«AMANAT»: ШҚО-дағы шалғай ауылдардағы жағдайды жақсарту – басты назарда

Бүгін, 11:45 / Дана Ізтілеуова

«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырған көшпелі қоғамдық қабылдау барысында партияның Орталық аппаратынан келген мамандар мен тиісті мемлекеттік мекемелердің өкілдері Марқакөл өңірінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл қабылдау облыстың ең шалғай шекаралық аймақтарының бірі саналатын Марқакөл ауданында өтті.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Сағындық Жылқыбаев, ШҚО мәслихатының депутаты Ғани Шаймарданов, Марқакөл ауданының әкімі Рүстем Кемешев, аудандық мәслихаттың төрағасы Мамырбек Калелов қатысты.

Жиын барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жолдардың сапасы мен көлік қатынасының қиындығы, интернет пен ұялы байланыс желісінің әлсіздігі, білім беру саласындағы түйткілдер, сондай-ақ дәрігер мамандардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер қозғалды.

«Мұндай қабылдаулардың негізгі мақсаты – халықтың мәселелерін тікелей тыңдап, нақты шешу жолдарын қарастыру. Әрбір мәселе назарға алынады, біз тұрғындардың сенімін ақтау үшін жауапты органдармен бірлесе жұмыс істейміз. Шалғай ауылдардағы жағдайды жақсарту – партияның басты назарында», – деді «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхамед Жұмабек.

Сонымен қатар, қабылдау аясында партия мүшелері шалғай ауылдарды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары бойынша  тұрғындарды ақпараттандырды.

«Біздің аудан алыста болғандықтан көп жағдайда мәселелеріміз елеусіз қалып жатады. Бүгін партия өкілдері келіп, бізді тыңдап, сұрақтарымызға жауап бергеніне қуаныштымыз. Әсіресе, жол мен байланыс мәселесінің шешілуіне үміттеніп отырмыз», – деді Марқакөл ауданының тұрғыны.

Тэгтер:

Шығыс Қазақстан облысы шалғай ауылдар