Министрлік Мұғалімдер күніне орай челлендж жариялады

Бүгін, 12:35 / Інжу Әлихан
gov.kz

Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз – ұлт шамшырағы» онкүндігі аясында «Ұстазыңды құттықта!» челленджін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомствоның ақпаратынша, аталған іс-шараның мақсаты әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру.

"Еліміз бойынша 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ұстаз - ұлт шамшырағы» онкүндігі өтеді. Оның аясында өңірлерде күн сайын педагогтерге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама педагог мәртебесін көтеруге, ұстаз мамандығын кеңінен насихаттауға, оның қоғамдағы ерекше рөлін баса көрсетуге бағытталған. 

Ұстаздық – мамандық қана емес, ұлы миссия. Педагогтер өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырады, әр баланың өз жолын табуына көмектеседі. Қазір еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беруде", - делінген хабарламада. 

Челленджге барлық ниет білдіруші қосыла алады, ол үшін:

• әлеуметтік желілерде #Ұстазыңдықұттықта #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау жариялаңыз;

• өз ұстазыңызға қоңырау шалып, жылы лебізіңізді білдіріңіз;

• құттықтау хатын жіберіп, естеліктермен бөлісіңіз.

Еске сала кетейік, 2023 жылдан бері Қазақстанда Ұстаздар күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түпірінде ұстаз еңбегін ұлықтауға арналған әртүрлі мерекелік шаралар өтеді.

Тэгтер:

Мұғалімдер күні Оқу-ағарту министрлігі