1891-1892 жылдары қазақ өлкесіне қара шекпендердің, ресей келімсектерінің алғашқы толқыны ағыла бастады. Жайылымның тарылуы, мал басының күннен-күнге азаюы жергілікті халықты күйзеліске ұшыратты. Сөйтіп, XІX ғасырдың аяғында кедейлескен қазақтардың ұлт болып қалуына барған сайын қауіп төнген-ді.
«XX ғасырдың басында, – деп көрсетеді француз ғалымдары А.Бенигсен мен Ш.Келькежей, – қазақ зиялыларының дүниетанымында патшалық Ресейді жек көру, ашыну сезімі қалыптасты. Бірақ саяси топтар құрып, оны өкіметке қарсы бағыттауға, халықты оятуға әлі күш жоқ еді, дегенмен де 1902-1903 жылдарда – патша өкіметіне қарсы қазақ тіліндегі алғашқы жасырын үндеулер пайда болды. 1888 жылдан бастап Омбы қаласында «Дала уәлаятының газеті» шығып тұрды. Газет бетінде қазақ зиялылары көтерген мәселелер үш тақырып аясында: ұлтты құрып кетуден сақтау, көшпелілер жерлерін отарлаудан қорғау және дінді қорғау төңірегінде өрбіді. Бұдан саяси сахнада әлі де саны аз, бірақ идея жағынан күшті феодалдық аристократиядан шыққан либералдық интеллигенцияның пайда болғанын байқауға болады. 1905 жылғы 18 ақпандағы манифестің жариялануы қазақтардың саяси күресінің басталуына дабыл қақты. Дала аймағында митингілер ұйымдастыруға дем берді, онда экономикалық және діни мәселелер өте қызу талқыланды».
Қазақтардың саяси өмірінен берген француз зерттеушілерінің бұл сипаттамасы қазақтың ұлтжанды азаматы Әлихан Бөкейханның 1910 жылы жазған тұжырымдамасымен үндеседі: «...Бүкіл дала өлкесі саясат аясына тартылып, азаттық қозғалысының дүрмегіне ілінді де кетті, қазақ халқының мұң-мұқтажы жөніндегі қызу хат алмасу басталды. 17 сәуірдегі дін жөніндегі жарлық халық көңіл күйін одан әрі тасытты. 1905 жылы көктемде еркін өмірдің басталуымен дала өлкесінде жазғы қоныстарда сияздар ашылып, онда бүкіл қазақ ұлтының мұң-мұқтаждары талқыланды. Осы жылдың барлық үлкен далалық жәрмеңкелері саяси алаңына айналды...».
Әлихан Бөкейханұлы төңкеріске дейінгі қазақ интеллигенциясының негізгі екі тобын көрсетеді: «...Бір жағынан, өз отанының бағытын батыс мәдениетінің өнуінен жеміс көретін зиялылар; екінші жағынан ұлттық, діни ерекшелікпен тәрбиеленген интеллигенция шықты. Бұл соңғылары дінді алдыңғы қатарға қойды, мұсылмандық өмірден қол үзуден ешкім де, ешқашан да басып өте алмайтынын айтты. Егер орыс интеллигенциясымен салыстырып көрсек, онда қазақ зиялыларының алғашқы тобын батысшылдар деп, ал екінші тобын түрікшілдер деп атауға болар еді...».
Міне, Міржақыптың «Оян, қазақ!» атты кітабы (1909) дәл осындай тарихи уақытта жарыққа шықты. Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, азуы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ зиялыларының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрестің алғашқы дүмпуі деп бағалау артық болмас еді. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Сол үшін де Ахмет Байтұрсынұлы ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп ұран салды. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Әлихан Бөкейханұлы орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазып қару ретінде қолданды.
Әрине, мұндай белсенділік пен оны қолдаған халық арасындағы дүмпудің зор болуы, батыл ұстанымдары мен ел серкелерінің шешімдері озбыр да өктем патша өкіметі назарына бірден ілігіп, қатты қысым көрді. Көптеген арыс жауапқа тартылып, түрмеге жабылды. Елге «іріткі салуларына» қатаң тыйым салынды.
