Олимпиадаға дайындалады: Халықаралық Олимпиада комитетінің стипендиясын алған қазақстандықтардың тізімі шықты

Бүгін, 15:08 / Дана Ізтілеуова

2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін Олимпиада ойындарына дайындалу мақсатында Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) жекелей стипендиясын алған қазақстандық спортшылардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz ҰОК-ке сілтеме жасап.

Бұл бастаманы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті көтеріп, ұлттық федерациялармен және ХОК-мен бірлесе жұмыс жүргізді. Сондай-ақ барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуді қамтамасыз етті.

Бағдарламаның мақсаты – спортшыларды төртжылдықтың басты додасына іріктеу кезеңінде және дайындық барысында қолдау. Ұсынылған кандидаттар ұлттық федерациялар арқылы іріктеліп, гендерлік теңдік сақталды. Әр спорт түрінен бір ер және бір әйел спортшы ұсынылды. Сонымен қатар мүмкіндігінше көбірек спорт түрін қамтуға мән берілді, осылайша әртүрлі бағыттағы атлеттерге қолдау көрсетілді.

Стипендия Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына енген жекелей спорт түрлерінде өнер көрсететін спортшыларға беріледі. Міндетті талаптар: іріктеуден өтуге және  жоғары орындарға үміткер болуға мүмкіндік беретін нәтижелер, сондай-ақ допингке қарсы ережелерді бұзбау және Олимпиадалық хартияға қайшы келетін санкциялардың болмауы.

Қаржы оқу-жаттығу жиындарына, жекелей дайындықтарға, бапкерлер мен мамандардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми қолдауға, сақтандыруға, сондай-ақ тұру мен тамақтануға жұмсалады. Қаражаттың мақсатты жұмсалуы тұрақты есеппен қадағаланады.

Қазақстаннан бағдарламаға енген спортшылар тізімі:

- Аида Әбікеева (бокс)

- Сағындық Тоғамбай (бокс)

- Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо)

- Әбиба Әбужақынова (дзюдо)

- Милад Карими (спорттық гимнастика)

- Руслан Курбанов (семсерлесу)

- Исхар Курбаев (грек-рим күресі)

- Ризабек Айтмұхан (еркін күрес)

- Зейнеп Баянова (әйелдер күресі)

- Мария Бровкова (байдарка мен каноеде есу)

- Александра Ле (нысана көздеу, пневматикалық қару)

- Ислам Сәтпаев (нысана көздеу, пневматикалық қару)

- Әмір Маймұратов (спорттық құзға өрмелеу)

- Батырхан Төлеуғали (таеквондо)

- Алан Құрманғалиев (үстел теннисі)

- Елизавета Матвеева (жеңіл атлетика)

- Әсем Орынбай (стенд ату)

- Сергей Петрович (ауыр атлетика)

- Арай Нұрлыбекова (ауыр атлетика)

- Данил Мусабаев (батуттағы гимнастика).

Қазақстандық спортшылардың бұл бағдарламаға енуі олардың Олимпиада-2028 ойындарына жүйелі әрі сапалы дайындық жүргізуіне қосымша мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Олимпиада стипендия Қазақстандық спортшылар Халықаралық Олимпиада комитеті