Шығарма құлазусыз тумайды – Асқар Алтай

Бүгін, 16:30 / Túrkistan Gazeti

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп, «Қаламгер ұстаханасы» атты жаңа жобаны қолға алғаны белгілі. SINTEZ театрында өткен кездесулерге зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, журналистер және жазушы шығармаларын сүйіп оқитын студенттер жиі қатысып келеді.  Жобаның кезекті қонағы белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтай «Құлазу – жан дүние мен шығармашылық кілті» атты тақырыпта лекция оқыды. Қаламгердің көпшілік алдында айтқан әңгімесін газет оқырмандарына ықшамдап ұсынып отырмыз.

Жоғалған жазбалар

Менің бүгінгі оқығалы отырған лек­ция тақырыбым – «Құлазу – жан дүние мен шығармашылық кілті». Не­ліктен «құлазу»? Жеті өнердің кез кел­генінде жүрген өнер адамдарының бар­лы­ғына тән қасиет. Тіпті, жалпы адамзатқа тән қасиет дер едім. Себебі бұл құлазусыз еш­қандай өнер тумақ емес. Адам неге құ­лазиды? Адам – жалғыздықтан құлазиды. Кез келген адам көптің ортасында жүрсе де жалғыздық кешеді. Ал шығармашыл адамдар өзінің шығармасының алдында – жалғыз. Менің шығармашылығымның өзегі де – осы. Менің қолыма алғаш қалам ал­ған кезім 1976 жылдан бастау алды. Алтын­шы сынып оқып жүрген кезімде сы­ныптас қыздарға өлең жазатынмын. 1978 жылы біз басқа ауылға, яғни Шірі­каяқ­қа көштік. Күршім ауданының екінші жағында еді. Менің «Альпинист» деген әңгімем бар, сол атақты Құзғынды, өр Алтайдың биігі жөнінде. Әкем сол ауылда жерленген. Сол мекенде менің алғаш про­залық шығармаларым туды. Соның бірі «Қызбейіт» деген әңгімем еді. Ол әңгім­ем­нің кезінде қолжазбасы жоғалып, бертінде Алмас деген інімнің үйіндегі ескі сандық­тың түбінен табылды. Өмірімде екі рет жаз­ған шығармам осы – «Қызбейіт». Жү­ре­гімді балалық шағымнан бері тербеген дүние болғандықтан, сол туындымды екін­ші рет жазып шықтым. Өзі шағын ғана әңгіме, менің «Казино», «Киллер Сауыс­қан» әңгімелер жинағыма еніп жүр­ген сол екінші нұсқасы. Ал енді бірінші нұс­­­­қасы 1978 жылы жазылған болатын. Кейін­нен қолжазба табылғанда байқап қара­сам, екеуінің айырмашылығы шамалы екен. Сол сюжет, сол суреттеулер. Әрине, 1978 бен 1984 жыл арасында айырма­шы­лық жоқ емес, бар. Арада алты жыл өткен. Мен ол кезде енді институтты бітірген ке­зім. Сондықтан сөз саптауымда ғана сәл өзгешеліктер болмаса, негізгі сюжет желісі біреу еді. Сол жетпіс тоғыздың көктемінде, әлі күнге дейін есімде, «Біз әлі кездесеміз» деген роман бастап, отыз беттен астам жа­зып едім. Алғашқы тараудың бірінші, екін­ші бөлімдері еді. Ол өзімнің клас­тастарым туралы болатын. Өкінішке қа­рай, біз Алматыға көштік те, сол кезде қол­жазба жоғалып кетті. Қайтадан қайтып қолыма алмадым. Мен өмірімде бірнеше рет қолжазба жоғалттым. Біреуі «Біз әлі кез­десеміз» деген