Осындай зорлық-зомбылықтардың кеңінен болғанын сол кездері қазақ даласын басқару орталықтары болған Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург мемлекеттік архивтерінде күні бүгінге дейін сақталған құжат-қағаздар айғақтайды. ХХ ғасырдың басында жарық көріп, қазақ даласына жасын түскендей әсер еткен Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабына қатысты қозғалған іс құжаттарын Қазан, Уфа, Орынбор және Омбы облыстық мемлекеттік архивтерінен табуға болады.
Бастапқы кеңестік жүйе билік құрған жылдары ұзақ уақыт бойы ақынның шығармашылық мұрасы көңілде болса да, көзден таса жағдайда, мүлде ескерусіз болып келді. Міржақып Дулатұлының тұңғыш лирикалық-публицистикалық «Оян, қазақ» өлеңдер жинағы 1909 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан, екінші рет 1911 жылы Орынбордағы «Уақыт» баспаханасынан жарық көрген. Бұл жинаққа ақынның 1902-1909 жылдар аралығында жазған өлең-толғаулары топтастырылған. Автор бұл жинаққа енген шығармаларды тақырыбы мен мазмұнына қарай үш бөлімге бөліп, жіктеп көрсетеді.
Оның біріншісі: қазақ халқының өткен тарихынан көрініс беретін, кешегінің өкініші мен қуанышы; екіншісі: қазақ ұлтының өткен ғасыр басындағы әлеуметтік хал-жағдайы; үшіншісі: елдің келешек тағдырына, ертеңгі өміріне байланысты көтерілген ізгілік, оқу-ағарту мәселелері. Осы алғашқы жинағының өзінен-ақ автордың мақсаты мен айтайын деген ойы, сол кездегі патшаның отарлау саясаты, халықтың өнер-білімсіз қалуы, халық тұрмысының нашарлауы, әйел затының қорлануы және т.б. осындай неше түрлі қасіретті жағдайлар баяндалады, мәселен:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты!
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты! –
деген төрт жолда ақынның ұлтына адал қызмет етуге деген ниеті, керек болса жанын қиюға да дайын биік азаматтық болмысы көрініп, өз тағдырын ұлт тағдырымен байланыстыра қарайтын парасаттылығы сезіледі.
Мұнда сол замандағы қазақ халқының санасын құрсаулап, бұғаулай бастаған қоғамдық дерттер көз алдымызға келіп, зұлымдық жайлаған халықтың мүшкіл халі шынайы бейнеленеді. Демек, қалың елі күйзелісте, тығырықта жатқанда оны сезген ақынның бірге күйзелмеуі мүлде мүмкін емес еді. Елін өлеңмен оятуға ұмтылған ақын негізгі мәселелерді нақты айқындап, назар салар тұсты дәл осылай меңзейді. Осы төрт шумақтан Міржақыптың зар-мұңы, елі мен жерінің бақытын көксеген ойшылдығын, келер ұрпақтың қамын жеген кемелдігін көре аламыз. Болашаққа деген нық сеніммен жігерленген оның шығармашылығы қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолындағы күресімен тығыз байланысты. Оның тағдыры өте аянышты болды, патша өкіметінің қуғын-сүргіні мен сталиндік репрессияның зардабын басынан өткізіп, әділет жолында құрбан болған қазақ зиялыларына тән тағдыр екені баршаға мәлім.
Міржақып Дулатұлы өз шығармашылық жолындағы А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, А.Бірімжанов, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытов, Е.Омаров, т.б. ұлт мәдениетінің көшбасшыларымен қанаттасып ғұмыр кешкен тұлғалы ақын.
Ақын жинағында саяси сарын басым орын алады, оның әр жолынан төңкерісшіл рух пен ұлттық тәуелсіздікке шақырған үндеу лебі еседі. Бұл кітап қазақтар үшін ұлттық қозғалыстың алғашқы бағдарламалы құжатындай болды. Ақын үшін ұлт мүддесі қашанда жоғары. Ел, жер, елінің болашағын жырлау Міржақып Дулатұлының өне бойына тартылған темірқазық, идеясының басты бағдары.
