Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары биылғы күздің ең елеулі оқиғаларының бірі болды. Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 5,2 млрд доллар болатын 11 келісім мен меморандумға қол қойылды.Бұл келісімдер стратегиялық маңызы бар салалар, атап айтқанда, көлік, энергетика, логистика және ақпараттық технология бағыттарында жасалды. «Казақтелеком», «Қазақстан темір жолы», «Самрұк-Қазына», «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі ұлттық компаниялар Amazon Kuiper, ExxonMobil, Chevron, IFC, Lummus Technology, Wabtec сынды америкалық алпауыттармен мәміле жасасты.
АҚШ – Қазақстан экономикасына ең ірі инвестиция құйып отырған ел. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға 100 млрд доллардан астам қаржы құйған. Елімізде 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді. Жаңа келісімдер екіжақты ынтымақтастық «жаңа экономика» салаларына – цифрлық технология мен жасыл энергетикаға қарай кеңейіп жатқанын айғақтайды.
Тарихи келісім
Сапардың ең елеулі оқиғасы – АҚШ-тың Wabtec корпорациясымен 4,2 млрд АҚШ долларына локомотив сатып алу туралы ірі келісімшарт жасалды. Бұл келісім аясында Қазақстан алдағы он жылда 300 жаңа буын жүк локомотивін және оларға ұзақмерзімді сервистік қызмет алатын болады. Мұндай қыруар қаражатқа жасалған келісім Wabtec тарихындағы ең ірі келісімдердің бірі болып отыр. АҚШ Сауда министрі Говард Латник бұл келісімді «ортақ өзара іс-қимылымыздың берік негізі» деп бағалап, елдеріміз экономикаларын нығайтуға бағытталған ынтымақтастықтың сауда байланыстарын дамытудағы шешуші фактор екенін және болашақта стратегиялық маңызды минералдар секторында бірлескен жобаларды іске асыруға кең мүмкіндік ашатынын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстанда Embraer ұшақтарына қызмет көрсететін аймақтық орталық құру мүмкіндігі талқыланды. Президент Тоқаев бұл кездесуде Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі басты көлік-логистикалық хаб болуға ниетті екенін атап өтті. Ал Embraer президенті Франсиско Гомес Нето Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін жоғары бағалап, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Бұл бастама жүзеге асса, республика азаматтық авиациясында жаңа қызмет түрі пайда болып, өңірдегі авиация саласының дамуына серпін бермек.
Басты назар – уранда
ExxonMobil мен Cameco жетекшілерімен өткен кездесулерде басты назар Қазақстанның стратегиялық мұнай-газ жобаларына және уран өнеркәсібіне ауды. Тоқаев Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарындағы америкалық инвесторлардың рөлін жоғары бағалады. Қазақстан АҚШ-тың уран импортының шамамен ширегін қамтамасыз етеді.
Президент энергетикадағы стратегияны «төрт тірек: мұнай, газ, көмір және уран» деп сипаттап, осы дәстүрлі ресурстар ел энергожүйесінің негізі болып қала беретінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан көмірдің электр өндірудегі үлесі 70 пайыздан асатынын ескере отырып, оны жақын арада қауіпсіз энергия көзі ретінде қарастыратынын, бірақ сонымен бірге экологиялық таза энергетиканы дамытуға ден қойылғанын атап өтті.
АҚШ тарапы Қазақстанның аса маңызды минералды ресурстарына да қызығушылық танытты. Қазақстанда мыс, литий, графит сияқты жоғары технологияларға қажет қор мол және Қазақстан бұл секторда бірлескен жобаларды іске асыруға дайын. Тоқаевтың айтуынша, жер қойнауын пайдалану саласында инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, заңнама барынша ашық құрылған, нәтижесінде Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo American, Fortescue секілді алып компаниялар еліміздің тау-кен индустриясында жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттағы серіктестік болашақта жаңа өндірістерді, соның ішінде аккумуляторлар мен жоғары технологиялық жабдықтар шығаруға қажет шикізатты бірлесе игеруге ойысуы мүмкін.