балалық әсермен жаза­мын деген роман болса, екіншісі «Көз» де­ген әңгімем еді. Үшінші курс оқып жүр­ген кезде бір қыз балаға ғашық болдым. Атын айтпай-ақ қояйын. Ғажап сұлу қыз еді. Екеуміздің бір-бірімізге сезіміміз болды. Ол мектепте оқыды. Біз мектептерге практикадан өту үшін дәріс оқитынбыз. Мен Алматы мектебінің бірінде оған сабақ бер­дім. Сонда мен сол қыздың көзіне ға­шық болдым. Екінші ерекшелігі ернінің маңайында меңі болды. Осы екі ерекше сұлу­лығы маған «Көз» деген әңгіме жаз­ғыз­ды. Сол әңгімені Қайрат Әлімбеков сұрат­қасын «Жас Алашқа» қолжазбасын апа­рып бердім. Бауыржан Омаров, Қы­дыр­бек Рысбеков сынды жігіттер куә. Неге еке­нін білмедім, кейіннен сол әңгімем шық­пай қалды. Ал мен тек түпнұсқасын апа­рып бергенмін, көшірмесі жоқ еді. Сол әңгімем сол күйі жоғалды. Үшінші жо­ғалт­қа­ным және ең ауыр тигені – «Алтайдың алқызыл модағайы» еді. Ол кезде торкөз дәптерге жазатынмын. Өзі 96 бет болатын. Жол тастамай сол дәптерді толтырдым. Бұл шығармамның тең жартысы сол дәп­термен бірге жоғалды. Бұл былай болды. Қаржы министрлігінің «Қаржы-қаражат» журналында қазақтың аруақты жазушысы Әкім ағамызбен бірге қызмет істедім. Аға­мыздың орынбасары болдым. Мені тәр­биелеген адамдардың бірі – осы Әкім аға Тарази. Ол кісі өзінен кейінгі інілерге ғана емес, өзінен бұрынғыларға да тәрбиеші бола білген зиялы азамат еді. Ағадан көп нәр­сені үйрендім, әсіресе сабырлығын мең­гердім. Сонда қызмет істеп жүргенімде На­ғима деген хатшы қызға қолжазбамды теру­ге беріп, өзім іс-саапарға кеткен бо­латынмын. Келсем қыз менің қолжазбамды жо­ғалтыпты. Қатты налыдым, қиын бол­ды. Арада төрт-бес айдай уақыт өткенде таң алдында түсіме әкем кірді. Ол кезде жаңадан үйленген кезім. Үш бөлмелі үйде тұра­тынбыз. Түсімде әкем үйге кіріп тұр, бірақ жарты денесімен ғана қырынан кір­ді. Дүниеден өтіп кеткеннен соң солайша жар­ты қырынан көрініп тұр деп ойладым. Сон­да әкем: «Неге жатырсың, ана шаруаң­ды бітірмейсің бе?» деп қатулы көзбен қарап, бұрылып кетіп қалды. Оянып, жарыма жеті шелпек пісіртіп, жұмысқа кел­дім, мазам болмады. Жұмыстан сұранып кеттім. Үйге келіп ас ішіп алып, түс қайта романды жазуға отырдым. Бүкіл ро­ман есіме қайта оралды. Фотографиялық жад деген бар ғой, дәл сол секілді бұрынғы жазған жазбаларым түгел есіме орала бер­ді. Бір отырғанда романның кіріспе бө­лі­мін бітірдім. Түнгі сағат екіге дейін отыр­дым сонда. Осылайша, бір романды түгел қайта жазып шықтым. Міне, өмірімде үш түр­лі жоғалтуды бастан кештім. Осыдан кейін қолжзабамның түпнұсқасын емес, тек көшірмесін ғана беретін болдым. Жал­пы 2017 жылға дейін, «Таганка» деген әңгі­­меме дейін барлық шығармаларымды қол­мен жазатынмын. Кейіннен ком­пьютер­мен жазатын болдым. 

«Альпинист» пен «Қызыл бөлтірік» қалай жазылды?

