Бір ауылды жұмыспен қамтып отырған шаруагер

Бүгін, 10:00 / Ақбота Әбілтай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде атап өтілетін Еңбек күнімен құттықтады. Президент құттықтауында бұл мерекенің еліміз үшін айрықша мәні барын, еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар екенін айрықша атап өтіп, «Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз», – деді. Осы орайда Turkystan.kz сайтының тілшісі қыркүйек басталғалы қарбаласта жүрген, нәпақасын ауыл шаруашылығынан тауып отырған, Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Алтынды ауылдық округіне қарасты Елтай ауылын тұтасымен жұмыспен қамтып отырған Уәлихан Байжановқа хабарласып, аз-кем әңгімелескен еді.

«Елтай ауылында он жетідей ғана үй қалды. Мектеп жоқ, жабылған. Ауыл халқы мал ұстайды, сонымен күн көреді. Менің шаруашылығымда жұмыс істейді. Негізінен мұнда қалған зейнеткерлер ғана тұрады. Жастар жан-жаққа кетіп қалған. Өзім осы ауылда туып-өстім. Қазір жасым 54-ке келді. Алтынды ауылында мектеп-интернатта оқып, 10 класты бітірдім. Ақмолада ауыл шаруашылық институтын тәмамдадым. Мал шаруашылығын 2013 жылы қолға алдым. Сол жылы «Елхан» шаруа қожалығын ашып, 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 30 млн теңге несие алдым. Оған өз қалтамнан ақша қосып, асыл тұқымды сиыр сатып алдым. Қажетті трактор, комбайн сияқты керекті техниканың бәрін мемлекеттік несиеге алып келеміз. Ол несиені әлі жауып жатырмын. Ұзақ мерзімді несие ғой», – дейді ол.

12 жыл бұрын несиеге алынған мал төлдеп, көбейіп, қазір жалпы саны 250-ден асқан.

«Сиырдан басқа мал ұстамаймыз. Бұзау, торпақ, өгіз, бұқа, сиыр, бәрін қосқанда жалпы саны 250-ден аса мал бар. Етін сатамыз. Ет комбинатына бордақылауға өткіземіз. Ақпанның соңында бұзаулай бастайды. Жыл сайын 75-80% төл аламыз. Еркек малды, жүдеген немесе кәрі малды сатып отырамыз. Етті ішкі нарыққа сатамыз, сыртқы нарыққа шыға қойған жоқ. Бірақ біздің біздегі ет экспортқа шығаруға жарайды», – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бүгінде шөп шабу науқаны аяқталған. Барлығы қысқа тас-түйін дайын. Қазір егін ору науқаны басталса керек.

«Жем-шөпті сатып алмаймыз, түгел өзіміз өндіреміз. Бір қысқа 200 тоннадан артық шөп дайындаймыз. Шөп сатпаймыз. 49 жылға алған жеріміз бар. Өткен жылдары конкурсқа қатысып, сол жерден 200 гектардай жер алдық. Шабындық, жайылым, егіндік жер бар. Мың гектардай егіндік жерге арпа, бидай, сұлы егеміз. Бидай-арпаның өзімізге керегін алып қалып, артылғанын сатамыз. Қазір егін орып жатырмыз. Орақ басталғалы он күннен асты. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты тоқтап қалдық. Жаңбыр жауып кетіп тұр. Астықты сақтайтын қамбамыз бар. Бірақ бидай дымқыл болса элеваторларға апарып өткіземіз. Бір тонна бидайдың бағасы 80-120 мыңның аралығында. Сортына қарай. Арпаның тоннасы 75-80 мың теңгеден», –  дейді Уәлихан Елтайұлы.

Бірақ шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруагердің айтары бар. Дәл қазір жұмысшы тапшылығы бұл аймақтағы басты мәселеге айналған.

«Ауыл кішкентай болған соң жұмыскер тапшылығы бар. Көрші ауылдан, көрші облыстардан келіп жұмыс істейді. Алыстан шақырып алдыртамыз. Ағайындарымыз көмектеседі. Көктемда егістік жұмыстары басталғанда жұмысшылар көбейеді. Күзде егін жинағанда да қосымша жұмыскерлер аламыз. Қыста малшылар ғана керек болады. Он бес шақты адам тұрақты жұмыс істейді», – дейді шаруагер.

Тэгтер:

жұмысшы мал шаруашылығы Ауыл шаруашылығы егін шаруа бидай еңбек адамы жұмысшы мамандықтар жылы Бұланды ауданы арпа орақ Уәлихан Елтайұлы сұлы шөп шабу