Жамбыл облысының прокуратурасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылдың алғашқы сегіз айында жасөспірімдер арасындағы жалпы қылмыс деңгейі 16%-ға төмендеген. Алайда қыркүйек айынан бастап олардың құқықтарына қарсы қылмыстық әрекеттер мен суицид деректерінің өсуі байқалады.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров уәкілетті органдардың профилактикалық жұмысы жеткіліксіз екенін атап өтті. Осыған байланысты прокуратура қызметкерлері мен мүдделі органдардан құралған арнайы ведомствоаралық мобильді топ құру тапсырылды. Оның басты міндеті – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту.
Қазір Байзақ және Жамбыл аудандарындағы мектептердің жұмысы бағаланып, жасөспірімдер арасындағы буллинг, бопсалау және суицид жағдайлары зерделенуде. Осындай шаралар Тараз қаласы мен өзге аудандарда да жалғасуда.
Нақты нәтижелердің бірі 2025 жылғы 19 қыркүйекте Шу ауданында 11-сынып оқушысының 9–10 сынып оқушыларынан ақша бопсалағаны бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ, прокурор Тараз қаласы мен Шу ауданында үш жасөспірімнің қаза болуына әкелген қайғылы оқиғаларға қатысты қылмыстық істердің тергелу барысы туралы есептерді тыңдады. Бұл істер бойынша процессуалдық прокурорлар бекітіліп, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстардың тергелуі облыс прокурорының жеке бақылауына алынды.