Әскерде көз жұмған сарбаз жер қойнына тапсырылды (ВИДЕО)

Бүгін, 11:43 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Шымкентте Мәттібұлақта әскери борышын өтеп жүріп көз жұмған 19 жастағы Дінмұхаммед Шынарбек жер қойнына тапсырылды. Оның жаназасына туыстары, достары және ауылдастары жиналды, деп хабарлайды turkystan.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.

Марқұмның туыстары әскери бөлім таратқан «өзіне қол салды» деген шешімге сенбейді. Олардың айтуынша, Дінмұхаммедтің қолы байлаулы болған, ал денесін ағашқа асылған күйінде тапқан.

«Олар мұны қалай айтады? Бұл – өтірік. Оның қолы байлаулы болды, ал өзі асулы табылды. Сонда кім сенеді бұған? Арқасына қолын байлап, адам өзін-өзі қалай асып қоя алады? Бұл мүмкін емес қой. Олар мұны айтуға қалай дәті барды?» – дейді марқұмның анасы Бибінұр Қалтаева.

Жерлеу рәсіміне марқұм қызмет еткен әскери бөлімнің өкілдері де қатысты. Туыстары олардан түсінік беруді талап етіп, көптеген сұрақ қойды. Қорғаныс министрлігі марқұмның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Қазір тергеу жүріп жатыр. Егер нақты бір адамдардың кінәсі немесе салғырттығы анықталса, олар ең қатаң жазаға тартылады», – деді Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышев.

Белгілі болғандай, Дінмұхаммед өмірден өтерден 20 күн бұрын ғана 19 жас толған. Туған күніне ата-анасын шақырғанымен, анасы қаржылай қиындыққа байланысты Алматы облысына бара алмаған.

Мектептің 9-сыныбын аяқтаған соң, Дінмұхаммед аспаз мамандығы бойынша колледжге түсіп, оқуымен бірге жұмыс істеген. Оның басты арманы – өз кондитерлік цехын ашу болған.