8 айда 912 медаль: Отандық спортшылар тарихи рекорд орнатты

Бүгін, 17:50 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қазақстан әлемдік спорт аренасындағы беделін нығайтып келеді. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында отандық спортшылар 912 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 351-і – алтын, 270-і – күміс, 291-і – қола, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жерлестеріміз мұндай жетістікке мемлекеттің спортқа жүйелі қолдауының, жаттықтырушылар құрамының орасан зор еңбегінің, спорт федерацияларының үйлесімді жұмысының нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Бұған қоса ұлттық құрамаға шетелдік мамандардың келуі және жаңа әдістемелердің енгізілуі де маңызды рөл атқарды.

Биылғы маусымдағы негізгі тарихи жеңістер:

• Шорт-трек – қысқы Азия ойындарындағы алғашқы алтын;

• Фристайл-могул – әлем чемпионатының қола медалі;

• Фристайл-акробатика (синхронды секіру) – қысқы Азия ойындарындағы алғашқы алтын;

• Семсерлесу – әлем чемпионатындағы алғашқы тарихи медаль;

• Көркем гимнастика – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы алтын;

• Дзюдо – әйелдер арасындағы әлем чемпионатындағы тарихи финал және алғашқы күміс медаль;

• Бокс – World Boxing ұйымы аясындағы алғашқы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте 1-орын;

• Мәнерлеп сырғанау – 2025 жылғы әлем чемпионатындағы күміс медаль;

• Пара биатлон – Әлем кубогының қорытындысы бойынша Хрусталь глобустың иегері.

Отандастарымыз командалық спорт түрлерінде де маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, «Қайрат» футбол клубы алғаш рет өз тарихында Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті. Ал футзалдан «Қайрат» командасы УЕФА Чемпиондар лигасының күміс жүлдегері атанды.

Сегіз айдағы жетістіктер – отандық спорттың қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Енді спортшыларды Милан-2026 қысқы Олимпия ойындары алдында жауапты маусым күтіп тұр. Бұл жеңістер Қазақстанның әлемдік спорттағы беделін одан әрі арттыра түседі.

Тэгтер:

Медаль спорт жүлде жетістік