«15 қымбат көлік, пәтерлер»: Зейнетақы жинағына «тіс емдеген» күдіктілердің мүлкі көрсетілді (ВИДЕО)

Бүгін, 11:31 / Інжу Әлихан
ҚМА

Қаржы мониторингі агенттігі Атырауда зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару ісі бойынша күдіктілер иемденген мүліктерді көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін Атырау облысында зейнетақы жинақтарын заңсыз шешіп алудың ауқымды схемалары әшкереленген еді. Қаржы мониторингі қызметкерлері "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-нан қаржыны заңсыз алу үшін жалған медициналық құжаттар рәсімдеумен айналысқан бес ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін анықтады.

Бұл схеманы жүзеге асыру үшін күдіктілер Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге қалаларда 30-дан астам "стоматологиялық клиниканы" ашқандай көрсеткен.

Алайда іс жүзінде бұл медициналық мекемелер тек қағаз жүзінде болған: ғимараттары мен жабдықтары болмаған, білікті қызметкерлері жоқ, басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі болмаған.

Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер зейнетақы жинақтарынан шешілген қаражаттың 10-20%-ын өздеріне алып отырған.

"Фиктивті клиникалар мен 226 дроппер арқылы 200 миллиард теңгеден астам қаржы шығарылды. Салымшылардың ақшасына күдіктілер құны 600 миллион теңгеден асатын 15 элиталы автокөлік, сондай-ақ коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған", – деп мәлімдеді қаржы мониторингі агенттігі.

Айта кетейік, қаржы мониторингі ұсынған кадрларда күдіктілердің осы қылмыстық іс аясында сатып алған элиталы көліктері мен жылжымайтын мүліктері көрсетілген.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында қаржы мониторингі агенттігі мен прокуратураның бірлескен тергеуі барысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз шешкен ұйымдасқан қылмыстық топтар әшкереленді