Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі мәдени мұра және туристік инфрақұрылым нысандарын аралады. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ермек Көшербаев реставрациялық жұмыстармен танысып, ескерткіштің тарихи келбетін сақтау аса маңызды екенін атап өтті. Қалпына келтіру жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілуде және оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Күлтөбе» археологиялық қалашығында Премьер-министрдің орынбасары нысанды тарихи сәулетке сай жарықтандыруды және кешкі экскурсиялар ұйымдастыруды тапсырды.
«Түркістан – бұл тек рухани орталық емес, сонымен қатар заманауи туризмнің маңызды орталығы. Біздің мақсатымыз — бірегей тарихи ескерткіштерді сақтай отырып, келушілерге сол дәуірдің атмосферасын сезінуге жағдай жасау», – деді Ермек Көшербаев.
Сапар барысында өңірдің көлік қатынасына да ерекше көңіл бөлінді. Вице-премьер лоукостерлерді тарта отырып, әуе рейстерінің географиясын кеңейтудің маңызын атап өтті.
«Әуе қатынасын дамыту – туристер ағынына тікелей әсер етеді. Қолжетімді рейстер Түркістанды Қазақстан халқы мен шетелдік қонақтар үшін одан әрі жақын ете түседі», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде тарихи нысандарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатқанын баяндады.
«Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы көне Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. 2025 жылы өңір инфрақұрылымын жақсарту аясында 11,3 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында туристік нысандарға апаратын жолдарды реконструкциялау мен Сауран қалашығына дейін айналма алаң салу жұмыстары бар. Жалпы, тарихи-мәдени мұраны реставрациялау және сақтау – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Бұл ретте Қостанайдан келген турист Қаниза Залиева өз әсерімен бөлісті.
«Қызымның ұсынысымен Түркістанға келдік. Бізді бұл жердің ерекше атмосферасы таңғалдырды. Мұнда тірі тарихты сезінесің, сонымен қатар заманауи қызмет, тазалық пен жайлылық бар. Туристерге деген қамқорлық анық байқалады. Мұндай мекеннің елімізде бар екеніне қуаныштымын», – деді ол.
Бүгінде Түркістан облысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қосқанда 1700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 430 мыңнан астам турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға көп. Ал 2025 жылдың сегіз айында Түркістан облысына 859 мың адам сапарлап келген. Олардың 736 мыңы – тарихи орындарды, ал 123 мыңы – табиғи парктер мен қорықтарды тамашалаған.
Туризмнің дамуы инвестиция көлемінің артуына да себеп болып отыр. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында салаға 65,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңірде қазіргі уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту және саяхатшыларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну мақсатында жалпы құны 49,4 млрд теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылуда.