Жасампаздық пен жаңашылдық

Бүгін, 15:30 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жастар – елдің қуаты, үлкен әлеуметтік-демографиялық күш. Елдің келешегінің қандай болмағын солардың қандай екеніне қарап бағамдауға болады. Биылғы ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 6 миллионға жуық жас азамат бар, бұл – ел халқының үштен бірі.

Жалпы, жастар мәселесіне жал­пы­ла­ма атау бере салғанымызбен, оның көңіл бөлуге тиіс тармақтары өте көп. Тегін білім­нен бастап, жұмыспен, баспанамен қам­тамасыз ету, жастардың бос уақытын тиім­ді өткізуіне атсалысу да күрделі, жауап­кершілікті талап ететін іс. Күрмеуі қиын мә­селелер қатарына жастардың миграция­лық көңіл күйі де енеді. 
Қазір жастардың көзқарасы, талғамы, та­нымы да өзгеріп жатыр. Цифрлық техно­ло­гиялар заманы өз ықпалын жүргізбей қой­майтыны да анық. Білімді, көзі ашық, жан-жақты ойлай алатын таным көкжиегі кең жастардың көбейіп келе жатқаны көңіл қуан­тады. Бұған Президент биылғы Жол­дауын­да баса назар аударып, тоқталған бола­тын. 
– Бүгінде патриотизм деген сөздің сипа­ты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлше­не­тін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлт­тық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әри­не, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт бол­мы­сы­ның арқауы. Оны бізден ешкім тартып ал­май­ды, оған алаңдауға еш негіз жоқ. Қазіргі кө­кірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың ба­сым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлт­шыл­дықты қолдамайды. Олар үшін пат­рио­тизм­нің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ өскелең ұр­пақтың бойындағы патриотизм болашақ­қа деген шынайы ұмтылыстың, қоғам сана­сын­да болып жатқан сілкіністің айқын кө­рі­нісі деп есептейтінін де айтты.
– Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пай­дасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көр­кейген мемлекет ретінде көргісі келеді. За­манауи технологияларды меңгеріп, хал­қымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қо­суға талпынады. Өскелең ұрпақтың бойын­дағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастар­дың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін, – деді Президент.
Жастар саясаты да салмақты мәселе. Тәуелсіздік жылдары елімізде жас­тар саясатына тың серпін беру үшін талай мемлекеттік бағдарлама жасақталып, тиісті заңдар қабылданғанын білеміз. 2019 жылы жас буынды саяси аренаға шығарып, мемле­кет­тік жүйені жетілдіру мақсатында Мемле­кет басшысы Президенттік жастар кадр ре­­­­­зер­він құруды тапсырған болатын. Бұл бағытта да жастардың белсенділігі жақсарып келеді. Жалынды, дарынды жастарға қолдау әрқашан болатыны, елін көркейтуді мақсат тұтқан жас буынның жолы ашық екені де Жол­дауда айтылған еді.
– Ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көр­кейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақ­ты қолдау көрсете береміз. Біз қолға ал­ған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жар­қын болашағы үшін жасалып жатыр. Өс­келең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады. Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұс­таз­дан болады» деп айтқан. Бұл нақыл сөз­ге Мемлекет басшысы ретінде қосарым: Өр­кениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жанындағы саяси зерттеулер институтының Шымкент қаласындағы өкілі, Өңірлермен жұмыс істеу бөлімінің бас сарапшысы Данара Саранова осы бағыттағы жұмыстардың қаншалықты жүзеге асқаны ел экономикасының қарқыны мен жаһандық бәсекеге деген қабілетіне тура пропорционал деген пікір айтты. Себебі жаһандық бәсеке­лес­тік жағдайында адами капитал ел тұрақ­тылығының басты факторы саналады. 

