Ұстаздар әулеті

Бүгін, 14:30 / Túrkіstan International Political Weekly

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Оспановтар әулеті –ұстаздық жолды таңдаған отбасы. Олар үш буын бойы ұстаздық қызмет атқарып келеді. Әулеттің үлкені Оспан Бақов білім беру сала­сында 40 жылдан аса еңбек еткен. Ол кеңес заманында мек­теп-интернат меңгерушісі, партия ұйы­мының хатшысы, өндірістік бригаданың жетек­шісі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орын­ба­сары қызметтерін атқарған. Оның қажырлы ең­бе­гінің арқасында Қорғантұз орта мектебі аудан, тіп­ті облыс көлемінде танылған. Зайыбы Шәмшия Бақова ауылда кітапханашы болған. Олар 11 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Бүгінде Шәмшия әже ұр­пағынан тараған немере-шөберелерінің қызығын кө­ріп отыр.
Әке жолын жалғастырып, Шалқар қаласындағы №2 орта мектеп-гимназияда мұғалім болып жұмыс іс­теп жүрген Еділ Оспановтың айтуынша, ұстаздық – ұлы мамандық.
Ұстаз болу – тек білім беру ғана емес, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу, оны­мен дос-сырлас болу.

– Әкеміз 40 жылдан аса уақыт аудандағы Қор­ғантұз орта мектебінде жұмыс істеді. «Оқу ісінің үз­дігі» атағын алды, біраз жыл мектеп басқарды. Біз от­басында 11 бала өсіп-өндік. Бүгінде соның бесеуі – мұғалім. Анамыз ортамызда, әкеміз өмірден өтті. Ер ба­лалар арасында мен ғана ұстаздық жолды таң­да­дым. Қазір 5-11 сыныптарға дене шынықтыру пә­ні­нен сабақ беремін. Осы саладағы еңбек өтілім 30 жылдан асады, – дейді Еділ Оспанов.


Ол 30 жылда көп жетістікке қол жеткізген ұстаз. Оның шәкірттері аудандық, облыстық, респуб­ли­ка­лық жарыстарда жүлдегер атанған. Өзі осыған дейін «Ең үздік дене шынықтыру мұғалімі», «Ең үздік мұ­­­­­ғалім» атағын алып, министрліктің арнайы «Ал­ғыс хатымен» марапатталған. Жыл сайын облыста то­ғызқұмалақтан өтетін жарысқа қатысады. Осы­ған дейін бірнеше рет жүлдегер болған. Еділ Ос­па­нов­тың зайыбы Эльмира да №2 мектеп-гимназияда жұ­мыс істейді. Ол – бастауыш сынып мұғалімі. Оның да ұстаздық қызмет атқарғанына 25 жылдан асқан. 
Оспан Бақовтың қыздары да ұстаздық жолды таң­дапты. Атап айтсақ, үлкен қызы Венера Бақова ма­тематика пәнінің мұғалімі болған. Зейнеткерлікке шық­қанша бар өмірін балаларға білім мен тәрбие беруге жұмсады. Сондай-ақ әулеттегі Жадыра мен Анд­жела  Ақтөбе қаласында білім беру мекемелерінде қыз­мет етсе, үйдің кенжесі Әлия Бақова Шалқар ау­дандық білім бөлімінде және ауыл мектептерінде директорлық қызмет атқарды. Әулеттің келіндері де мұғалім болып жұмыс істейді. Мәселен, Лариса Бақова Родников ауылында қазақ тілінен сабақ бер­се, Сұлушаш Оспанова – Қорғантұз орта мектебінде психолог. Ал Гаухар Ідірісова – логопед-маман.


– Ұстаз болу – жауапты іс. Себебі жас ұрпаққа бі­лім­мен қатар жақсы тәрбие де беру керек. Жалпы, ұстаздық жолдың қиындығы көп. Көптің баласын оқытып, тәрбиелеу оңай емес. Біздің әкеміз өз ма­ман­дығын жақсы көріп, елге қалтқысыз еңбек етті. Қа­зір біз де әке жолын жалғастырып, ұрпақтар са­бақ­тастығын қалыптастырып, қызмет етіп жа­тыр­мыз. Әулеттегі жас буын балаларымыз да осы ма­мандықты жанына серік етіп, халықтың баласына са­палы білім мен тәрбие беруде еңбек сіңіріп жүр. Мә­селен, менің үлкен ұлым Орал Оспанов қазір об­лыс орталығындағы «Ақбөбек» мектебінде мате­матика пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ Естай Оспа­нов Орал қаласындағы «Зерделі» орталығына же­тек­шілік етсе, Аяжан Оспанова – Назарбаев зият­кер­лік мектебінде химия пәнінің мұғалімі, – дейді Еділ Оспанов. 


Айта кету керек, Оспановтар әулеті 2022 жылы «Ме­рейлі отбасы» байқауына қатысып, Ақтөбе облысы бойынша бас жүлдені жеңіп алған болатын. Көпке үлгі болған әулетті бүгінде ақтөбеліктер жақсы таниды. 
 

Тэгтер:

Ұстаздар әулеті