Атырауда уәкілетті орган 8 жастағы қыздың оқу ақысын өтеуге міндеттелді

Бүгін, 10:22 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Атырау қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы, «балалық шақтағы аутизм» диагнозымен II топтағы денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі 8 жастағы қызының оқу ақысын өтеуді сұрап, сотқа шағымданған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соттың ақпаратынша, қызды үйде оқыту ұсынылған. Уәкілетті орган өтемақы өтініш берген күннен бастап төленетінін алға тартып, 2024 жылдың соңғы төрт айы үшін төлеуден бас тартып, 2025 жылдың бес айы үшін ғана оқу ақысын өтеуді тағайындаған. Қала әкімі де көмек көрсетуден бас тартқан.

«Талап қоюшы мүмкіндігі шектеулі баланың оқуы үшін мемлекеттен өтемақы алу құқығын білмегенін түсіндірген. Бұл мүмкіндікті білген бойда ол дереу уәкілетті органға хабарласқан. Алайда уәкілетті органның өзі оған 2025 жылға дейін бұл қолдау шарасының бар екендігі туралы хабарламаған.

Сот баланың 2024-2025 оқу жылы бойына үйде оқытылғанын анықтады. Талап қоюшының шеккен шығындарын өтеу құқығын ескеріп, әділдік пен парасаттылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандырып, уәкілетті органға баланың 2024 жылдың төрт айы ішінде үйде оқытуға кеткен шығындарын өтеу арқылы бұзушылықты жоюды міндеттеді»,  - делінген хабарламада.

Шешім Атырау облыстық сотының мемлекеттік органның төлемдерден бас тарту әрекетін заңсыз деп таныған қаулысы негізінде заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Атырау Көпбалалы оқу аутизм