Павлодарда өгей қызын зорлаған ер адам өмір бойына сотталды

Бүгін, 14:57 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодарда кезекті педофилге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 35 жастағы ауыл тұрғыны азаматтық некедегі әйелінің қызын зорлаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол сотта өзін психикалық тұрғыдан сырқатпын деп ақталуға тырысқан.

Алайда сарапшылар сот барысында оған психиатр көмегі қажет емес деген қорытындыға келді. Енді ол қатаң тәртіптегі колонияда өмір бойы жазасын өтейтін болады.

«К.-ны ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі ("Жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері"), 124-бабының 1-бөлігі ("Балаларды азғындық жолға түсіру") бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау», – деп үкімнің қарар бөлігін жариялады судья Нұрлан Айтбаев.

Сотталушы жәбірленушіге моральдық зиянның өтемақысы ретінде 7 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Тэгтер:

Павлодар зорлық педофил