге, кемпингтерге, визит-орталықтарға, құтқару стансаларына, сондай-ақ гастрономиялық және этномәдени туризм орындарына бара алады. Болашақта мұнда шытырман оқиғаға толы ішкі және халықаралық туризмге арналған тұтас экожүйе пайда болады.

Бүгінде экспедицияларға қатысушылар болашақ соқпақтың шығыс және батыс бөлігінде 31 маршрут бойынша 1 273 шақырымды жүріп өтуде. Дәл қазір 10 топ тауда барлау экспедициясында жүр. 2025 жылы қаңтар-маусым айлары аралығында Алматы тау кластерінде 1,4 млн. адамға қызмет көрсетілді. Оның 328 мыңы – шетелдік турист.

Тэгтер:

альпинист Ғалымжан Құспанов Гималай