Отандастарымыз 2026 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатына жолдама үшін Италиямен екінші плей-офф матчын өткізді , деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу Астанадағы «Жекпе-жек» сарайында өтті.
Үшінші минутта қазақстандықтар сапынан Дәурен Тұрсағұлов гол соғып, есеп ашты. Алайда көп ұзамай Матеус Барикелло алыстан дәл соққы жасап, есепті теңестірді.
Тартысқа толы ойын барысында Тұрсағұловтың соққысы қақпа бағанына тиді, артынша Эдсонның пасын тиімді қолдана білген Альбет Ақбаликов алаң иелерін қайта алға шығарды. Екінші таймда қос команда да шабуылда белсенді болды. Луис Турмена айып добынан есепті теңестірсе, көп ұзамай Эдсонның бұрыштан тепкен добы қақпа ішінен табылды.
Ойын қосымша уақытқа ұласты. Мұнда да Эдсонның соққысы қақпа бағанына тиді. Ал пенальти сериясында қонақтар жеңіске жетті.
Айта кетейік, ойынға испандық төреші Алехандро Мартинесос Флорес бастаған қазылар алқасы қазылық етті.