Атын естігенде-ақ шығармашылығы бірден есіңе түсетін таланттар болады. Олардың атағын тізбелемей-ақ кім екенін білесің. Дәстүрлі әнші, Маңғыстау әндерінің насихатшысы, күміс көмей, жез таңдай өнерпаз, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, ұстаз, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова – сондай танымал тұлғалардың бірі. Біз ел таныған әншімен оның өнердегі жолы, ізденістері, ұлттық өнерімізді дамыту жолында еткен еңбектері жайында әңгімелескен едік.
– Ән айтуды қай кезден бастадыңыз? Сіз өскен ортада өнерді бағалау қалай еді? Ел ішіндегі, сондай-ақ қазаққа белгілі қандай өнерпаздарды тыңдап өстіңіз?
– Мен туып-өскен орта – 362 әулиелі, қасиетті Маңғыстау өлкесі. Ол өлкеде қазақ өнерінде өшпес із қалдырған бес жүйрік – Абыл Тілеуұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы, Аралбай Оңғарбекұлы секілді күйші, ақын-жыраулар, «Адайдың жеті қайқысы» атанып кеткен Өскінбай, Жылгелді, Әділ, Досат, Тастемір, Шолтаман секілді әнші-композиторлар өткен. Олардың әндері халық арасына кең тараған, біраз туындылары ел арасындағы өнерпаздар арқылы осы заманға жеткен, кейбірінің әндерін А.Затаевич нотаға түсіріп, «Қазақ халқының 1000 әні» (Орынбор, 1925) атты жинағына енгізген.
Сол сияқты, Маңғыстауда бұлардан өзге небір таңды таңға ұрып жырлаған жыраулар, даусы алты қырдан асқан әншілер, домбыраны сөйлеткен дүлдүл күйшілер өткен. Осындай өнер мерейін асырған өлкеде туып, соның ауасын жұтып, суын ішіп, жасынан өнердің сырына қанығып өскен баланың ән-күйге, терме-жырға әуес болып өсуі заңды деп ойлаймын. Сондықтан мен өскен жер – ұлттық музыканың қайнары деп айтсам артық болмас.
Сондай ортаның тәлімін алып өскендердің арасында әнші, күйші болуды армандамайтын адамның өзі аз болатын шығар. Мен де соның бірімін.
Кішкентай кезімнен өнерге құмар болып, ән айтып өстім. Төңірегімде ән салмайтын адамның өзі аз еді, әнге қызығуыма анамның, апа-жеңгелерімнің көп әсері болды. Олар той-томалақта, отырыстарда ән шырқайтын, соларға қосылып мен де айтатынмын. Сөйтіп, жастайымнан халықтық өнердің дәмін таттым. Өсе келе әлгі қайқылардың әндерін Ізбасар Шыртанов, Күріш Тасболатов ағаларымнан тыңдап, ойға сіңірдім. Солардың тәлімі арқылы бабаларымыздан қалған мұраның тұнығынан қанып іштім. Рухия Батыршиева, Роза Айдарбаева апаларымнан күй үйрендім, ән үйрендім.
Сосын, бала кезде радио мен теледидардан көріп, тыңдаған қазақтың белгілі әншілерінің бәріне де ұқсағымыз келетін. Соның ішінде Қазақстанның халық әртісі, қазақтың ерке қызы – Мақпал Жүнісова апамызға еліктеп ән салатынбыз.
Ең алғаш көптің алдына шығып өнер көрсеткенім – Наурыз мерекесінде еді. Сол кезде ауылда үлкен сахна құрылып, сонда Мақпал апаның репертуарындағы әннің бірін айтып, өнердегі тұсауым кесілген еді.
Өмірімді өнер жолына арнауға бел байлағандықтан кәсіби білім алу жолына түсіп, Жетібайдағы балалар музыкалық мектебінде, Ақтаудағы өнер мектебінде тәлім алдым, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік консерваториясының халық әндері класын, соңынан консерваторияның аспирантурасын бітірдім.
