«AMANAT» партиясының атсалысуымен Түркістан облысы Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылында аутизм диагнозы бар балаларға арналған «Ляззат» оңалту орталығы ашылды. Аталған орталыққа кәсіпкер Ләззат Мамыр жетекшілік етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Орталықтың ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Динара Егамбердиева, «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов, аудан әкімі аппаратының басшысы Фархат Байтуғанов, сондай-ақ аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары қатысты.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев жаңа орталықтың мәні мен маңызына тоқталып, аудан басшылығына және кәсіпкер Ләззат Мамырға шынайы ризашылығын білдірді.
«Әр бала бақытты өмір сүруге тиіс. Олар қатарынан қалмай, сапалы білім алуы қажет. Бұл ретте, өңірімізде инклюзивті қоғам құру және ерекше қажеттілігі бар адамдарға лайықты жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Біз аймақтағы 7-18 жас арасындағы 18 мыңға жуық баланың ерекше білім алу жағдайын үнемі жіті назарда ұстап келеміз», – деді Алтынсары Үмбетәлиев.
Оның айтуынша, бұл жұмыс – қоғам игілігі жолындағы жемісті жетістік. Осы орайда, ата-аналар қауымы да бұл игі іске ұйытқы болған азаматтарға, партия өкілдеріне ризашылығын білдірді.
«Ляззат» оңалту орталығы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жан-жақты қызмет түрлерін ұсынады. Онда аутизм, психикалық дамудың, сөйлей алу қабілетінің тежелуі, аутизм спектрінің, зейіннің бұзылуы және гиперактивтілік синдромы, жалпы сөйлеу тілінің дамымауы және АВА-терапия, нейромассаж, инклюзивті мектепке дайындық бағыттарында арнайы сабақтар мен оңалту шаралары өткізіледі.
Бұл орталық – өңірдегі ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарына жасалған қомақты қолдау. Мұндай бастамалар қоғамдағы инклюзия мәдениетін дамытып қана қоймай, балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, толыққанды өмір сүруіне жол ашады.
«AMANAT» партиясының бұл бастамасы ең алдымен әлеуметтік әділдік пен қолжетімді орта құруға бағытталып отыр. Алдағы уақытта да мұндай әлеуметтік маңызы зор жобалар облыстың өзге аудандарында қолға алынады.