Енді «Альпинист» деген әңгімем тура­лы айтайын. Күршім ауданында Құзғынды деген керемет шың бар. Басын қар-мұз басып жатқан, Мұзтау секілді, қас­қырдың азу тісі сықылды шың. Шың­ның басын тек барыс мекендейтін, адам ба­ласы шыға алмайтын сол шыңның ете­гінде Зәйтүн деген орманшы нағашымыз тұр­ды. Алтайдың Қаражал өңірінде, Қыз­бейіт жайлауының ар жағында Жүн­ді­қарағай, Бесқарағай дейтін жерлер бар. Ол жерде қарағайдың қалыңдығы сондай, жүн секілді бітесіп өседі. Ит тұмсығы бат­пай­тын ормандарды сонда көрдім. Мұн­дай орманға аю кіре алмайды. Сонда сол Жүндіқарағайда отырған кезімізде Зәйтүн ақсақал көк ат мініп келді. Қасында бір-екі жігіт бар. Көк аттың сауырын жауып, құй­ры­ғы шұбатылып барыстың терісі жатты. Сол жолы барыс терісін алғаш көрдім. Со­сын әкеме: «Әке, барысты көргім келеді, ма­ған көрсетші» деп әкеме қолқа салдым. «Барысты көргің келсе, нағашың отыр», деп Зәйтүн ағамды нұсқады. Сонда ағамыз: «Ойпыр-ай, сен шынымен барысты көргің келе ме?» деп нақтылап сұрады. «Иә, шын көргім келеді» дедім. «Онда алып барамын, күзге қарай қыркүйек туғанда Құзғындыға барамыз» деді. Күзде атпен Құзғындыға бар­дық. Сол кезде тірі барысты дүрбімен көр­дім. Ал кейін 1978 жылы қара күзде Сарытауда, Марқакөлдің үстінде жылқы түсетін кезде екінші рет жақыннан көрдім барысты. Міне, сол бала кезден көрген-біл­генімнің бәрі менің шығармашылығыма көп әсер етті. Кейіннен туған жерім түсіме кіретін болды. Сол Әкім ағамен жұмыс іс­теп жүрген кезімде бір қызық жағдай бол­ды. Түсіме Құзғынды кірді. Оянсам ұлым: «Құзғынды құздары, қарағай ұл­дары, қайыңдай қыздары» деп жүгіріп жүр екен. Сөйтсем, ауылдан бір азамат келген екен. Аты есіме түспей тұр. Сол осылай өлең жазып, ұлыма үйретіпті. Сол сәт ерек­­ше әсер етті. Содан отыра салып «Аль­пи­нист» атты әңгіме жазуға кірістім. Кө­лемі шағын болғанымен бес-алты күн оты­рып жаздым. Кейін Сайлау деген жігіт: «Асеке, «Альпинистті» қайта-қайта оқи­мын. Басқа шығараларыңыз бір төбе бол­са, мен үшін «Альпинист» бір төбе. Мен өзім журналист болғандықтан, альпинис­тер­дің тағдырына қатысты көп нәрсе оқы­дым. Бірақ сіз альпинист болмасаңыз да қалайша альпинист тағдырын дәлме-дәл суреттедіңіз?» деп сұрады. Мен: «Құз­ғын­дыға ерекше сағыныш осылай жаз­дырды», – дедім. Жазуыма