Әлемдік нарыққа жол ашылады
АҚШ сапары аясында елімізге PepsiCo және Mars сынды алып корпорациялар инвестиция салуға қызығушылық білдірді. Олар Қазақстанда экспортқа бағдарланған өңдеу кәсіпорындарын ашуды жоспарлап отыр, бұл бір жағынан агросекторға шетелдік технология мен капитал әкелсе, екінші жағынан қазақстандық өнімдерді әлемдік нарықтарға шығаруға жол ашпақ.
Әсіресе, PepsiCo компаниясының жобасын атап өту қажет: қазір Алматы облысында құны 368 млн АҚШ доллары болатын жеңіл тағамдар (снек) өндірісі зауытының құрылысы басталған. Ауқымды фабрика іске қосылғанда Орталық Азиядағы ең ірі снек шығару кәсіпорнына айналып, шамамен 900 тұрақты жұмыс орны ашылады деген болжам бар.
PepsiCo шикізат ретінде Қазақстанда өсірілген картопты пайдалануға басымдық беріп, 2035 жылға қарай чипсы өндірісіне қажет картоптың барлығын Қазақстанның өзінде өсіруді көздеп отыр. PepsiCo директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихо бұл зауыт туралы: «PepsiCo жүйесіндегі ең ірі тағам және жеңіл тағам өндірісі кәсіпорындарының бірі Қазақстанда салынады. Біз оның ашылуын тағатсыздана күтеміз», – деді. PepsiCo-ның осындай ірі жобасы қазақ агроиндустриясына заманауи ауыл шаруашылығы тәжірибесін ала келмек.
Ал Mars компаниясы Қазақстанда кондитерлік немесе үй жануарларына арналған азық өндірісі сияқты бағыттарда инвестжоба бастауды көздеп отыр. Әзірге Mars тарапы нақты жобалар жөнінде толық ақпарат бермесе де, олардың қызығушылығы Қазақстанның агросекторы шетел инвесторларына тартымды бола бастағанын айғақтайды. PepsiCo мен Mars-тың жаңа зауыттары іске қосылған соң, өндірілген өнімнің едәуір бөлігі шетелге экспортталмақ.
Amazon 200 млн доллар инвестиция құймақ
Amazon корпорациясы Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға тікелей атсалыспақ. Атап айтқанда, Amazon-ның Kuiper жерсеріктік желісі еліміздің үш бірдей нүктесінде – Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында жерүсті стансаларын орналастырып, шамамен 200 млн доллар инвестиция құятын болды. Бұл жоба туралы келісімге Нью-Йорктегі кездесулер барысында Kazakhtelecom және Amazon Kuiper өкілдері қол қойды.
Нәтижесінде, Қазақстан аумағы кең жолақты жылдам интернетпен толық қамтылып, өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздік азаяды деген үміт бар. Президент бұл бастаманы әр аймақ тұрғындарының сапалы байланысқа теңдей қол жеткізуіне жағдай жасайтын маңызды қадам ретінде бағалады.
Сонымен қатар Amazon Қазақстанды тек өз ішіндегі жобалар үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азияға спутниктік интернет тарататын аймақтық хаб ретінде қарастырып отыр.
Цифрлық саладағы ең үлкен тосын жаңалық – OpenAI компаниясының шешімі. OpenAI әлемде алғаш болып жаңа буынды ChatGPT жасанды интеллект жүйесінің пилоттық нұсқасын Қазақстанда іске қосатынын мәлімдеді. Жоба аясында білім беру саласына басымдық беріліп, ChatGPT мүмкіндіктері ұстаздар мен студенттерге бейімделген арнайы нұсқаларда сынақтан өтпек.
Транзит желісін дамытудағы маңызды белес – БАҚ
Reuters агенттігі сапардағы басты жаңалық 4,2 млрд долларлық келісімшарт деп мәлімдеді. Wabtec компаниясы 300 локомотив жеткізеді, ал келісімшарт 11 000 америкалық жұмыс орнын қамтиды деген мәлімет те берілген. Бұған қоса, келісім екі ел арасындағы өндірісті қолдау және экономикалық байланыстарды нығайтуға арналған қадам деп бағаланды.
