«AMANAT»: Әлем чемпионатында жеңіске жеткен боксшыларға құрмет көрсетілді

24 қыркүйек, 2025 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев Англияның Ливерпуль қаласында өткен Әлем чемпионатында топ жарған қазақстандық боксшыларды марапаттады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Оспан Әжібеков, әлем чемпиондары Айбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай және ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан қатысты.

Жиында сөз алған Мұрат Жолдыхожаев спортшыларымыздың жеңісі еліміз үшін ортақ қуаныш екенін атап өтті.

«Боксшыларымыздың жеңісі – қазақ спортының жаңа белесі, әрі жас ұрпаққа үлгі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, спорт – елдің мәртебесі. Біз чемпиондарымызды әрдайым мақтан тұтамыз», – деді филиал төрағасы.

Өз кезегінде, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Оспан Әжібеков партия тарапынан көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

«Спортшыларымызға қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Бүгінде мемлекет тарапынан да барлық жағдай жасалып жатыр. Спорт саласына осылай жоғары деңгейде қолдау көрсетіле беретін болса, боксшыларымыз әлі талай биік белестерді бағындырары анық», – деді ол.

Іс-шара соңында чемпиондар көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да Қазақстанның атын әлемдік аренада асқақтатуға бар күш-жігерін арнайтындарын жеткізді.

Айта кетейік, жуырда Ливерпульде өткен Әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар 7 алтын медаль олжалап, ел спорты тарихында айрықша белеске қол жеткізді. Жалпы есепте Қазақстан командасы бірінші орыннан көрінді.

Тэгтер:

Шымкент әлем чемпионаты «AMANAT» партиясы боксшылар Әлем чемпиондары