Жамбыл жастары жасампаздыққа ұмтылады

Бүгін, 13:03 / Дана Ізтілеуова

Бүгінде жасампаздық пен жаңашылдыққа ұмтылып жүрген жастардың аймақ аспай-ақ көп шаруа тындырып жүргенін байқап жүрміз. Қазіргідей әлеуметтік желінің хат-хабар алысудың құралы болудан бөлек, жаңа медиа түрі ретінде танылған уақытында аймақтағы, тіпті шалғай ауылдардағы жастардың игі іс атқарып жүргеніне көпшілік куә. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ел халқына Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады» деп жастарды қолдау ісіне әрдайым айрықша мән берілетінін атап өткен болатын. Осы орайда Turkystan.kz апта сайын еліміздің әр аймағындағы жастардың әлеуеті, оларды қолдауға бағытталған бастамалар туралы мақалалар топтамасын ұсынбақ. Алдымен 360 мыңға жуық жас тұратын Жамбыл облысындағы жастардың жағдайы туралы баяндағанды жөн санадық.

Жамбыл облысындағы жастардың 41,8 пайызы қалада, ал 58,2 пайызы ауылдық елді мекенде тұрады. Өңірде жастардың әлеуметтік және жеке дамуына жәрдемдесуге және жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған 13 «Жастар ресурстық орталығы» қызмет атқарады.  Ол ресурстық орталықтың директоры Айбек Кадралиев берген мәлімет бойынша, жыл басынан бері аталған орталықтардың ұйымдастыруымен 11 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, 300 мыңнан астам қамтылған.

Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғандықтан, жастарға өндіріс орындарының тыныс тіршілігі, зауыттардың жұмысы, техникалық құрал жабдықтары мен жұмыс барысын кеңінен таныстыру және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында «Alashprom», «КазФосфат» ЖШС-нің зауыттарына экскурсиялар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және оларды насихаттау бойынша «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыптарында еңбек адамдарымен кездесулер өтті.

Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтарда білім алатын жастар үшін «Кәсіби маман – 2025» байқауы өтті. Бәсекеге толы байқауға аспаз ісі, тігін шебері, қолөнер шебері, дәнекерлеуші, шаштараз ісі мамандықтарында оқитын жастар қатысып, бақтарын сынады.

Жастарды облыстан шыққан танымал тұлғалардың өмір жолымен, облыстың тарихи-археологиялық орындарымен, халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен (ертегілер, аңыз әңгімелер мен әфсаналар, қиссалар мен эпостар) таныстыру, жастардың патриоттық сана сезімін нығайту арқылы қоғамдық-саяси өмірге тарту және мәдени, рухани құндылықтарын арттыру мақсатында «Әулиеата жауһарлары» тарихи-танымдық экспедициясы өтті. Экспедиция барысында қатысушылар өңірдің көне қалашықтары мен тарихи орындарын аралап, аңызға толы Әулиеата өңірінің құнды жәдігерлерімен танысты.

Жаңа идеялар, тың бастамалар мен жігерлі жастар бір алаңда тоғысқан «BOLASHAQ JASTAR QUATY – 2025» жастарды бейресми оқыту лагері өтті. Лагерь қатысушыларға өзін-өзі дамыту, көшбасшылық дағдыларын шыңдау және ортақ жобалар құруға мүмкіндік берді. Лагерь барысында қызықты тренингтер, командалық сайыстар мен кездесулер ұйымдастырылып, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа серпін сыйлады.

«Биыл Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен облыста «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алған болатын. Осы орайда Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов, Меркі, Талас, Сарысу аудандарында өңірлік жоба аясында кездесулер, дөңгелек үстелдер, аудан жастары арасында «KitapIQ» зияткерлік сайыстары өткізілді. Сондай-ақ, қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай бірқатар әдеби байқаулар өтті.

Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнату және қоғам арасында кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жастардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлыққа, темекіге және құмар ойындарға тәуелділіктің зардабын кеңінен түсіндіру мақсатында Тараз қаласында  орналасқан жоғары оқу орындарымен арнаулы орта оқу орындарында кездесулер, түсіндірме жұмыстары өткізілді», – дейді орталық директоры Айбек Кадралиев.

Жастар ресурстық орталығы басшысының мәліметінше, жастарды есірткі және басқа да қауіпті заттардан қорғау қоғамдық орындарда заңсыз жарнамаларына жол бермеу мақсатында «QORGAN24» жобасы аясында тыйым салынған заттарды заңсыз жарнамалайтын граффити жазуларын өшіру акциясы қаламыздағы мөлтек аудандарда ерікті жастармен бірге өткізілуде.

Одан бөлек, Жамбыл облысы Полиция департаментімен бірлесе қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Кәмелет жасына толмаған жастардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алу және құқықбұзушылықтарына жол бермеу бағытында «Қоғам сақшысы» атты түнгі рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы биылғы жылы да өңірде жалғасын тауып, көгалдандыру және қоршаған ортаны таза ұстау жұмыстарына жалынды жастар ауқымды үлес қосып келеді. Биылғы акция аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының белсенді эковолонтерлерінің қатысуымен мыңдаған көшет егіліп, аумақтар тазартылды. Бұл атқарылған жұмыстар тек бір күндік шара емес, ол экологиялық мәдениетті күнделікті өмірге енгізуді көздейтін кең ауқымды қозғалыс болғандықтан, өңірде алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Бүгінде жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта өңірде Жастар ресурстық орталықтарының тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып, жастарға арналған еңбек нарығындағы мүмкіндіктер кеңейтілуде. Жамбыл облысында да жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шаралары қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде кеңес беру алаңдары, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімі» сынды т.б. мемлекеттік бағдарламалар арқылы жас мамандардың кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбекке орналасуына қолдау көрсетілуде.

Жақында елімізде жастар арасында отансүйгіштік сезімін арттыру, ұлттық бірлікті нығайту мақсатында «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясы бастау алды. Акция аясында Жамбылдың жалынды жастарының белсенділігі жоғары болды. Облыс жастары әлеуметтік желілерде патриоттық челлендждер, эстафеталық марафондар түсіріп, басқа да өңірдің белсенді жастарына жолдады. Бұл бастама – жастардың шығармашылық әлеуетін ашып қана қоймай, оларды ел болашағы үшін жауапкершілік алуға тәрбиелеуді мақсат етеді.

Жамбыл жастары ел игілігі жолында белсенді еңбек етіп, түрлі бастамаларды жүзеге асыруда. Олардың табысы – аймақ табысы, олардың жетістігі – ұлттың жетістігі. Әрбір жасқа қолдау көрсету – еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етудің сенімді қадамы. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей, жас буынның қуаты мен жігері Жамбыл облысының  дамуына тың серпін беріп келеді», – дейді А.Кадралиев сөз соңында.

Тэгтер:

Жамбыл жастары Айбек Кадралиев Жастарды қолдау Жастар ресурстық орталығы