Міржақып азаттық қозғалысының саяси ой-санасын қалыптастыруды және оған халықты кеңінен тарту мақсатымен, өзінің кітабында этикалық қалыптарға көңіл бөліп, оның екі түрлі бағытын көрсетеді. Алғашқы бағыт – азаттық күрес идеясы, адамдық еркіндік (хуррият), адамгершілік (инсаният), өнегелілік, тазалық (хаққа ниет) болса; екінші бағыт – қайырымдылық (хайыр), мейірімділік (ихсан) және өзара көмек негізіндегі сыйластық еді. Сондай-ақ алдымен, ішкі жаумен, яғни қараңғылықпен, өзге жұртқа қарағанда білімсіздіктің кесірінен артта қалушылықпен, отаршылардың әскери күшіне өнер-білімді қарсы қоя отырып күресуді дәріптейді. Бұл жолда зорлық-зомбылық жасамау, қара күшке салынбау идеясын алып шығады.
Міржақып адамның жеке басының ерекшелігіне негіздеп, әлеуметтік әділетсіздіктің түп-тамырын аша білді, ұлтына, тіліне, дініне, сеніміне қарап адамдарды езіп-қанауды мінеп-шенеді.
XX ғасырдың басы әлем тарихында ұлт-азаттық қозғалыстарының жаңа толқынымен ерекшеленді. Ағылшындардың отарында болып келген үнді елі азаттық қозғалысының көсемі Махатма Гандиді, кейін негрлердің азаматтық құқығы үшін күресуші Мартин Лютер Кингті Америка елі шығарды. Ал ел-жұрт Ресейдің ең үлкен отары Қазақстанда «Оян, қазақ!» кітабының авторы болған Міржақып Дулатұлының тұлғасын қазақтың ұлт-азаттық қозғалысындағы рухани көсемдерінің бірі ретінде таныды.
Әртүрлі ұлттың өкілдері болғанына қарамастан, бұларды этикалық және әлеуметтік әділеттілікті күшке салмау жолымен шешуге ұмтылған мақсаттарын ұқсас деп қарауға болады. Мәселен, мұнда Махатма Гандидің азаттық үшін күрес жөніндегі (сатьяграхи) және күштемеу (ахимса) идеялары Міржақыптың алға ұстаған шарттарымен үндес еді. Мұның өзі жайдан-жай емес. Индияның аш-жалаңаш, баспанасыз халқы мұздай қаруланған империалистік Англиямен тікелей табан тіреп күресуі мүмкін емес еді. Міне, қазақ халқы да осындай жағдайда болатын. Бұл халықтардың сақталып қалуының бірден-бір жолы – өзара келісімге келу және азаттық үшін қан төгуге бармау болса, Міржақып осыған қоса ұлтты сақтап қалудың басты жолы ретінде көркемсөзді таңдап алған еді.
«Бостандықтан айырылған әрбір халықта тек әдебиет өзінің ашынуы мен ар-ождан дауысымен жар салатын бұл бірден-бір мінбе саналады», – деп жазады ойшыл қаламгер Герцен.
Демек, «Оян, қазақ!» XX ғасырдың басында меңіреу шөл далаға тосыннан жеткен нөсердей өзгеріс әкелген бірден-бір туынды болды. Қазақтардың оянуы мен азаттыққа жетуін ол отаршылдыққа қарсы соғысын – халықтың мәдени деңгейін көтеріп, оятудан бастауды жөн көреді.
Әдебиет сыншысы Смағұл Сәдуақасұлы Міржақыптың шығармашылығы туралы пікір білдіргенде, оның ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері әрі жазушы-публицист қана емес, көсемсөздерін қазақ әдебиетінің көне дәстүріне сүйене отырып өлеңмен жазғанын атап өтеді.
Жаудың қоршауында қалған елін ақын тығырықтан шығаруға жол іздейді:
Қазақтың өзім дағы баласымын,
Білемін сол себепті рәсімін.
