Әлеуметтік желілерде Қостанайдағы ішімдікке тәуелділер орталығында түсірілген бейнежазба тарап жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бақылау камерасынан алынған кадрларды 61 жастағы ер адамның қызы жариялаған. Ол видеода арнайы орталықтың қызметкері әкесін аяусыз соққыға жыққанын мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, бейнежазбада мекеме қызметкерлерінің бірі арнайы қабылдау бөлімінде темекі шеккен қарияны қатыгездікпен ұрып жатқан сәті көрінеді. Оның сөзінше, оқиға Қостанай қаласындағы Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болған.
Жәбірленушінің қызының пікірінше, орталық қызметкерінің агрессиясына оның әкесінің камерада темекі шегуі себеп болған.
"Қара киімдегі медицина қызметкері оны адам төзгісіз ұрып, денсаулығына ауыр зиян келтірді. Ол әкемді камерада темекі шеккені үшін соққыға жыққан. Соның салдарынан оң жақ бүйрегі жыртылып, қатты зақымданды (қан жоғалтқандықтан бүйрегін алып тастауға тура келді), оң жақтағы 11-ші және 12-ші қабырғасы сынған, қазіргі жағдайы ауыр", – деп жазды Қостанай тұрғыны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Полицияның хабарлауынша, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл оқиға биылғы шілдеде болған.
"Қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша биылғы шілде айында қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Жақын арада қылмыстық іс материалдары сотқа жолданады", – делінген Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жәбірленушінің қазіргі жағдайы белгісіз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға әзірге түсініктеме берген жоқ.