"Байлыққа бұқараны алдап жететіндер азаймай тұр": депутаттар Үкіметтен шара қабылдауды сұрады

Бүгін, 16:29 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Нартай Сәрсенғалиев елімізде заңсыз лотереялар мен онлайн-ұтыс ойындарының көбейгенін айтып, Үкіметтен қатаң шара қабылдауды сұрады. Олар бұл мәселені Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалда көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақ “Адамды алдау – арыңның алдында қылмыс” дейді. Бірақ бүгінде байлыққа бұқараны алдап жететіндер азаймай тұр», – деді Е. Бейсенбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында.

Оның сөзінше, әлеуметтік желіде миллиондаған жазылушысы бар кейбір блогерлер уақытша компания құрып, пайдасыз видеокурстарды сату деген сылтаумен заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырып жүр.

Депутат нақты мысалдар келтірді. Мәселен, оқырмандары 3 миллионға жуық Дархан Жолшыбеков Instagram парақшасы арқылы 300 млн теңге тұратын үйді ұтысқа тігіп, 1,5 млрд теңге жинаған. Ал «supermamasita» аккаунтының иесі Әлия Байтуғаева бірнеше мәрте заңсыз ойнатулар өткізіп, 500 млн теңге тапқан. Бұдан бөлек, «Justking31» және «AminaXO» парақшалары арқылы тағы 1,5 млрд теңге жиналғаны айтылды.

Ресми дерек бойынша, 2024 жылы заңсыз лотерея ұйымдастырған 101 адамға 41 млн теңге айыппұл салынған. Ал биылғы жылдың басынан бері 79 адам ұсталып, оларға 33,1 млн теңге көлемінде айыппұл берілген.

Алайда айыппұл да қылмысты тоқтатпай тұр.

Мұндай әрекеттерге қатысы барлар пәтер, көлік, смартфон сияқты бағалы сыйлықтарды тігіп, қарапайым азаматтарды алдап отыр. Бұл әсіресе жастар арасында кең тараған, – дейді депутат.

Заң шығарушылар аталған саладағы заң олқылықтарын да атап өтті. Олардың пікірінше, қазіргі ережелерді айналып өтіп, ұтыс ойындарын «сатылымды ынталандыру» ретінде заңдастырып жіберетіндер бар. Мәселен, Астанада Ерболат Жанабылов 30 мың теңгеден сатылған «оқу курстары» арқылы 10 автокөлік пен өзге сыйлықтарды ойнатпақ болған. Тергеу мәліметінше, ол 180 млн теңге жинаған.

Қабылданған нормалар жұмыс істеп жатыр, нәтиже де бар. Бірақ соған қарамастан қаржы алаяқтығы әлі де өсіп келеді, – деді Бейсенбаев.

Депутаттар Үкіметке төрт ұсыныс айтты:

  1. Заңсыз лотерея ұйымдастырғандарға қатысты қылмыстық іс қозғау үшін табыс мөлшерінің төменгі шегін азайту;
  2. Жазаланған алаяқтардың әрекеті мен қаржы көлемі жөнінде бірыңғай ашық деректер базасын құру;
  3. Онлайн-мектептер мен білім беру орталықтарының жұмысын ашық ету, олардың заңдылығы мен репутациясын тексеруді жеңілдету;
  4. Блогерлердің заңсыз табысы туралы ақпаратты салық органдары спорт министрлігіне беріп отыру.

Тэгтер:

блогер Үкімет Әлеуметтік желі ұтыс байлық лоторея бұқара