Атылуын күткен алты күн

Бүгін, 15:15 / Túrkіstan International Political Weekly

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлімнің «Атылуын күткен алты күн» атты романы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Бұл – еңбек алаш арысы Сейдәзім Қадырбаевтың өлім алдындағы соңғы сәттерін бүкіл ғұмырнамалық кеңістігінде қамтып суреттейтін тарихи туынды. 

Өмірінің ақырғы сәтін күткен адам қандай күйде болушы еді? Өткеніне ой бойлатып, өмірінің тәтті де ащы кездерін есіне оралтар. Жаңылысқанына өкінер, жақсы істеріне бір сәт болса да іштей қуа­нар. Ал соңғы демі үзілер сәтті күтіп, түр­меде сарылған алаш ардақтысының ойында не болды екен?.. Шығарманың ерек­шелігі – автордың осы бір сұраққа жауап іздеуі. Жай жауап емес, кейіп­ке­рі­нің жан күйзелісін ақтарып, оқырманды тұлғаның бар болмысын біліп-тануға жетелейді. Жазушы негізгі идеяны өлімді кү­туге байлап қойған жоқ. Ұлы тұлғаның елі үшін сіңірген еңбегі де бірталай уақыт, яғни белгілі бір кезеңдерді күтіп барып жарыққа шыққанын аңғартып тұрған-
дай.
Сейдәзім Қадырбай өлім алдындағы қорқыныштан гөрі халық қамын көбірек ой­лайды. Бұл тәсіл оның образын жоғары деңгейге көтеріп, тас-түйін толықтырып  тұрады.
Сол бір аумалы-төкпелі кезең шы­найы әрі кез келген оқырман қабылдай алатын деңгейде жазылған. Автордың шын мәнінде болған оқиғаларды жүйелі зерттеп, терең зерделегені айқын сезіледі.
Автордың көркем бейнелеуде ысыл­ған шеберлігі байқалады, шығармадағы келтірілген мысалдар оқиғаның ажарын  аша түседі. Мысалы:
«Мылтық гүрсілінен қарқылдай жан­та­ласқан қара қарғалар Воронеж аспа­нын жауып тастағандай еді... Бір оқтық Өмір қас қағымда мәңгілік Өмірге айна­лып жүре берді...». Шығарма осылай аяқ­талады. Бұл үзінді оқырманның жан дү­ние­сін сілкілеп, романның драмалық әсе­рін күшейте түскен.
«Атылуын күткен алты күн» романы – қазақ әдебиетіндегі алаш тақырыбын қай­та жаңғыртып, тарихи тұлғаны ерек­ше бір сипатта бейнелеген, ұлттық про­заға  жаңа леп берген мәнді шығарма. Бұл туындыны ұлттың жадын жаңғыртуға жасалған үндеу десек те болады.
Сейдәзім Құлмағамбетұлы Қадырбай 1885 жылы Торғай уезі, Науырзым болы­сын­дағы Сарықопа бойында (қазіргі Жан­келдина ауданы) дүниеге келген. Биыл тұлғаның туғанына 140 жыл толып отыр. 
Ол 1918-1920 жылдары А.Байтұрсын­ұлы, М.Дулатұлы сынды қайраткерлермен Торғайдағы Алашорда әскери бөлімінің мүшесі болып, Алаш әскерін жасақтауға да кө­мектескен. Алашшыл азамат Қазақ автономиясының тұңғыш Ата Заңы автор­ларының бірі. 

Аслан ҚАНҒОЖИН

Тэгтер:

Күн алты