Атырау облысының Тұрғызба ауылында иттер үй малын қырып жатыр. Тек 13 қыркүйекке қараған түні шамамен жиырмаға жуық қой мен ешкі өлген, тағы біразы жараланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бір аптадан кейін оқиға қайталанып, тағы да үш отбасының малы таланған.
«Біз ветеринарға және ит аулаушыларға хабар бердік. Бірақ олар келе қалса, ауыл тұрғындары қаңғыбас иттерін жасырып қояды да, кейін қайтадан көшеге жібереді. Соның салдарынан иттер ауыл ішінде жүріп, тек малға ғана емес, адамдарға да қауіп төндіруде», – деді Жем округінің әкімі Нұртас Қуатбаев.
Жылыой ауданының мәліметінше, жыл басынан бері аулауға жоспарланған 70 иттің тек 44-і ғана ұсталған. Жұмыс әлі де жалғасуда. Алайда тұрғындар қорқынышын жасырмайды: бүгін қойды қырды, ал ертең балаға шабуыл жасамасына кім кепіл?