«Еңбек жолы» байқауы: 5 жылдан аз уақыт ішінде 20 жас маман табысқа қол жеткізген

Бүгін, 10:02 / Інжу Әлихан
gov.kz

«Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаздары түрлі мамандықтар мен салаларда еңбек өтілінің аздығына қарамастан жоғары кәсіби жетістіктерге қол жеткізді. Жеңімпаздар қатарында авиация мен энергетикадан бастап аграрлық сектор мен білім беру саласына дейінгі түрлі сала өкілдері бар. Бұл – олардың қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі тек өз өмірлерін ғана емес, бүкіл ұжымның жұмысын өзгерте алатынын дәлелдейтін жарқын мысал, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байқаудың жиырма финалисі – бұл қазіргі заманғы жұмысшы жастардың әлеуеті мен ұмтылысын айқын көрсететін жиырма түрлі табысқа жетудің үлгісі.

Ең жарқын қатысушылардың бірі – Алматы облысынан Дильфуза Бақытжанова. Ол «Фирма Бент» ЖШС-нің сенімді мамандарының біріне айналған кран жүргізушісі. Ал Жамбыл облысынан Еркебұлан Тұрысжан болса, төрт жылдан бері «Қазаэронавигация» мекемесінде әуе қозғалысын басқару диспетчері болып еңбек етуде. Жетісу өңірінен Бауыржан Машанбаев үш жыл ішінде бас ветеринар дәрігер дәрежесіне дейін көтерілсе, Ақтөбе облысынан Мұхтар Түлкібаев небәрі 24 жасында «Ақтөбе мыс компаниясында» бригадир ретінде зор беделге ие болып, өз міндетін тиімді атқарып жүр.

Түркістан облысының намысын Ш. Уәлиханов атындағы гимназияның мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, аудандық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы – Гүлайхан Ерманова қорғайды. Ұжымда ол заманауи педагогикалық ойлауға ие, болашағынан зор үміт күттіретін, белсенді, креативті және жігерлі жас маман ретінде жоғары бағаланады.

Байқаудың басқа да қатысушыларының жетістіктері тілге тиек етерлік. Мысалы, Алматы қаласынан сигнализация және орталықтандыру жөніндегі электромеханик Досымжан Ерланов пойыздардың үзіліссіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Шымкент қаласынан эколог Баянсұлу Оразбай қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған технологияларды енгізіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жүр. Абай облысындағы «Шығыстүстімет» Орлов өндірістік кешенінің шебері Айбар Айдарұлы ұжымның жұмыс тиімділігі мен өндірістік көрсеткіштерін арттыра алды. Қарағанды облысынан Жұлдызай Байдүйсен жүк тасымалдау саласында еңбек етіп, ұйымның қоғамдық өміріне белсене қатысуда.

Ақмола облысында химиялық талдау зертханашысы Аяжан Жамкенова жеңімпаз атанды – оның ғылыми еңбектері мен жарияланымдары кәсіби ортада жоғары бағаланды. Атырау облысындағы «Жылыойгаз» ЖШС-нің еңбекті қорғау инженері Айбар Аманжолов халықаралық қауіпсіздік стандарттарын енгізуге атсалысуда. Шығыс Қазақстан облысынан энергетик Әли Ақшағановтың еңбегі кәсіпорындағы энергиямен қамтуды тұрақтандыруға ықпал етті. Ал Маңғыстау облысынан Дарын Аманқұлов үш жыл ішінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ-да бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика қызметінің бастығы лауазымына көтеріліп, газ айдау құрылғыларының автоматикаларын сенімді басқарумен қатар, заманауи басқару жүйелерін енгізуде.

Батыс Қазақстан облысынан байқауға қатысқан химик-зертханашы Нейля Игимова «Пойма Май Комбинаты» ЖШС шығарған өнім сапасын қамтамасыз етіп келеді. Қостанай облысынан Асылбек Арстамбаев болса, Комаров тау-кен кәсіпорнында 5-разрядты электр монтері дәрежесіне жетіп, бүгінде ауыспалы бригадир міндетін атқарып жүр.

Солтүстік Қазақстан облысында байқау финалисі болып «Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ-ның электр монтері Надияр Құнанбаев танылды. Ол өңірдегі тұтынушыларды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Ұлытау облысынан Оңтүстік Жезқазған кенішінің шахта механигі Ерлан Төлегенов жабдықтардың апаттылығын азайтып, еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытында еңбек етуде.

Қызылорда облысынан келген механизатор Айбек Уәлиев заманауи агротехнологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға атсалысуда. Павлодар облысында жеңімпаз атанған инженер Диас Айтуаров – мұнай-химия өндірісін жаңғырту бағытында еңбек етіп жүрген жас маман. Ал елордадан жеңімпаз ретінде танылған Гүлзия Шарипова – ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссияның маманы. Ол жаңа аграрлық әзірлемелерді ілгерілету және тұқым материалының сапасын арттыру жұмыстарымен айналысады.

Еске сала кетейік, «Еңбек жолы» байқауы – өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге және еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған республикалық конкурс.

Байқау жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейде өткізіледі. Үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталады: «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаттары көп, бірнеше ұрпақ өкілі бір салада жұмыс істейтін әулет таңдалады; «Жұмысшы жастардың үздiк тәлiмгерi» – кемінде 20 жылдық жұмыс өтілі бар, жоғары тиімділік көрсеткен тәлімгер іріктеледі; «Өндірістің үздік жас қызметкері» – еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын, еңбекқор әрі белсенді өндіріс қызметкері таңдалады.

Байқаудың өңірлік кезеңі биылғы жылдың шілде айында аяқталды. Биыл жергілікті атқарушы органдардан 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладан барлығы 505 үміткердің өтінімі қабылданды. Барлық үш номинация бойынша 60 жеңімпаз анықталып, олар өз өңірлерін «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңінде таныстыратын болады.

Байқау лауреаттарын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы республикалық комиссия анықтайды. Комиссия құрамына ведомство өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, әлеуметтік әріптестер, «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТБ және Қазақстан құрылысшылар одағының өкілдері кіреді.

«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі осы жылдың желтоқсан айында, Жұмысшы мамандықтар жылының жабылуына арналған салтанатты іс-шара аясында өтеді деп жоспарлануда.