Еңбек жолыма келсек, алғашқы қадамымды Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында әнші болып бастадым. Сосын Қазақстан Республикасы Президент оркестрінде жеке әнші болып қызмет еттім. Одан кейін төрт жылдай уақыт Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқытушы болып істеп, 2000 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Халық әндері кафедрасында Батыс Қазақстан әншілік мектебі, Маңғыстау әндері бойынша ұстаздық етіп келемін.
– Сіз кәсіби әншісіз. Әншілік өнеріңізбен халыққа танылдыңыз. Қазір ұстаздық қызметтесіз. Ән салуға жаралған адамның оқу орнында ұстаздық етуі уақытын алып, жеке шығармашылығына кедергі келтірмей ме?
– 21 жасымнан бері ұстаздық қызметтемін. Шәкірт тәрбиелеп келе жатқаныма отыз жылдай уақыт болды. Әнші бола жүріп ұстаздық жасаудың қиындығы да, қызығы да мол.
Әрине, әншіге таза шығармашылық бағытта еңбек етудің жөні бөлек, бірақ ұстаздық ете жүріп те әншілікті өз деңгейінде алып жүруге болады, оған адамның қабілеті мен төзімі, тынымсыз ізденісі қажет. Мен сол үддеден шықтым деп ойлаймын. Қазірге дейінгі өмірімнің көп бөлігі ұстаздыққа арналса да, жұрт мені ең алдымен әнші ретінде таниды.
Әнші болып, тек ән айтып, өз шығармашылығын дамытып жүре берудің артықшылығы бар шығар, десе де, әнші халқының өнеріне жанашыр болса, өз білгенін, тәжірибесін өзгелерге үйретсе, бабалардан жеткен асыл қазынаны кейінгі жастардың бойына сіңіруге еңбек етсе, оның пайдасы мол. Сондықтан мен өзімнің ұстаздық қызметіме ризамын. Қаншама шәкірттер тәрбиеледім, соларға ән үйреттім, олар бізден алған тәлімді әрі қарай тереңдетіп, мықты әнші болып жатыр. Талантты шәкірттерімді көргенде соларға арнаған уақытымыздың жемісін беріп жатқанына қуанып, көңіліміз өседі, халқымның өнерін өркендетуге үлес қосқаныма марқаямын.
– Домбырамен қатар эстрадамен де ән саласыз. Бұл өзіңізді өзге мәнерде сынап көру ме, әлде қазіргі дәстүрлі бағыттағы әндерді тыңдай бермейтін көпшіліктің талабымен санасу ма?
– Әнші, мүмкіндігінше, өз қабілетін түрлі жанрда сынап көргені дұрыс. Менің эстрадалық жанрда ән айтуым, біріншіден, өзімді сынап көру болса, екіншіден, қазіргі заман талабына жауап беру, тыңдарманның сұранысына сай әндерді де орындау.
Жалпы, ұлттық дәстүрлі өнер өкілдері эстрадалық жанрда ән салса, оған халықтық музыканың бояуын қосып, өзгеше түрлендіру әкелетіні анық деп ойлаймын.
– Қазақ өнеріндегі Батыс ән мектебі стиліндегі ән-күйлер ырғағының тездігімен ерекшеленеді. Содан болар, өткен ғасырдың 90-жылдарында ұлттық негізге сүйене дамыған қазақ эстрадасында батыс әндері мен күйлері, термелері кең тарады. Кейінгі кезде ол үрдіс сиреп кеткендей ме, бұған не айтасыз?
– Иә, қазақ өнерінің Батыс өлкесінің ән-күйлері эстрадада жүрген өнерпаздардың орындауында түрленіп, жаңа бағытта дамыды. Ол да бір жұрттың назарын аударған, көптің көңілінен шыққан ізденіс болды. Дегенмен Батыс мектебінің әндері әлі де сұраныста деп айта аламын.