Данара Саранова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Шымкент қаласындағы өкілі, Өңірлермен жұмыс істеу бөлімінің бас сарапшысы:

Жастар саясаты жаңа кезеңге 
қадам басты

– Президент Жолдауында жастар «қолдауға мұқтаж топ» емес, ұлттық дамудың стратегиялық ресурсы деп аталған. Мемлекет басшысы «Адал азамат», яғни адал, еңбекқор және жауапты ұрпақ қалыптастырудың маңызын айтты. Жаһандық бәсекелестік жағдайында адами капитал ел тұрақтылығының басты факторы саналады.
Мемлекет басшысы «Сондықтан біз білімге талпынған, еліміздің өркендеуін ойлайтын жастарды әрқашан қолдайтын боламыз, атқарып жатқан ауқымды істердің барлығы да өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін» деп ерекше атап өтті.
Кейінгі жылдары Қазақстандағы жастар саясаты институционалдық сипатқа ие болды. Бұрын бұл салада жеке бастамалар басым болса, бүгінде нақты нәтижелер мен көрсеткіштерге негізделген жүйелі қадамдар байқалады.
Біріншіден, білім қолжетімді бола түсті. 2024-2025 оқу жылында мемлекет бакалавриатқа шамамен – 79 мың, магистратураға 13 мыңнан астам, докторантураға 2 мыңға жуық грант бөлді. Ал 2025-2026 оқу жылына 77 мыңнан астам грант қарастырылған, оның 60 пайызы техникалық және инженерлік мамандықтарға бағытталған.
Мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2026 жылға дейін 740 мың оқушыға арналған 369 заманауи мектеп салу жоспарлануда. 2024 жылы 217 мектеп салынып, пайдалануға берілді, ал 2025 жылы тағы да 152 мектеп ашылады. Бұл үш ауысымды оқытуды толықтай жойып, ауыл мен қала балаларына тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, жұмыспен қамту және еңбек нарығы. «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары жастарды жұмыспен қамтудың тиімді құралдарына айналды. 2024 жылы бұл бағдарламаларға 33 мыңнан астам жас маман қатысып, олардың 80 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Нәтижесінде, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызға дейін төмендеді, бұл республикалық орташа көрсеткіштен 4,7 пайызға төмен.
Үшіншіден, бұл – әлеуметтік қолдау. «Жас Отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы жас отбасыларға 5 пайыз жылдық мөлшерлемемен баспана алуға көмектеседі. Еліміздің 17 өңірінде жас мамандарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл кадрларды өңірлерге бекітіп, аймақтардың дамуына серпін береді.
Төртіншіден, жастарды азаматтық бастамаларға тарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Бұл олардың көшбасшылық қасиетін дамытып, ел болашағына жауапты екенін сезінуге ықпал етеді. Волонтерлікті жүйелі түрде қолдаудың арқасында бүгінде елімізде әлеуметтік бастамаларға қатысатын 250 мыңнан астам жас волонтер бар. «Taza Qazaqstan» кампаниясы аясында 2024-2025 жылдары 6,9 мың іс-шара өткізіліп, шамамен 1 миллион адам қатысқан. Ал бұл бастамалардың негізгі қозғаушы күші – жастар.
Таланттарды қолдау да назардан тыс қалған жоқ. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары жүзеге асырылып, «Дарын» мемлекеттік сыйлығы беріледі, сондай-ақ «Азамат» пен «XXI ғасыр көшбасшысы» тележобалары қайта жанданды. Мұның барлығы белсенді әрі креатив жастардың әлеуетін ашуға арналған алаңдар қалыптастырады.
Президент болашаққа деген нақты бағдарларды анықтап айтты. Оның ішінде Президент кадр резерві мен өңірдегі көшбасшы мектептерді дамыту, жастар орталықтары мен коуоркингтер желісін кеңейту, ғылым, инновация, бизнес, IT, мәдениет және волонтерлік бағыттар бойынша гранттық бағдарламаларды іске қосу бар. 2025 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық байқауы аясында 3 млн теңгеден 30 грант бөлінсе, өңірлік деңгейде қосымша 277 грант қарастырылған.
Қазір Жастар саясаты кемелдену кезеңіне қадам басты. Мемлекет саннан сапаға көшті. Осы бағдарлар қаншалықты дәйекті жүзеге асырылса, Қазақстан экономикасының қарқыны мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігі де соншалықты артпақ.

Дегенмен шешілмей келе жатқан проблемалар бары жасырын емес. Бәрін қойып, берісін айтқанда, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге баулу қажет-ақ. Кітапхана мен спорт алаңдарын көбейтіп, дамушы орта құруға бағыт беретін бастамалардың болғаны да жастардың құндылықтарын жақсы арнаға бұрудың таптырмас құралы бола алар еді. Әсіресе, ауыл жастарының қатардан қалыспай дамуына жағдай жасау аса маңызды.
 

Тэгтер:

жастар Жастар саясаты