Алматыда даяшыға аяғын сүрткізген тұрғын жазаланды

Бүгін, 17:30 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Алматыдағы мейрамханалардың бірінде даяшыға дөрекі сөздер айтып, кір аяғын сүрткізген бойжеткен жазаланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары дәмханалардың бірінде жанжал шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзған қыздың жеке басын анықтады. Ол өзін өрескел ұстап, былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

«Аталған дерек бойынша «Ұсақ бұзақылық» бабымен әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушы Атырау қаласында ұсталды. Түсініктемесінде ол кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Полиция ескертеді: айналаға және Заңға құрметсіздік көрсетуге жол берілмейді. Қоғамдық орындардағы мәдениетті мінез-құлық – «Заң және Тәртіп» қағидатының негізі», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін даулы видеоның желіде жарияланғаны хабарланған болатын.

Тэгтер:

Алматы