Жалпы, қазақтың дәстүрлі өнеріндегі бес әншілік мектебінің әрқайсысы өзінің ырғағы, әуені, мазмұны жағынан ерекшеленіп тұратын, бір-бірін толықтырып тұратын ғажайып өнер. Ал өзім насихаттап жүрген Батыс әндері жайлы айтатын болсам, ол бүгінге дейін тыңдармандарына рух, жігер беретін өнер болып танылып келді, болашақта да солай бола береді деп сенем.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында Құрманғазының, Қазанғаптың, еліміздің Батыс өлкелерінен шыққан өзге де ұлы тұлғалардың күйлері жаңаша әрлеумен орындалып, маңғыстаулық Сүгір жыраудың «Ауылға Сүгір келді деп» дейтін термесі, Сыр бойынан шыққан Нұртуған ақынның «Кәнеки, тілім, сөйлеші» термесі, т.б. халық композиторларының туындылары эстрадалық стильде шырқалып, жаңа бір бағытта жарқырап көрінді. Ондай ізденістер қазір де бар.
Бізде опера болсын, балет болсын, драма театрлары болсын – қай қайсысы да алғаш пайда болып, қалыптаса бастағанда репертуарын халықтық шығармалардан бастаған ғой, жаңа дәуірде жолын бастаған қазақ эстрадасында да сол құбылыс жүз берді. Ол заманауи жанрды халыққа жақындата түсті деп санаймын.
Ал бүгінде эстрадада түрлі бағыттар пайда болып, сол бағыттардың өз әншілері, өз тыңдармандары қалыптасты. Сонымен бірге қазір де қазақы нақышта ән салатын, ұлттық өнердің тұнығынан нәр алған эстрада әншілері көп.
– Жасыратыны жоқ, бір кезде әйгілі әнші-педагог Ғарифолла Құрманғалиевтің класынан даусы өткір, ырғағы тез болып келетін көптеген әнші шықты. Сіз де сол мектептің өкілісіз. Бірақ кейінгі кезде дәстүрлі ән мектебінен шыққан жас әншілер арасынан сіз секілді биік дауысты аз кездестіреміз. Эстрада әншілерінің арасында дауысын шыңдап, арнайы мамандарға дауыс қойдыратындары аз. Дауысы төмен, қабілеті орташа адамдар сахнаға шығып кете берсе өнерге обал емес пе?
– Қазақ ән өнерінің алыптарының бірі Ғарифолла Құрманғалиев атамыз кезінде атағы шартарапқа жайылған әнші болды, көп шәкірт тәрбиеледі. Батыс ән мектебінің атын шығарып, атағын аспандатты. Оның ырғақ жиілігі жоғары стильмен ән шырқайтын өткір дауысы қайталанбас құбылыс болып қалды. Мен ол кісінің көзін көріп, өзінен сабақ алмасам да ұстазым деп санаймын. Өйткені ол Батыс ән мектебін жоғары кәсіби деңгейге көтерді, өзінен кейінгілердің бәріне бірегей ғажап үлгі болды.
Ғарифолла атамыздың мәнерімен ән салатын жастар қазір де бар, тек өкініштісі, соларды жұртқа көрсетуге мүмкіндігіміз аз болып тұр. Бұрын Ұлттық арнада, біз енді шығып келе жатқанда дәстүрлі өнерді – халықтық ән-күйлерді насихаттайтын бағдарламалар болатын, қазір халықтың өнерді насихаттайтын ондай бағдарламалар болмағандықтан ел дәстүрлі өнерде қандай талантты жастар шығып жатқанын біле бермейді. Біз ұлттық дәстүрлі ән-күйлерді оқытатын өнер ордасында сабақ беріп жүрген соң шәкірттеріміздің арасында қандай талантты жастардың барын білеміз, бірақ олардың өнерін көрсетуге теледидарда, радиода мүмкіндік тым аз болғандықтан, жұртқа таныта алмай жатырмыз. Әрине, еліміздің әр өңірінде халық ән-күйлеріне, жыр-термелеріне арналған конкурстар өтіп жатыр, бірақ оның бәрі белгілі бір кезеңде тез өтіп кететіндіктен, оған біздің шәкірттеріміздің бәрі бірдей қатыса алмайды. Оның үстіне ондай ән додалары жеткілікті насихатталмағандықтан жұрт баяғы әншілер секілді дауысы кең, дәстүрлі әндерді нәшіне келтіре орындайтын жастар аз деп ойлайтыны анық. Сосын әртүрлі ән мектептерінің өкілдеріне арналған ән сайыстары бөлек-бөлек өтеді, яғни Арқа әндері конкурсына Арқа мектебінің әншілері, Батыс әндері конкурсына батыстық мәнердегі әншілер қатысады. Бұл, меніңше, алуан түрлі қазақ ән өнерінің шектелуіне әкелетін сияқты. Негізінде, әншілерге арналған конкурстар мектептерге бөлінбей, Батыс әншісі Арқада өтіп жатқан конкурсқа, Арқа әншісі Батыс өлкесінде өтіп жатқан конкурсқа қатысып, олардың бағасы белгілі бір мектептің өкілі болғанына қарай емес, ән орындау шеберлігіне байланысты берілсе дұрыс болар еді.
