Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) заңсыз ақша шығару ісі бойынша жауапкершілікті клиникалар мен бұл схеманы ұйымдастырған адамдар арқалайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, азаматтарға ешқандай шағым болмайды.
«Біз азаматтарға талап қоймаймыз. Олар өз ақшасын алды. Иә, олар, мерзімінен бұрын алды, бірақ тікелей заңсыз ақша шығарумен айналысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – деді Елемесов.
Оның сөзінше, заңсыз ақша шығару тіс емханалары арқылы жүзеге асқан. Азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдалануға заңды негіздері бар – мысалы, баспана алу немесе белгілі бір медициналық қызметтерге, бірақ бұл жағдайда ондай негіз болмаған.
«Бұл жерде қордан заңсыз ақша шығару орын алды. Қор сол ақшаны инвестициялап, зейнеткерлік жасқа дейін табыс табу мүмкіндігін жоғалтты. Сондықтан мұнда зардап шеккен тарап – БЖЗҚ», – деп түсіндірді ол.
БЖЗҚ ресми түрде жәбірленуші деп танылды, қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бірқатар адамдар қамауға алынды.
Қыркүйектің ортасында агенттіктің тергеу топтары Атыраудағы тіс емханаларында жаппай тінту жүргізген. Тергеу мәліметінше, тек бір ғана клиника 22 млрд теңгеден астам, екіншісі – 20 млрд, үшіншісі – 18 млрд, төртіншісі – 13 млрд және бесіншісі шамамен тоғыз млрд теңге заңсыз шығарған. Тінтулер қалада ғана емес, облыс аудандарында да, соның ішінде Жылыой ауданында да өтті.