Түркияда қазақ тілін үйренгісі келетіндердің қатары артып келеді, деп хабарлайды 24.kz.
Алғаш рет былтыр Анкара университетінің тіл оқыту орталығында қазақ тілі курсы ашылған еді. Бір жылда 50-ден астам адам тілді еркін меңгеріп шықты. Тілі басқа болса да, тілегі бір бұл халық қазақ тіліне ерекше қызығады. Сол себепті студенттер ғана емес, түрлі салада еңбек етіп жүрген білікті мамандар да тілді үйреніп жүр. Кестесі тығыз болса да, әр сабақты қалт жібермейді. Тіпті курсқа қазақ мәдениетін зерттеп жүрген жас ғалымдар да қатысып жүр.
"Қазақ тілін бір жылдан бері үйреніп жүрмін. Қазіргі таңда еркін меңгердім. Негізі түрік тіліне ұқсас болғандықтан қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ", - дейді ЭГЕ университетінің PHD докторанты Хаят Дениз Илташ.
Дәрісті қазақ емес, түрік оқытушы өткізеді. Ұлты басқа болса да, қазақтың ұлттық құндылығын еркін меңгерген. Әр сабақта білім алушыларға халқымыздың дәстүрі мен бай мәдениетін дәріптеп отырады.
"Қазақ тіліне сұраныс, талап болып жатыр. Көбінесе университетіміздің студенттері келіп үйреніп жатыр. Жұмыс істеп жүрген қызметкерлер де қазақша үйренгісі келеді", - дейді Тіл оқыту орталығының оқытушысы Севил Караман.
Тек қана үйреніп шығумен шектелмейді, қазақ тілінде өлең жазатындар да бар. Тіпті ән айтатындар бар. Қазақша еркін сөйлеп жүргендер де көбейіп келеді.
Сабақ түрік тілді аудиторияға арналған оқу құралы арқылы өткізіледі. Оқулықты екі жыл бұрын жергілікті ұйымдармен бірлесіп, "Тіл-қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген. Бұл – бастапқы деңгейге арналған. Енді орталық мамандары орта деңгей бойынша оқу құралын басып шығаруды жоспарлап отыр.
"Қазақ тілі курсын ашуға түрік тарихы, мәдениет қоры мен Анкарадағы Қазақстан елшілігі мұрындық болды. Біздің мақсатымыз – Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтып, мәдени ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру. Сол себепті осы бағыттағы міндетімізді жалғастыра береміз", - деп атап өтті Тіл оқыту орталығының директоры, профессор Тимур Гүлтекин.
Қазақ тіліне қызығушылықтың артуы қос ел арасындағы достық пен мәдени байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бастама түркі халықтарының ынтымақтастығын да күшейте түспек.