«Қайрат» «Реалды» жеңсе, әрбір ойыншыға көлік сыйлаймын»: Тұрсын Алагөзов тосын мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

20 қыркүйек, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Коллаж: turkystan.kz

Алматы күніне орай кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов жасаған тосын мәлімдеме қазақстандық спорт жанкүйерлерін елең еткізді, деп хабарлайды turkystan.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі үндеуінде 10 күннен кейін өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы көптен күткен ойынға тоқталып, жеңіске жеткен жағдайда командаға ерекше сый тарту ететінін жеткізді.

«Алматы күні – әрқайсымыз үшін ерекше мереке. Мен де барша қазақстандық патриоттар секілді сүйікті шаһарымыздың туған күнін атап өтудемін. Ал дәл он күннен кейін еліміздің басты мақтанышы – «Қайрат» әлемнің ең мықты клубтарының бірі «Реал Мадридпен» жасыл алаңға шығады. Елімнің азаматы ретінде әрі туған күнімнің қарсаңында мен мынадай уәде бергім келеді: егер «Қайрат» жеңіске жетсе, алаңға шыққан әрбір ойыншыға автокөлік сыйлаймын. Алматы – әлемнің астанасы, «Қайрат» – чемпион!» – деді кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов.

Айта кетейік, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы тарихи кездесу он күннен кейін өтпек. Бұл тек қазақстандық футбол үшін ғана емес, тұтас ел спорты үшін айтулы оқиға болары сөзсіз.