TimesCA порталында жарияланған мақалада келісімнің символдық аспектісі баса айтылды: Қазақстанның экономикалық реформалары мен ашық саясаты шетел инвесторларын тартудағы маңызды фактор ретінде бағаланады.
OilPrice.com Eurasianet шолуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ірі келісімдер контекстінде бұл пікірге қосылады. Мақалада Тоқаевтың Wabtec-пен жасалған келісімі Орта дәліз транзит желісін дамытудағы маңызды белес ретінде қарастырылады.
Бауыржан Әукен, ҚСЗИ аға сарапшысы:
Серіктес болуға әзір екенімізді көрсеттік
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары америкалық ірі бизнес өкілдерімен кездесуге, түрлі сала бойынша жасалған нақты келісімге толы болды. Бұл – бизнеске де, халықаралық саясатқа да берілген айқын белгі. Әлемдік державалар арасындағы шиеленіске, сенім дағдарысына қарамастан, Қазақстан прагматизм мен конструктивтілікке сүйеніп, АҚШ-пен өзара тиімді экономикалық диалог құруға дайын екенін көрсетті.
Сапардың басты нәтижесі – «Қазақстан темір жолы» мен Wabtec арасындағы 300 локомотив жеткізу туралы келісім. Бұл – кейінгі жылдардағы әлемдік теміржол саласындағы ең ірі келісімнің бірі. Маңыздысы – локомотивтер Астанада құрастырылып, елімізде жаңа өндіріс, жаңа технология, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бір келісім арқылы Қазақстан екі мәселені шешіп отыр: біріншіден, ішкі парк жаңарып, тасымалдың жылдамдығы мен сапасы артады, екіншіден, елімізде жоғары технологиялы өндіріс орнығады. Бұл біздің инженерлер мен жұмысшыларға жаңа машықтарды меңгеруге жол ашады. Сонымен қатар өндіріс көрші елдердің нарығын да қамтымақ.
Маңызды келісімнің бірі – Kazakhtelecom мен Amazon Project Kuiper арасындағы әріптестік. Жақында Қазақстанда Starlink жұмыс істей бастады. Енді Amazon-ның келуі – елді толық цифрландыруға жасалған нақты қадам. Спутник интернеті шалғай ауылдарға дейін жетіп, мектептер онлайн-білімге қосылады, фермерлер нақты егіншілік әдістерін пайдалана алады. Мұндай серіктестік Қазақстанның жаһандық цифрлық тізбектерге кіріге алатын әлеуеті бар екенін мойындатады.
Сондай-ақ АҚШ-пен бірлескен ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқару бағдарламасы да ерекше мәнге ие. Қазақстанның аграрлық әлеуеті зор, бірақ басты мәселе – су тапшылығы. Дрон, спутник, сенсор сияқты технологиялар арқылы фермерлер суды үнемдеп, өнімділікті арттыра алады. Америкалық ғылым мен технологияны тарту осы салада үлкен серпіліс әкелмек.
Қаржы саласында да ілгері қадам жасалды. Президенттің Citigroup басшылығымен кездесуі – соның дәлелі. Әлемдегі ең ірі қаржы институттарының бірі Қазақстан жобаларына қызығушылық танытуы еліміздің сенімді серіктес екенін көрсетеді. Ал АҚШ Сауда палатасымен болған кездесу америкалық бизнес қауымдастыққа тікелей жол ашады. Бұл біздің компанияларға жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әрі технологиялық әріптестіктің жаңа кезеңін бастады. Бүгінде біз тек шикізат ұсынып қана қоймай, технология, цифрландыру, агроөнеркәсіп сияқты салаларда да толыққанды серіктес болуға дайын екенімізді көрсеттік.
Андрей Чеботарев, саясаттанушы:
Елдің ғана емес, тұтас аймақтың мәселесі көтерілді
– Президенттің Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары жемісті өтті. Сапарда тек Қазақстанға қатысты емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызы зор мәселелер көтерілді.
