Ерлан Қарин ішкі саясат мәселелері жөнінде республикалық кеңес өткізді

22 қыркүйек, 2025 / Інжу Әлихан
Ақорда

Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен биылғы Жолдаудың қорытындысына арналған дәстүрлі кеңес өтті. Оған Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік басқармалардың басшылары қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиында Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру, этносаралық, конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен өзара іс-қимыл, ақпарат, отбасы және жастар саясаты мәселелері қаралды.

Мемлекеттік кеңесші биылғы Жолдаудың негізгі идеясын айқындап көрсетті: «Президент жаңа ұлттық стратегияны ұсынды. Ол – ауқымды цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні енгізу. Осы арқылы Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыда дамыған ел ретінде танылуды көздеп отыр».

Сондай-ақ Ерлан Қарин ішкі саяси жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталды: «Жаңа сапалы ұлтты дамытудың маңызды шартының бірі – жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру. Оған жауапкершілік мәдениетін ілгерілету, жасампаздыққа негізделген құндылықтарды орнықтыру, «Заң және тәртіп» қағидатын бекіту жатады».

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кеңесші: «Түрлі әлеуметтік сауалдамалар қоғамның президенттік реформаларды жоғары деңгейде қолдайтынын тұрақты түрде көрсетіп келеді. Алайда салалық мемлекеттік органдар әрдайым ақпараттық алаңға мониторинг жасап, азаматтардың өзекті сұранымдарына талдау жүргізіп отыруға тиіс. Бұл ретте объективті сұранымдарды түрлі алыпқашпа әңгімелер мен манипуляциялардан ажырата білу маңызды. Бірінші жағдайда диалог арқылы бірлескен тиімді шешімдерді іздестіру керек, ал екінші жағдайда заң аясында фейктер мен жалған ақпараттың жолын кесу маңызды», деді.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, ішкі саясат саласында жаңа тәсілдерді жедел енгізудің маңыздылығы атап өтілді.