Біздің оқу үрдісінде шәкірттерге қазақтың барлық ән мектебін қамту жолға қойылған. Сондықтан олар қазақ өнеріндегі барлық ән мектептерінің мәнерін игеріп шығады.
Ал эстрададағы әншілерге келсек, кімнің қалай ән салып жатқанын, қайсысының дауысы қалай екенін, шеберлігінің қандай екенін біз айтпай-ақ елдің өзі біледі деп ойлаймын. Көп болған соң ішінде аласы да, құласы да болады. Оған ерекше назар аударып, ананың пәлендей дауысы жоқ болса да жылтыңдап жиі көрінеді, мынаның әні жеңіл болса да көп тыңдалады деп уайым шегудің қажеті жоқ. Бәрін уақыт саралайды. Күндердің күнінде мықтылары сараланып елдің есінде қалады да, әлсіздері өзінен-өзі ұмыт болады.
Өнерді шоуға айналдырып жіберудің керек жері де, қажетсіз жері де бар. Шоу арқылы жұрттың назарын өзіне бұруға болар, бірақ ол таланттарды танытуға, қазақ елінде қазақтың төл өнерін баса насихаттауға мән берілмесе пайдасы аз болуы мүмкін.
Технологияның дамыған заманында барлық ел өзгенің ықыласын өзіне тартуға құлшынып жатыр, насихатты да күшті жасайды. Бұл жағдайда біз де қарап отырмауымыз керек. Біздегі домбыраның, домбырашылардың насихаты күшті болғандықтан шығар, қазір шетелде домбыра үйреніп, күй тартып жүргендер, қазақша ән салып жатқандар жиі көрініп жатыр. Демек, таланттарымызды жарқыратып көрсете білсек, біз де әлем елдерінің арасынан өз тыңдармандарымызды таба аламыз.
– Маңғыстау әндері сіздің орындауыңызда бүкіл қазаққа кең таралды дей аламыз. Сол әндердің қазіргі кездегі насихаты қай деңгейде?
– Маңғыстау – қазақтың батыс өлкесіне жататын аумақ болғанымен, батыс музыка мәдениетінде өзіндік ерекшелікке ие. Әуен-сазында, ән салу мәнерінде, күй тарту стилінде өз ерекшелігі, жолы, тарихы бар.
1991 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түсер кезімде таза Маңғыстау әндерімен келген болатынмын. Сол кезден бастап Маңғыстау әндері осы ортаға келе бастады десем, мақтанғандық болмас деп ойлаймын. Қай нәрсені әйтеуір түбінде біреу бастайды ғой, менің тағдырыма Маңғыстау әндерін жалпы қазаққа таныту ісі жазылған сияқты.
Қазір Маңғыстау әндері танылып, құлашын кеңге жайып келе жатыр. Өйткені бүгінде Маңғыстау әндерін зерттеп жүрген Ақылбек Өтешов секілді азаматтар бар, ол әндерді өз репертуарына қосып жатқан әншілер де аз емес. Маңғыстау әндерінің зерттеушілері бізге ел арасынан табылған әндерді тауып, мәтіндерін толықтырып жіберіп жатыр, біз сол әндерді шәкірттерімізге үйретіп, бұл мектептің ән қоржынын молайтып жатырмыз.