Біріншіден, Орталық Азия мен Ауғанстандағы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының жұмысына қатысты Меморандумға қол қойылды. Бұл орталық биылғы 3 тамызда Алматыда ашылған болатын. Оның басты міндеті – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық бағыттар бойынша аймақтық жобаларды жүзеге асыру.
Екіншіден, АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесу өтті. Онда екіжақты қарым-қатынас пен халықаралық күн тәртібі талқыланды. Әңгімеде «С5+1» форматы да қозғалған болуы мүмкін. Өйткені соңғы министрлік деңгейіндегі кездесу 2024 жылғы қыркүйекте, Джо Байден президент болған кезде өткен еді. Трамп әкімшілігі бұл диалогты өз мақсатына сай қайта жандандыруға мүдделі.
Үшіншіден, АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Горымен кездесу өтті. Онымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те жолықты. Бұл үш елге АҚШ-пен қарым-қатынасты үйлестіріп, ортақ позиция іздеуге жол ашады.
Төртіншіден, Тоқаев америкалық бизнес өкілдеріне үндеу жасады. Әсіресе, «B5+1» форматы аясындағы серіктестікке тоқталды. Бұл бағытта 2024 жылғы наурызда Алматыда алғашқы форум өткен еді. Президент Қазақстанның аймақтағы инвестицияларды ілгерілетуге және АҚШ бизнесінің Орталық Азияға кеңінен келуіне жетекшілік етуге дайын екенін айтты.
Бесіншіден, Еуропа Кеңесінің Президенті Антониу Коштамен келіссөз өтті. Онда ЕО-мен көпжақты ынтымақтастық, соның ішінде Орталық Азияға 12 млрд еуро көлемінде инвестиция тарту бастамасы сөз болды. Бұл қадам Еуроодақтың көлік дәліздерін дамытуға қызығушылығын тағы да айқындайды.
Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінен бірнеше негізгі бағытты ерекшелеп айтуға болады.
Алдымен, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау. Қазақстан Азия, Африка, Латын Америкасының ірі елдерін қосу қажет екенін атап өтті. Бұл – әлемдегі орта державалардың (middle powers) рөлін күшейтеді.
Бұдан бөлек, БҰҰ Жарғысын жаңарту. Бұл қадам мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау қағидаттарын нақтылап, дауларды бейбіт жолмен шешуге жетелейтін қозғаушы күш болмақ.
Сондай-ақ экология және су ресурстары. Президент Арал мен Каспий теңізін қорғауға халықаралық қауымдастықты кеңінен тарту қажет екенін айтты. Бұл мәселе 2026 жылы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке де байланысты.
Осылайша, биыл Қазақстанның БҰҰ-дағы позициясы едәуір күшейіп отыр. Алматыда өңірлік орталықтың ашылуы, 2026-2030 жылдарға жаңа БҰҰ бағдарламасы – осының айғағы.
Жалпы, Президенттің бұл сапары – Қазақстанның БҰҰ аясында да, басқа халықаралық алаңдарда да Орталық Азия күн тәртібін белсенді түрде ілгерілетіп отырғанын көрсетеді. Бұл Қазақстанның аймақтағы беделін арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің халықаралық саяси салмағын күшейтеді.
P.S.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ сапарындағы кездесулер мен оқиғалар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік нығайып келе жатқанын айқындады. Нәтиже – Қазақстанға мол инвестиция әкелетін келісімдер ғана емес, сонымен қатар берік бекіген сенімнің жаңа деңгейі. Транзиттен бастап агроинновациялар мен жасанды интеллектке дейін түрлі секторды қамтыған әріптестік шын мәнінде жан-жақты сипат алып отыр.
Шетелдік БАҚ бұл сапарды тарихи мәмілелер, Орта дәлізді дамытудағы қадамдар жасалған Қазақстанның ашық инвестициялық саясатының жемісі деп сипаттады.
Келесі қадам – мүмкіндікті мүлт жібермей, қағаздағы келісімдерді іске асыруға білек сыбана кірісу. Екі ел арасындағы сенім мен ынтымақтастық көпірі нақты нәтижелерге ұласса, бұл сапардың тарихи маңызы еселене түсетіні анық.