Қорғаныс министрі екі дүркін әлем чемпионын медальмен марапаттады

Бүгін, 15:58 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінде армия спортшысы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы қатардағы жауынгер Алуа Балқыбекованың құрметіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ол Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов спортшыны жеңісімен құттықтап, оның ерлігі мен табандылығын атап өтті. Министрдің айтуынша, Балқыбекованың жетістіктері жастарға үлгі болып, жеңіске деген сенім мен жігердің маңызын көрсетеді.

Сонымен қатар қорғаныс министрі Армия орталық спорт клубы бокс командасының басшысы аға лейтенант Әлішер Омаркұловқа кәсіби еңбегі мен чемпионды дайындаудағы үлесі үшін алғыс айтты.

Елеулі жетістіктері үшін Алуа Балқыбекова «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталды. Ал Әлішер Омаркұловқа мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы берілді.

Өз кезегінде Алуа Балқыбекова қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдіріп, Қорғаныс министрлігіне әйелдер құрамасының әлем чемпиондары қол қойған бокс қолғаптарын сыйға тартты.