Жаңалықтар

Кеденшілер кейбір пойыздарды тексермейтін болады

ашық дереккөзі

Кеденшілер кейбір пойыздарды тексермейтін болады

Қазақстан қаласынан шығып, Ресей аумағы арқылы өткеннен кейін қайтадан еліміздің аумағына кіретін пойыздарды кеденшілер тексермейді. Бұл туралы Мәжілістегі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Уәлихан Қайназаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы орайда ол іргелес жатқан мемлекеттің аумағы арқылы пойыз тоқтаусыз жүрген кезде тексеру жасалмайтынын нақтылады. «Астана-Орал» бағытында екі сағатқа жуық уақыт тексеріске жұмсалады. Алайда бізде басқа да бағдарлар бар: «Алматы-Орал», «Орал-Ақтөбе», «Астана - Лениногор». Бұл норма енгізілгеннен кейін пойыздың тоқтаусыз қозғалысы талабымен шекаралық, кедендік және басқа да қадағалау шаралары іске асырылмайды. Яғни жолаушылар еш тексерусіз жүріп өтеді. Жақын арада «Астана-Орал» жүрдек пойызын іске қосу жоспарланып отырғанын атап өткен жөн. Осы орайда елордадан Оралға жылдамырақ жетуге мүмкіндік болады», - деді Қайназаров. ҚР ҰКҚ Шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділмановтың атап өтуінше, ресейлік әріптестерімен тиісті уағдаластық бекітілген көрінеді. «Егер де аталған пойыз РФ аумағы бойынша мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде біздің және Ресей тарапынан қосымша тексерумен қамтылмайды. Яғни шекаралық әрі кедендік қадағалау жасалмайды. Бұл ретте транзиттік талап назарға алынады. Осы тұрғыда ресейлік шекара қызметімен уағдаластық жасалды. Бұл пойыздардың Ресей аумағынан тексерусіз өтетіндігі жаңа тәртіпте қарастырылған», - деді ол.