Маңғыстау облысында «Волгоград – Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызына шекаралық бақылау жүргізу барысында декларацияланбаған валюта анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Бейнеу» кеден бекеті қызметкерлері кедендік шекарадан шетел валютасын декларацияламай алып өту фактілері бойынша әкімшілік материалдар толтырды.
1967 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы М. декларациялауға жататын шетел валютасы бар екені жөнінде хабарламай, 20 000 АҚШ долларын кеден шекарасынан алып өткен.
Аталған факті бойынша Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты М.-ны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 1 343 350 теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды. 10 000 АҚШ долларын мемлекет кірісіне тәркілеу, ал 10 000 АҚШ долларын қаулы заңды күшіне енгеннен кейін иесіне – азамат М.-ға қайтару белгіленді.
1970 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы А. да декларациялауға жататын шетел валютасы бар екені жөнінде хабарламай, 17 600 АҚШ долларын кеден шекарасынан алып өткен.
Бұл факті бойынша Бейнеу аудандық соты А.-ны да Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 551-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 1 020 946 теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды. 7 600 АҚШ долларын мемлекет кірісіне тәркілеу, ал 10 000 АҚШ долларын қаулы заңды күшіне енгеннен кейін иесіне – азаматша А.-ға қайтару белгіленді.