Жыл басынан бері криптовалютадан 13 млрд теңге салық түскен

Бүгін, 17:40 / Алуа Арман
istockphoto.com

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың криптовалюта операцияларынан ел бюджетіне қанша қаражат аударғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

МКК деректері бойынша, крипторынққа қатысушылардан салық түсімдері келесідей болған:

2023 жылы – 7,4 млрд теңге;

2024 жылы – 9,8 млрд теңге;

2025 жылдың басынан 22 қыркүйекке дейін – 13,1 млрд теңге.

Бұған дейін МКК цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов баспасөз мәслихатында Қазақстанда криптовалютаға салықтың бірнеше жылдан бері бар екенін және оның әкімшілендіріліп келе жатқанын атап өткен еді.

— Бұл – цифрлық актив, біз оны есептеп жүрміз. Ол 2022 жылдан бастап толығырақ реттеліп жазылған. Бұған дейін салық төлеуші криптовалютамен операциядан табыс алса, ол Салық кодексінде өзге табыс ретінде қарастырылатын және оны салық төлеушінің өзі көрсетуі қажет болатын. Ол кезде 240-нысан есептілігі қолданылды, — деп түсіндірді Талғат Әділов.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті халыққа Жолдауында Ұлттық банк базасында Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын (крипторезерв) құруды тапсырған болатын.

Ұлттық банк хабарлауынша, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп крипторезерв тұжырымдамасы әзірленуде. Онда қорды қалыптастыру көздері, оны жинақтау және пайдалану тетіктері, сондай-ақ тәуекелдерді басқару тәсілдері мен активтердің тәуекелдік профилін айқындау қарастырылып жатыр.

Тэгтер:

салық биржа нарық криптовалюта