Мақсұт Жұмаев деген Оралдың жігіті де себеп болды. Қазақ­тың кәсіби альпинистер қоғамының бас­шысы қазір. Жарым «Қайнар» уни­вер­ситетінде жұмыс істеп жүрген кезінде «қа­зақ тілін үйренем» деп лекция тың­дап­ты. Жарым бұл жігіт туралы үйге айтып кел­ді. Бауыржан Омаров «Хабар» агент­тігінде істеп жүрген кезі болса керек, сол жігіттен сұхбат алды. Соның сұхбатын тың­­дадым. Сол маған қатты әсер етті. «Аль­­пинист» солай туды. Кейде шығарма­лар осылай да туып жатады. 
Ал «Қызыл бөлтірік» бар-жоғы жиырма бір жасымда жазылған повесть. Сіздерге өті­рік, маған шын, 15 күнде жазылды. Өйт­кені жүрегімді тербеген дүние еді. Өзім бала кезімнен бөлтірік ауладым. Қас­қырдың апанына талай түсіп, бөлтіріктерді алып шығып, бір тірсегін ғана қиып қалдырып кетуші едік. Қауқай, Нұрғали, Буратай деген күйші әрі аңшы аталарымыз болды, солармен бірге еріп жүрдім. Бұл үшін­ші сыныпты бітірген кезім еді. Сон­дық­тан да табиғатқа, аңға, аңшылыққа байланысты нәрселер менің санамды жиі қозғайды. Меніңше, балалық шақтағы әсер жазушы үшін мәңгілік сусынын қандыра­тын суаты сияқты. Әсіресе, үлкен дүние­лер, мысалы роман жазар кезде бұл дү­ниелер адамға ерекше әсер етеді. Мысалы, «Түсік», «Кентавр» деген әңгімем кішкентай бір детальден ғана туындап кетті. Ал енді үлкен шығармалар тудырар кезде, айта­лық, роман жазар кезде адамның ішкі бол­мысы қатты рөл ойнайды. Ішкі бол­мысың қаншалықты қуатты, қаншалықты терең болса, жазар дүниең де сондай бол­мақ. Алтай балладасы – «Алтайдың ал­қы­зыл модағайын» отыз жасымда жаздым. Кейін айналып қайта жазуға тура келді. Сонда сол шығармада менің бала кезден келе жатқан ішкі болмысым, жан-рухым сурет­теледі. Соңғы жазған романым – «Был­ғары табыт» та солай. «Қаладағы құт­пандар», «Қарабура» секілді дүниелерім жалт еткен сәттен туындап кетті десем бо­ла­ды. «Қарабурадағы» Ескендір деген шал­ды мен өз көзіммен көрдім. Соңғы түйе­сі – бурасы болған адам еді. Соның бура­сын көрдім. Содан туған шығарма еді. «Қа­ладағы құтпандар» «Жұлдыз» журна­лында істеп жүрген кезімде, 90-жылдары көк­темде жазылды. Алматыдағы Саяхат ав­тобекетінде жүрген кезімде бекет маңын­дағы аллеяда бес ит бір-бірін қуа­лап, ойнақ салып жүрді. Соған ұзақ қарап отырып қалдым. Сол шығармам солай туған еді. 

