«Ақша маңызды емес»: Жәнібек Әлімханұлының командасы мәлімдеме жасады

Бүгін, 08:57 / Нұрлан Әлинұр
Фото: sports.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан боксшыға қатысты соңғы келіссөздер барысы жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

"Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Осы аптада тағы бір маңызды кездесу болады. Бүгін, шүкір, жаңа күн туды, тағы да талқылау бастаймыз. Біз барымызды салып, чемпиондармен жекпе-жек ұйымдастыруға тырысудамыз. Біздің командамыздың басты мақсаты – ақша емес. Негізгі арманымыз – тарихқа еніп, төрт белбеуді де иелену. Қазақ баласының төрт бірдей чемпиондық титулды жеңіп алғанын көру – біз үшін ең үлкен мақсат. Біз тек осы оймен алға қадам басып келеміз.

Қойылған барлық шартқа келісіп отырмыз. Қалай болса да, келісуге дайынбыз, тек чемпион болу үшін. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, орта салмақтағы жағдай үнемі өзгеріп тұрады. Алда не боларын көре жатармыз. Біз ұзақ күттік, енді бұдан әрі уақыт жоғалтуға болмайды. Егер бір шешімге келе алмасақ, бізде міндетті қарсыластар бар, соларға қарсы титулдарды қорғауымыз керек. Оны орындамасақ та қиындықтар туындайды. Сондықтан екі бағытта да жұмыс істеп жатырмыз", – деді Сұлтан.