Президент бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында БҰҰ Жарғысын қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келгенін ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz
«Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді.
Бүгінде біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек, стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады. 2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтан келген залалдың шығыны 20 триллион долларға жуықтады. Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс, – дейді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдайтынын мәлімдеді.
"Біз ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдаймыз, көпжақты әрекеттің жандануына күш салуымыз керек деп санаймыз.
Кең көлемде алып қарасақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жүзеге асыруға болатын шаруа. Бастысы, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанын мұқият бақыласақ болғаны.
Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз.
Сонымен қатар біз бұған дейін айтқан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынымымызды жүзеге асыруға шақырамыз», – дейді Мемлекет басшысы.