Һайламен қақпан құрған жауды көріп,
Теріс пе сізге келіп сыр ашуым.
Патша өкіметі жандармдарының қуғындауы, түрмеге қамалып шығуы, ақын кітаптарының тартып алынып, жойылуы да бекерден бекер емес-ті. Қазақ тілінің көркемдік иірімдері Міржақыптың кітаптары арқылы қоғамдық салада көрініп, саяси үгіт пен насихат тіліне айналады. «Оян, қазақ!» кітабының идеясында қазақ халқының өткен қанды тарихы мен ауыр тұрмысы айтылып қана қоймай, патша өкіметінің отаршылдық саясаты сыналады. Халықтың санасын ояту, қоғамдағы әділетсіздікті өзгертудің қажеттілігі айтылып, мектептердің ашылуын, газет-журналдардың шығуын, дінге мінәжат қылу бостандығын, әйел теңдігі; сондай-ақ жер мәселелерінің тез арада кезек күттірмей шешілуі өткір тілмен дәріптелді.
Өзінің құрылымы жағынан «Оян, қазақ!» атты шығарма он жеті тараудан, алғы сөз бен соңғы сөзден тұрады. Кітаптың беташарында автордың «Сөз басы» деп басталатын кіріспесінде қазақ елінің қалың ұйқыда қалғанын, елін ояту үшін не істеу керек екені жөнінде мәселе қояды.
«Оян, қазақ!» кітабындағы өлеңдердің алғашқы жолдарынан бастап-ақ Міржақып поэзиясының азаматтық бағыты аңғарылады. Ол халықтың меңіреу ұйқыдан оянып, артта қалып бара жатқанына өкініш білдіріп, халқымыздағы әпербақандардың аяқтан шалатын әдеттерін айыптап, елді жаппай өнер-білім үйренуге шақырады. Осы мәселелерді шын мәнінде түсініп, ел болып егіліп, жұрт болып жұмылмайынша нағыз бостандыққа жетпейтінін ескертеді. Ақын:
Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой,
Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.
Ғылым мен мағрифатты керек қылмай.
Надандық шәрбәтіне қаныппыз ғой.
...Біздағы ғылым білсек етпес пе едік,
Ілгері озғандарға жетпес пе едік.
Дін, дүниеміз таршылықтан азат болып,
Өнерлі халық атанып кетпес пе едік, – деп ашына жазады.
Патша өкіметінің көшпенді қазақ даласындағы болыстық және ауылдық басқарушылар сайлауы – халыққа қисапсыз көп шығын әкелді, араздықты асқынтып, жікшілдікті күшейтті. Соның зардабынан патша өкіметінің жаңа заңдары ел ішін іріте түсті. Солтүстіктен ескен зымияндық ызғары бейғам, ақ ниетті дала халқының жүрегін мұздатты. Осындай дөрекі әрі жымысқы нысайларды сынай отырып, ақын азаматтық ар-ұждан биігіне шақырады әрі надандықтан «алтын көрсе періште жолдан таяр» дегеннің кебін киген көп қауымның есін жиып, мәнсап үшін бір-біріне тасбауыр болып кетпеуін ескертеді:
Ағадан іні айырылды, атадан ұл,
Ағайын арзандады қымбаттап пұл.
Сатылды ғазиз ұждан аз ақшаға,
Ғәләмәті надандықтың емес пе бұл?
Патшалықтың отарлық саясатының бүкіл қазақ даласына, жалпы көшпенділерге жататын түріктектес ұлттарға билік жүргізіп, барлық территориясын иемденгеніне кейіс білдіріп, олармен болатын ендігі күрес – тек, жалпы халықтың сауаттанып, оқу-білім арқылы негіз қалау екенін аңғартқан ақын, отандастарын орыс тілі мен мәдениетін үйренуге үндейді:
Орысша білмек қазаққа бек ләзім,
Руссияда болған соң біздің тұрақ.
Сусыныңды бар-дағы қандырып ал,
Мысалы, ғылым жатқан ағып бұлақ.
