Әлем елдерінің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін бағалағанда, демографиялық көрсеткіштің шешуші маңызы бар екені айқын көрінеді. Халық саны артқан мемлекеттер – жас, еңбекке бейім, нарығы кең елдер саналады. Ал керісінше, халық азайып, қартаюға бет алған елдер экономикалық өсімді көбіне миграция есебінен ғана сақтап отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында демографиялық мәселеге арнайы тоқталып, осы салаға жауапты ведомство құрылатынын жариялады.
Халық өсімі – стратегиялық ресурс
Бұған дейін елімізде демографиялық саясатқа Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жауап беріп келген-ді. Енді Президентке тікелей бағынышты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылады.
Бұл қадамның астарында халық санының өсімі мен қозғалысын, еңбек нарығындағы өзгерісті терең зерттеп, Үкіметке дер кезінде ғылыми негізі бар ұсыныстар беру қажеттілігі жатыр. Мұндай дерексіз әлеуметтік-экономикалық саясатты жоспарлау мүмкін емес. Мәселен, елдің саяси орталығы – Астананың өзінде демографиялық өсім мен ішкі көші-қон инфрақұрылымға үлкен қысым түсірді. Бүгінде мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығы сезіліп, емханаларда ұзын-сонар кезек қалыптасты. Үш ауысымды мектептердің пайда болуы – осының айқын дәлелі.
Қазір елде бала туу коэффициенті 3,0 деңгейінде сақталып келеді. Алайда бұл көрсеткіштің негізін 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында дүниеге келген әйелдер қамтамасыз етуде. Ал 2000-2005 жылдардан кейін туған жас аналардың көпбалалы болуға қаншалықты дайын екені – уақыттың еншісіндегі сұрақ.
Бұл сөзімізді әлеуметтанушы Айнұр Анарбекова қуаттап: «Қазақстандағы жастардың отбасылық құндылыққа деген көзқарасы өзгеруде. Бүгінгі жас буын көбіне екі баламен шектелуді қалыпты санайды», – деді.
Жалпы, халық санының табиғи түрде сақталуы үшін ең төменгі деңгей – бір әйелге шаққанда кемі 2,1 бала туу. Себебі бір
бала – ата-ананы алмастырады, екінші
бала – халықтың сақталуына ықпал етеді, «0,1» қосымша – нәресте өлім-жітімі, бедеулік өзге де факторды жабу үшін есептеледі. Егер туу коэффициенті осы деңгейден төмен түссе, халықтың қартаюы мен азаюы басталады.
Мәселен, Еуропа елдерінде қазіргі көрсеткіш 1,2-1,6 деңгейінде. Соның салдарынан қарттар үлесі артып, еңбекке қабілетті адамдардың саны азаюда. Италияда 2004 жылы 58 миллион халық болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 59 миллионға жетті. Жиырма жылдағы өсім – бар-жоғы 1 миллион. Бала туу коэффициенті – 1,2. Осыдан жиырма жыл бұрын орташа жас 42 болса, бүгінде 47-ге көтерілді. Осы жылдары Испания 4 миллионға көбейгенімен, туу коэффициенті 1,3 деңгейінде. Германияда бұл көрсеткіш 1,5, орташа жас – 45-46. Қазір Еуропа елдері халық өсімін негізінен Африка мен Таяу Шығыстан келген миграциялық ағым есебінен қамтамасыз етіп отыр.
Бұл проблема Азияға да тән. Әлем бойынша туу деңгейі ең төмен ел – Оңтүстік Корея. 2004 жылы мұнда 48 миллион халық болса, 2024 жылы 51 миллионға жетті. Бірақ осы аралықта туу коэффициенті 1,2-ден 0,7-ге төмендеді. Орташа жас 35-тен 44-ке ұлғайды.
Жапония мен Қытай да қартаю үдерісі жылдам жүріп жатқан елдер қатарына кіреді. Жапония билігі «Жаңа туғандарға ұлттық инвестиция» бағдарламасын қабылдап, 2030 жылға қарай туу коэффициентін 1,6-1,7-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Қытай «Бір бала» саясатын жойып, туу көрсеткішін көтеруді ұлттық стратегия деңгейіне шығарды. Мақсат – 2035 жылға қарай халықтың қартаюын баяулату және еңбек ресурсын жеткілікті деңгейде сақтау.
Дамудың діңгегі
Мемлекеттің ұзақмерзімді даму стратегиясы ең алдымен демографиялық үдерістерді жан-жақты және дәл есепке алудан басталатыны даусыз. Бүгінде демография – тек әлеуметтік көрсеткіш қана емес, елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы.
Соңғы жиырма жылда әлемде жаңа геосаяси шындық қалыптасты. Оның басты белгісі – халық санының қарқынды өсуі. Ресми статистикаға сүйенсек, 2005 жылдан бері Үндістан халқы 290 миллионға, Нигерия – 89 миллионға, Пәкістан – 85 миллионға артты. Эфиопия, Египет, Филиппин және Бангладеште демографиялық тұрғыда айтарлықтай өсім байқалды.