– Сізге «Қазақстанның халық әртісі» атағы талантыңыз толысқан шағыңызда берілді, ел де сондай дәрежеге лайық деп қуанып жатыр.
Атақ мәселесі туралы да айта кетсеңіз, елімізде өнерпаздардың талантын, еңбегін бағалау қалай деп ойлайсыз? Ел ішінде ананың еңбегі бағаланбай қалды, мынаның таланты лайықты бағасын алмай қалды деген сияқты әңгімелер көп айтылады ғой!
– Кім болса да өз саласының жоғары деңгейлі маманы болуға ұмтылуы табиғи жағдай ғой. «Генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес» деген тәмсіл мәні сол болса керек.
«Қазақстанның халық әртісі» атану – мен үшін үлкен мәртебе, абырой. Бұл – менің өнеріме халқымыздың бағасы деп білем. Оған жай қуанып қоймай, үлкен ризашылығымды білдіремін. Ол марапат маған бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік артты деп ұғамын. Өнеріңді, еңбегіңді халқың мен мемлекетің жоғары дәрежеде бағаласа, одан артық қандай бақыт бар!
Атақ деген біреуге ерте, біреуге кеш бұйыратын несібе. Дегенмен халық таныған өнерпаз мемлекет тарапынан дер кезінде бағаланғаны жақсы. Әркімнің маңдайына жазылған әртүрлі тағдыр бар, біреу ерте бастап кеш танылып жатады, біреулер бірден жарқырай көрініп, тез көзге түсіп, елдің ілтипатына, халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Кей-кейде лайықты таланттардың бағаланбай, өз бағасын ала алмай жататын жайттар да болады. Солай да болса, атақ, сыйлық дегендер өнер адамдары үшін қажетті нәрсенің бірі болғанымен, атақсыз-ақ халқының жүрегінде қалған тұлғалар аз емес. Біздің ұлы күйшілеріміз, ұлы әнші-композиторларымыз атақсыз-ақ даңқты емес пе? Мәселен, Құрманғазының күйші деген атағына жететін қандай марапат бар? Ақан сері, Біржан сал десек оның кім екенін бәрі бірден біледі, қандай атағы бар, ешкім сұрап жатпайды. Сондықтан әр талантты өнерпаз тынбай ізденіп, өнерін өрлете түссе, оның атының өзі брендке айналады.
Ұлттың ұлылығы өнерінен ерекше танылып тұрады. Қазақ музыкасын әлемнің ешбір елінің музыкасымен шатастырмайсың. Қазақтың әні мен күйі, жыры мен термесі – бүкіл ұлтты тәрбиелеген құдіретті өнер. Онда ерекше саз да, бөлекше сөз де бар, даналық та, тарих та сонда. Сол үшін қазақ баласы өз ұрпағын кішкене кезінен ұлтының музыкасымен тәрбиелесе, ол рухы таза, жаны нұрлы болып өседі.
Құдайға шүкір, қазір кеңестік кездегідей ұлттық өнерге қырын қараушылық жоқ. Тыңдаймын деген адамға ән мен күй интернет жүйесінде толып тұр. Бір кезде тәуір домбыра табу қиын болса, қазір домбыра, қобыз жасайтын шеберхана көп, өз талғамыңа сай келетін музыка аспабын арнайы тапсырыспен жасатып алудың түк қиындығы жоқ.
Бүгінгі жастардың ішінде ұлттық дәстүрлі музыкаға қызығатын жастар қаулап өсіп келеді. Иығына домбырасын іліп алып, музыкалық мектептерден, үйірмелерден топ-топ болып шығып келе жатқан немесе соған бара жатқан оқушы ұл-қыздарды көрсем қатты қуанам. Олар біздің болашағымыз ғой. Олардың бәрі музыкант болып кетпесе де, өнерді түсінетін, өз ұлтының музыкасын жанымен қабылдайтын азаматтар болып жетіледі. Бұл – қазақ өнерінің өлмейтінінің, болашаққа да ұрпақпен бірге жете беретінінің дәлелі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