Ақын мәдениет пен ағарту ісін өркендету, қараңғылық тұмшалаған халықтың көзін ашу үшін қазақ газеттері мен журналдарына ден қояды:
Газет, журнал оқы да мағлұмат ал,
Көз жіберіп һәр іске салып құлақ.
Аршын жұтқан кісідей қақырайма,
Намыстанбай білгеннен үйрен сұрап.
Демек, «Оян, қазақ!» жинағында қазақ халқының болашағы – жастарға ерекше үміт артып, оларды туған елінің келешегі жолында тынбай еңбектеніп, білім алып, сол арқылы қазақтың оятушысы болуға жебейді.
Ғылым үйрен, ашылсын көзің жастар,
Тәрбиеле өзіңді-өзің жастар.
Өзің біліп ешкімге айтпай қойма,
Білгеніңді тезірек халыққа шаш, бар.
Міне, «Оян, қазақ!» кітабы ақынның азаматтық-философиялық көзқарастары хақында да сыр толғайды, жақсылық пен жамандық және еркіндік, азаттық, адалдық, сұлулық, абырой, сыпайылық, байлық, кедейлік, т.б. туралы ғибраттар айтады. Ақын бұл шығармасын тек, білімді қауымға ғана емес, жай адамдарға, тіпті сол кездегі қараңғы қауымға бағыттаған. Ол өзінің кітабындағы бостандық пен болашақ, бейбітшілік заман хақындағы пікірлерін бәрі қабылдайды деп ойламайды. Сол себепті «Оян, қазақ!» кітабындағы белгілі ойдың жүйесі былай құрылған: егер оқырман кітаптың сырын ашуға, мағынасын түсінуге ниет білдірсе, содан кейін ғана өзіне керектісін алып пайдасына асырады. Ал оқырман кітаптың кілтін таба алмаса, түсінбесе, білетін адамдардан сауалдарына жауап алуына болады.
Міржақыптың ойын түсінгендер, өнегесінен үлгі алғандар ұлттық сананы көтеруге барары хақ. Осы түйінге байланысты кітапты терең түсіну үшін: бұл шығарма тек әдебиеттік мақсатқа ғана емес, бастысы саяси бағыттағы көркем шығарма деп қарауға болады. Бұл хақында кітап авторы негізгі нысанасын былай білдіреді:
Бұл сөзді жазғаным жоқ ақын болып,
Халық тентек, жалғыз өзім мақұл болып.
Қайғы мен хәл мүшкілін білдіргенім,
Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып.
Міржақыптың әр тақырыптарға қалам тартқан қилы шығармашылығы әр қырынан терең де ұзақ зерттеуді талап етеді. Оның еңбектерінің мәнін түсіну үшін, біз оның шығармаларына жоғары этикалық және эстетикалық тұрғыдан қарауымыз қажет. «Диалектика және этика» атты кітапта төмендегідей анықтама берілген: «Этика категориясы тарихтың даму процесінде жинақталады. Олар қисындармен, моральдық өлшемдермен тығыз байланысты, сөйте тұра бір-бірінен айырмашылықтары да бар. Дәстүрлі этиканың мынадай категориялары, мысалы, жақсылық, жамандық, борыш, ар, бақыт, адалдық мейлінше белгілі. Кейде бұған әділдік, теңдік, еркіндік, мұрат, махаббат, т.б. қосылады. Этика категориялары бірсыпыра өнегелі адамдар сапаларымен, мәселен абырой, сыпайылық, еңбекқорлық, т.б. тығыз байланысты» – делінген.
Мұнда «Қай этикалық категория басты орын алады?» деген сауалға әркім әртүрлі жауап береді. Мәселен, Демокрит пен Эпикур оны бақытқа санаса, Аристотель – жақсылық пен христиан этикасын, Кант – борыш, Гегель – адалдық деп таныды.
Міржақып қазақ халқы үшін басты этикалық категория – азаттық, етене бауырмалдық пен өзара теңдік деп білді. Тек, отаршылдықтан азат болған жағдайда ғана ағайындық пен теңдік қатынас бекіп, ұлттар оянып, гүлдене түседі деген тұжырымға келеді. Ол үшін адалдық, әділдік жолында жан аямау әркімнің борышы екенін білу шарт.
