БҚО-да аудандық инвестициялық форумында 14 жоба бойынша Меморандумға қол қойылды

Бүгін, 10:44 / Інжу Әлихан
«AMANAT» партиясы баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының қолдауымен Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «KAZTALOV-INVEST» аудандық инвестициялық форумы өткізілді. Форум аясында құны 1,1 млрд  теңгені құрайтын 14 жоба бойынша Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауданда алғаш рет өткізілген форум жұмысына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев, AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Ержан Досмаков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша аймақтық филиалының басшысы Тарас Шальга, аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

«Бұл форум – ауданның әлеуетін танытуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және инвесторлармен тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатуға арналған ауқымды алаң. Биыл Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміз үшін жаңа инвестициялық кезең басталғанын айтты. Енді өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларды және жасыл экономиканы дамытуға басымдық беріледі. Бұл ретте, облыс әкімдігі ауданмен бірлесе отырып, инвесторларға барлық жағдай жасауға дайын. Казталов ауданы – ауыл шаруашылығына қажет қолайлы жері бар, тұрғындары еңбекқор, табиғи мүмкіндігі мол өңір. Бұл әлеуетті дұрыс пайдалану арқылы біз ауданның да, облыстың да дамуына серпін бере аламыз», – деді Тлепберген Каюпов.

Өз кезегінде, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аталған іс-шараның мәні мен маңызына тоқталды.  

«Бүгінгі басқосу – еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған маңызды іс-шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс» деп атап өтті. Бұл – біздің баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін айқын бағдар. Себебі инвестиция – жаңа жұмыс орындарын ашудың, заманауи технологияларды енгізудің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі», – деді Асланбек Сарқұлов.

Осы орайда, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ильясов инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлу – ел экономикасын дамыту бағытындағы маңызды қадам екен жеткізді.

«Жеке инвестицияларды тарту – ел экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау ісіне сенімді серпін береді. Форум аясында 1,1 млрд теңге көлеміндегі 14 жоба бойынша Меморандумға қол қойылуы – аса маңызды жетістік. Партия инвестициялық ынтымақтастық пен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға әркез дайын. Біз барлық жергілікті бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуге және мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді Ернар Ильясов.

Айта кетейік, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аталған форум жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.

Тэгтер:

«AMANAT» партиясы БҚО форум аудан инвестиция