Еңбек еткісі келетіндері аз емес, бірақ жұмыс берушілердің есігі жабық – Нартай Сәрсенғалиев

Бүгін, 16:39 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жасөспірімдердің еңбек етуіне жағдай жасалмай отырғанын айтып, Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеруді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде айқындап, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағанымен, жастарды еңбекке баулу ісінде жүйелі кедергілер бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мектеп қабырғасынан бастап еңбек машығын қалыптастыру қажет. Бұл – тек экономикалық емес, құндылықтар қағидаты. Әлемдік тәжірибеде, мысалы Жапония, Корея, Қытайда жастардың еңбекке құрметін дәл осылай қалыптастырады», – деді депутат.

Алайда қазақстандық жасөспірімдердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеулі. Заң бойынша 16 жастан бастап еңбек шартын жасауға, ал ата-анасының рұқсатымен 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат берілгенімен, іс жүзінде жұмыс берушілер оларды қабылдаудан қашқақтайды.

Сәрсенғалиев бұл түйткілдің бірнеше себебін атады:

Сақтандыру – қазіргі жүйе тек кәмелетке толғандарға қолданылады. Ал жасөспірімдер еңбек құқығы қорғалмаған күйде көбіне көлеңкелі жұмыс істейді. Депутат осыған орай арнайы сақтандыру класын енгізуді ұсынды.

Бақылау – жұмыс берушілер тексерістен қорқып, жастарды қабылдамайды. Сондықтан бақылау алгоритмін қайта қарап, жазалау емес, қолдау құралына айналдыру қажет.

Ынталандыру – кәмелетке толмағандарды жұмысқа алған жұмыс берушілерге салықтық жеңілдіктер беріп, дуальды оқыту жүйесін дамыту ұсынылды.

Өз-өзін жұмыспен қамтыған жастар – репетитор, бағдарламашы, курьер болып табыс тауып жүргендер үшін арнайы мәртебе енгізу, олардың еңбегін ресми есепке алу қажет.

Jas Enbek цифрлық платформасы – жұмысқа орналасу процесін бір терезе қағидатымен жеңілдетіп, онлайн курстар мен цифрлық еңбек кітапшасын енгізу ұсынылды.

Мотивация және бедел – «Өңірдің үздік жас қызметкері» байқауын ұйымдастыру арқылы жастардың еңбекке құлшынысын арттыру көзделіп отыр.

«Бұл шаралар жасөспірімдердің еңбегін қарапайым табыстан стратегиялық инвестицияға айналдырады», – деп атап өтті депутат.

Тэгтер:

Жұмыссыздық еңбек жұмыс берушілер