«Шығын – 400 млн»: Ақтөбеде киіктер 12 мың гектар егінді таптап тастаған

Бүгін, 10:38 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбе облысының аграршылары киіктердің қаптап кетуінен миллиардтаған шығынға батқанын айтып, Экология министрлігінен оларды атуға рұқсат беруді сұрап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

«31 арнаға» сұхбат берген «Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемодановтың айтуынша, Әйтекеби ауданындағы шаруашылығы бидай мен күнбағыс дәнінен 400 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған. Оның сөзінше, жаз бойы егінді жануарлардан қорғап, қууға тырысқанымен, залал бәрібір орасан болған.

Диқандардың айтуынша, қалыптасқан жағдай өңірдегі ауыл шаруашылығының болашағына қауіп төндіріп отыр. Әсіресе, 500–3000 гектар алқабы бар шағын шаруашылықтар ірі агрокәсіпорындарға қарағанда ауыр жағдайда қалған. Өйткені олар дәнді дақылдармен қатар шөп қорынан да айырылды.

«Неге Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында атуға рұқсат берілді де, Ақтөбеде мұндай шаралар жүргізілмейді? Бұл шынымен де жанға батады, халық не істерін білмей отыр. Бір шешім қабылдау керек», – деді «Фермерлік орталық Ақтөбе» ассоциациясы төрағасының орынбасары Руслан Шүйіншалин.

Ауыл шаруашылығы басқармасы Әйтекеби ауданында киіктер шамамен 12 мың гектар егістікті таптап кеткенін растады.

Тэгтер:

Киік Ақтөбе облысы егін таптау