Айнымай тұтқан жолың болсын мынау.
Азаттық, бауырмалдық, теңдік сұрау.
Тайсалмай дұрыстыққа жанды қисаң,
Борышы адамдықтың сонда тұр-ау...
Немесе:
Болсын ғақылыңа малың серік,
Өнерлі сегіз қырлы сырың берік!
Дүние аз күн қонақ мысалында,
Болғаны жақсы емес пе өзіңде ерік.
Азаттық ұғымы ақын үшін бірден-бір мақсат қана емес, табиғи адамға тән өнегелі өлшем де болды. Міржақып жоғарыдағы жастарға арналған үндеуі арқылы, сегіз сапалық қасиеттерді меңгеру жолында қолда барда алтынның қадірін біліп, байлығына ақылды серік етіп уақытында өнер үйрену жайлы айтады. Ол қандай сапалар? Мұсылмандардың киелі кітабы Құранда, басты этикалық категория – борыш, пайғамбардың айтқанын орындау және оған еліктеу. Бір ғана келетін қысқа ғұмырда әрбір адам еркін өмір сүру керек екенін еске салып, әр жүрекке еркіндік отын жағу арқылы халықты бостандыққа ынталандыра түседі.
Сонымен, жетпіс жылдай мадақталған коммунистік идеяны тастап, қазір біз қайтадан Міржақыптың ізгі ойлары мен ғибратты өлшеусіз «Оян, қазақ!» кітабының құдіреттілігіне еріксізден бас иіп отырмыз. Ұзақ жыл бойы мәдениетімізді, тілімізді, тарихымызды, ұлттық дәстүрлерімізді жоғалтып ала жаздаған біздің қоғамымыз оянды ма, әлде жоқ па? деген сұрақ ойға оралған сайын, Міржақыптың «Оян, қазақ!» деп салған ұраны еміс-еміс жаңғырып құлағымызға келе береді!
Демек, қазіргі қазақ оянды ма, жоқ па?! «Оян, қазақ!» идеясы бүгін қажет пе, жоқ әлде қажет емес пе?! – деген сұраулар қазір де, бұдан кейін де туындай береді. Өйткені коммунистік жүйе, атап айтқанда, сталин және оның жандайшаптарының «үлкен террорлық» әрі жендеттік әрекеті Алаш арыстарын жойғанымен, Алаш идеясын жоя алмады. Міне, бұл әрине, біз мойындауға тиісті тарихи шындық болса керек.
Қазір ше?! Қазірдің өзінде «Алаш идеясы», «Оян, қазақ!» идеясы біздің қоғамымызды, тәуелсіздігімізді қорғап айналып жүргендей. Сондықтан, әрбір қазақ баласы Алаш аманатына мұрагерлік етуі керек. Алаш аманатына мұрагерлік ету, оны жалғастыру және дәуір рухымен байыту – әсте ұлтшылдық, басқаларды шетке қағу дегендік емес, қайта тәуелсіздікті мәңгілік бекемдеп, берекелі де құдіретті «Мәңгілік Ел» болу деген сөз. Керісінше, біз Алаш аманатын ұмытсақ, онда өзімізді өзіміз ұмытқан боламыз.
Әрине, осы ұмытудың кесірінен біздің қоғамда бірқатар едәуір өзімізге жат пиғылдар белең алып отыр. Бұл – берекесіздік, рушылдық-жершілдік, жабайы жемқорлық, қараңғы тасбауырлық, қатыгез қайырымсыздық, қатып қалған бюрократизмдік, алдамшы жасандылық, қасаң формашылдық, үкіметсіздік, заңды белден басу, жорға суайттық, қағазбастылық, құлғана жалқаулық, жалығу-торығудан туған үмітсіздік сияқты індеттер нақты белең алып отыр. Әрине, осылар біздің қоғамда шын мәнінде бар ма, жоқ па?! деген сұрау әрбір қазақтың ойында болса, оны ой елегінен өткізуге тырысса, онда біз болашақ ұрпақтарға «дегенмен де» Алаш үлгісінен негіз қалай алатын боламыз?
