Арқалық қаласында Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай өткізілген «Ұлы дала жорығы» халықаралық ат марафоны өз мәресіне жетті. Жарысты «JORYQ» ат спорты федерациясы ұйымдастырды. Оған «AMANAT» партиясы, Қостанай облысы әкімдігі, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі қолдау көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Премьер-Министрдің кеңесшісі, «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы Ералы Тоғжанов, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков және өзге де азаматтар қатысты.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Торғай өлкесі қазақ зиялыларының алтын бесігі әрі еліміздің қастерлі рухани орталықтарының бірі екенін атап өтті.
«Ұлы дала жорығы» осыдан үш жыл бұрын тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған болатын. Үш жылдың айналасында бұл бәйге алтыншы мәрте өткізіліп жатыр. Осы уақыт ішінде марафон-бәйге әлемге танымал халықаралық жарыс деңгейіне көтеріліп келеді. Осының бәрі Президентіміздің ұлттық спортты дамытуға жасап отырған қамқорлығының, қолдауының арқасы екенін баса айтуға тиіспіз. Бүгінде Ұлттық спорт халқымыздың ұлттық төлқұжатына, мақтанышына, тіпті өмір салтына айналды десе болады», – деді ол.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы партия алдағы уақытта да ұлттық спорт түрлеріне, соның ішінде ат спортына жан-жақты қолдау көрсету жұмысын жалғастыратынын айтты. Мәселен, былтыр ел Президенті Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы әзірлеген жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі арнайы заңға қол қойды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жаңа ұлттық спорт орталықтары, клубтар, мектептер ашылуда. Онда 600 мыңнан астам адам қазақтың дәстүрлі спорт түрлерімен шұғылданады.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Ұлы дала жорығы» тек спорттық іс-шара ғана емес, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы тұсында ел бірлігін, татулық пен достықты нығайтудың ерекше белгісіне айналғанын атап өтті.
«Бұл марафон – тек қана спорттық дода емес. Ол – халқымыздың тарихын дәріптейтін, ұлттық рухымызды жаңғыртатын, елдігімізді айқындайтын тағылымды іс-шара. Арқалық төрінде мәресіне жеткен бұл дода ұлы тұлғаның рухына жасалған тағзым, оның ұрпаққа қалдырған аманатын ұлықтаудың айқын көрінісі деп білемін. Айта кетейін, келесі жылы Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Осыған орай, «Ұлы дала жорығын» дәстүрлі түрде жалғастырып, осы тарихи датаға арнап өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді аймақ басшысы.
Бес күнге созылған марафон қорытындысы бойынша, бірінші орынды Қырғызстанның бірінші құрамасы иеленіп, асқан төзімділігі мен шынайы шеберлігін көрсетті. Олардың жалпы уақыты – 26 сағат, 41 минут, 47 секунд. Екінші болып мәре сызығын Ақтөбе облысының командасы кесіп өтті (27 сағат, 21 минут). Ал үшінші орынды Қостанай облысының бірінші командасы қанжығалады (27 сағат, 32 минут, 14 секунд).
Биыл жарысқа 19 команда, соның ішінде Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының командасы қатысты.
Еске сала кетейік, өңірде Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай өзге де ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті. Қостанайда ұлы ақын әрі «Алаш» қозғалысының қайраткеріне арналған ескерткіш ашылды, ал Торғайда республикалық айтыс және ғылыми-практикалық конференция өтті. Сонымен қатар депутаттар мен қоғам белсенділері ақынның туған өлкесі Бидайық ауылында орналасқан мұражайға барды.