Үлкен шығармаларға үлкен дайындық керек

Жаңа үлкен шығармалар, роман деп қалдық қой. Енді осы тақы­рып­қа келсек. Роман жазуға келген кезде, қалай болғанда да тәжірибе бірінші орын­ға шығады. Мысалы, адам жастай бірден роман жазуы мүмкін. Бірақ тәжірибе жетіс­пегендіктен роман олпы-солпы, әлсіз жақ­тары көп болуы мүмкін. Сондықтан да кез келген жазушы алғашында әңгімеден, повесттен бастап, кейін үлкен романға ке­леді. Жалпы, нағыз жазушылар, орыс жазу­шыларын, әлем жазушыларын қара­саңыз да, тіпті әңгіме жазумен аты шыққан Ги де Мопассанның «Өмір» романын немесе «Пушка» повесін қарасаңыз да, ол да солай келген. Бірден жазбаған, бірден жаз­ған бірен-саран жазушы бар. Мысалы, Ми­хаил Шолохов деген орыстың ұлы жазушысы. Енді ол казак деп айтылады. Орыс­тың жазушысы атанып кетті. Сол мыса­лы «Тынық Донды» жиырма бір жасы­нан бастап жазған дейді. Десе де, «Тынық Дон» секілді дүниені қайтадан тудыра алмаған. Ол өзі Дон бойындағы соғыстарға қатысқан адам. Большевизм мен оның алдындағы патша үкіметі кезін­дегі жағдайды өте жақсы білген. Өзі бастан кешкен. Оның атақты «Қал» деген әңгі­месін білесіздер. Сондықтан да Шолохов «Тынық Донға» дайындықпен келген. «Севастопольские рассказын» Толстой қалай жазса, «Донские рассказын» Шо­лохов цикльдерін жазып барып, «Тынық Донға» келген адам. Оның романға келуге дейінгі үлкен тәжірибесі болды және оның алдында үлкен орыс мектебі тұрды. Ал енді біздің қазіргі жазушылардың алдында үлкен мектеп тұр. Бүкіл қазақ әдебиеті тұр. Егер тереңдеп оқыса, қалай жазу керек екенін біледі. Университеттерде қазақ әде­биеті үстірт беріледі. Шығармашылықтың ішкі лабораториясына кіре алмайды. Мысалы, Горький атындағы Әдебиет инс­титутында біз оқыған жоқпыз. Бірақ оқып келген жігіттердің айтуына қарағанда, сол жер­дегі профессорлар лекциямен ғана шек­теліп қалмайды. Олар жазушының же­ке лабораториясындағы жағдайларға да кеңірек тоқталады. Кез келген көркем шы­ғармада кейіпкер, кейіпкердің бол­мысы деген болады. Кейіпкердің болмысы жазушының болмысына қатысты дүние емес. Негізінен, осыны шатастырмау керек. Бізде көп нәрсе осыны шатастырудан туады. Мысалы, аю туралы жазып отырған сәтте сіз аюдың болмысына кіріп кетесіз. Жазушы оны өзі де білмей қалады. Оны саналы емес, бейсаналы түрде жасайды. Санаңның бір түпкірлерінде бірнәрсе оя­нып кетеді. Түйсікпен келеді. Бірде Қали­хан Ысқақ ағам менің романымды бірінші журналда шыққан кезінде оқыған ғой. Кейін «Сенің ана романың шықты ғой, кіта­быңды берші», деді. Бердім. Содан кейін бір жолы хабарласып үйіне ша­қырды. Бардым. Әңгімелесіп отырған кез­де: «Асқар, мен ғұмыр бойы осындай ро­ман армандап едім. Алтайдың осылай табиғатымен қоса жан-жануардың, адам­ның болмысын, ішкі жан дүниесін бере­тін­дей романды армандадым. Сен мына аю­дың психологиясына дендей еніпсің, аю тақырыбына қалай бардың?», – деді. Мен: «Аға, аңшы болдым. Жалпы, аюды жиыр­ма, отыз метр жерден көрген кез­дерім болды», дедім. Бала кезімнен аң, құс­тың арасында өстім. Қалағаның байқап отыр­ғаны шындық. Қаламгер мына жайды жа­зайын деп жазбайды, жазып отырған кезде сіз соны сезінбей де қаласыз. «Бол­мы­сына кіру керек» деп отырғаным сол. Сондықтан да жаңағы кейіпкер болмысы, автор болмысы деген екеуінде бір табиғи ғарыштық байланыс болса керек. Әсіресе, қолына қалам алған адам шығармашылық мәселесіне келген кезде жазамын деген дү­ниені бүге-шігесіне дейін өзінің ішкі жан дүниесінен, сана сүзгісінен, жүрегінен өткізу керек. Сондай жағдайда ғана туын­ды табиғи, ешқандай күмәнсіз шығады деп ойлаймын. 
Мен жалпы өз жүрегімнен өтпеген дүниелерге қалам сілтеп те әуре болмаймын. Өмірімде бір-ақ рет бір тап­сырыспен жазылған әңгімем болды. «Тү­сік» деген әңгіме. Жұртқа, әсіресе мына жас­тарға ұнап жүр. Кейбір үлкен ағалары­мызға ұнамай да қалды. Нұртөре Жүсіптің «Жас Алашқа» Бас редактор болып келе қал­ған кезі еді. Маған хабарласты. «Асеке, сен қазір жұмыстың бәрін таста. Таңертең біздің қолымызға біз айтқан тақырыпта әңгіме жазып алып келесің» деді. «Нұреке, мен ондай адам емеспін ғой. Журналист деп ойлайсың-ау» деп бас тарттым. Сол кез­де Нұрекең: «Асеке, мен өтініп сұрап тұр­мын. Өйткені үш адамды белгіледік, үлкен, орта және жас буыннан» деді. Ол кезде менің жас кезім. «Сені жас буыннан белгілеп отырмыз. Бір бет жазсаң да, әкеп берші бізге», – деді. Содан мен түнімен осы «Түсік» деген әңгіме жазып шықтым. Ал­дыңғы екі буыннан Қалихан Ысқақ ағам мен Жанат Ахмади деген жазушы таң­далған екен. Екеуі де марқұм болып кетті ғой. Сол кезде үшіншісі мен болыппын. Сөй­тіп, «Жас Алаш» газетінде үшеуін де жа­риялады. «Түсік» деген әңгіме солай туып еді.


Әзірлеген
Наурызбек САРША