Әлемдік сарапшылардың пікірінше, бүгінде халқы 174 миллионнан асқан Бангладеш алдағы онжылдықта қарқынды дамушы елдердің қатарына қосылады. Бұл – адам капиталының ұлттық дамудағы шешуші рөлін дәлелдейтін айқын мысал.
ХХІ ғасырда адам капиталы – жаңа дәуірдің басты байлығы саналады. Демографиялық өсімнің экономикаға ықпалы нақты.
Біріншіден, жұмыс күші көбейеді. Халық саны артқан сайын еңбекке қабілетті жастардың үлесі өсіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласында жаңа мүмкіндік ашылады.
Екіншіден, ішкі нарық кеңейеді. Халық көп болса, тауар мен қызметке сұраныс артады.
Үшіншіден, салық базасы артады. Жұмыс істейтін адамдар көбейген сайын бюджет кірісі ұлғайып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі кеңейеді.
Төртіншіден, инновация мен кәсіпкерлік дамиды.
Бесіншіден, бәсекелестік күшейеді. Бұл сапаны арттырады, жаңа кәсіп пен технологиялардың дамуына серпін береді. Мәселен, Қытайда жыл сайын миллионнан астам өнертабыс патенттеледі. Бұл – елдің инновациялық дамуына оң әсер етеді.
Алтыншыдан, халық санының өсуі мемлекеттің саяси салмағын арттырады. Халық саны көп мемлекет халықаралық аренада ықпалын күшейтіп, аймақтық қана емес, жаһандық деңгейде де маңызды ойыншыға айналады. Мысалы, бүгінде Нигерия Африка құрлығында, Пәкістан Оңтүстік Азияда аймақтық держава ретінде танылып отыр.
Соңғысы, ұлттық қауіпсіздік нығаяды.
Осы ретте, саясаттанушы Әзімбай Ғалидың «Халық саны – тек статистикалық көрсеткіш емес, ол – мемлекеттің саяси салмағы мен геосаяси мүмкіндігінің басты көзі. Халық көбейген сайын елдің аймақтық және жаһандық деңгейдегі ықпалы да арта түседі» деген ойы еске түседі.
Орталық Азия тәжірибесі
Орталық Азия елдеріне назар аударсақ, соңғы 30 жылда Тәжікстан халқы 98 пайызға, Түрікменстан – 85, Өзбекстан – 77 пайызға, Қырғыз Республикасы – 64 пайызға көбейді. Қазақстандағы өсім небәрі 22 пайыз деңгейінде ғана.
Нақтырақ айтсақ, Өзбекстанда 1990 жылдары 20,8 миллион халық болса, бүгінде 36,8 миллионға жетті. Яғни, өсім – 16 миллион. Тәжікстан халқы 5,3 миллионнан 10,5 миллионға көбейді. Қырғыз Республикасы – 4,4 миллионнан 7,2 миллионға, Түрікменстан – 3,5 миллионнан 6,5 миллионға артты.
Яғни, көрші елдердің халқы екі есеге жуық ұлғайды. Ал Қазақстанда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 16,5 миллион болса, қазір 20,1 миллионға ғана жетті. Бұл жағдайға көші-қон да ықпал еткені анық. Дегенмен елде демографиялық үдерістің баяу жүргенін мойындауымыз керек.
Себебі айқын: Өзбекстан мен Тәжікстанда туу көрсеткіші жоғары, ал Қазақстанда урбанизация, әйелдердің еңбекке араласуы және әлеуметтік-психологиялық фактор туылымды тежеп отыр. Ең басты-сы – бізде демографиялық саясатты үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органның болмауы.
Бұл – біз үшін үлкен сабақ. Өйткені демография – жай ғана статистика емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ дамудың діңгегі. Осы тұрғыдан алғанда, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру бастамасы – дер кезінде көтерілген маңызды шешім.
Жасанды интеллект технологиясын қолданатын мұндай орталық демографиялық үрдісті дәл болжауға, мемлекеттік саясатты ғылыми негіздеуге жол ашады. Сондай-ақ халықтың көші-қон, туу және өлім-жітім динамикасын талдаумен қатар, еңбек нарығындағы сұранысты анықтауға, зейнетақы жүйесіне ұзақмерзімді болжам жасауға, аймақтардағы инфрақұрылымдық қажеттілікті болжауға мүмкіндік береді.
P.S.
«Дамығың келсе – көбей» қағидасы – кез келген мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының негізгі шарты. Өйткені демография – экономикалық өркендеудің діңгегі әрі ұлттық қауіпсіздіктің берік тірегі. Сондықтан Қазақстан үшін халық санының тұрақты өсімін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