Демек, «Аманатқа қиянат – қылмыстан да үлкен» демекші, біз ата-баба аманатына, оны жалғаушы Алаш аманатына әрқашан қиянат жасамауымыз қажет. Егер осыны біліп, түсініп тұрып «бізге не қыла алмақсыңдар» деген мақсатта, қасақана қиянат жасауға талпынсақ, онда бізді ата-бабамыздың аруағы, киесі, рухы ататын болады. Онда бұрынғы «тәуелсіздік» деген айқайға толы аспандаған ұранымыз, әрине, «жалған немесе өтірік» болып шығады. Демек, өйтіп алданғанша әр қазақ үнсіз мұңайып, түнеріп, көкірегі шерге толып, шерменде болып, қайыр тілеп, дәруіш болып, басы ауған жаққа қаңғып, тоз-тоз болып кеткені абзал ма? Әйтпесе, ендігі орайы – өзімізді-өзіміз шынайы танып тәубемізге келу жолы. Бұл бастысы – бауырмалдық, өзара сыйластық, шыншылдық, еңбекқорлық, отаншылдық, тәуелсіздік үшін жан тігу жолы, яғни Алаш аманатын табанды жалғастыру жолы болмақ.
«Оян, қазақ!» идеясын жалғастыру жолы – әсте еліміздегі басқа халықтарды қақпайлау немесе көрші елдерге қарсы тұру жолы емес, қайта мемлекет құрушы ұлттың рухын көтеріп, жағдайын жасап, басқаларға үлгі болу дегендік. Міне, мәселенің үлкені осында жатыр. Өйткені қай өңір, қай ел болмасын, мемлекет құрушы ұлттың жағдайы жақсы болса, онымен қанаттас, тыныстас халықтардың жағдайы да әрине, жақсы болмақ. Қазақ ежелден өзі кедей-кепшіктерін, жетім-жесірлерін қаңғыртпай, қайыр тілетпей бағып кеткен халық. Сол себепті де бұрын қазақта қайыршы, қаңғыбас болмаған. Бұның тағы бір басты себебі – хандар мен билер халқына қамқор болған, ал қараша халқы өз иесіне адал болғанында жатыр. Кейін осы жүйе бұзылып, басқалардың қысымымен басқа бір қазаққа жат қараңғы жолға түсіп, талай-талай тығырыққа тіреліп, әйтеуір, Құдай оңдағанда, жер бетінен жойылып кетпей, аман қалдық. Сол үшін біз өзімізді әрқашан ұмытып қалмай, тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек.
Біздің байығанымыз, мәртебеміздің аспандағаны – сол тәуелсіздігіміздің арқасында болса керек. Сол үшін өзін ұмытудың ақыры – ата-бабамыздың қасиетті киесі мен халқымыздың қарғысына ұшырататын барса келместің жолы, ол – былайша айтқанда түп-тұқиянымен жоғалу жолы болып табылады. Бұл тығырықтан құтылудың бірден-бір шығар жолы – халықтық бағыт, яғни, халқына жаны ашу жолы болса керек. Халқына жаны ашыған әрбір қазақ, олардың береке-бірлігі – халық ретінде оянуында, ұлт болып ұйысуында. Сондықтан біз жоғарыдағы баяндалған, қоғамда сақталып келе жатқан келеңсіздіктерді қатаң танып, шын мәнінде түзеткенде ғана, Алаш идеясынан ауытқымайтын боламыз.
«Оян, қазақ!» кітабы, онда айтылған идея, ойлар ешқашан дәуір ағыстарында, ғасыр тоғыстарында, тіпті аласапыран кезеңдерде де өз құндылығын жоғалтпайтыны анық. Ол ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып, кешегі сұм заманның зары қайталанбасын деген ұлы тілекке ұмтылдырады. Қоғам дамып, адамзат идеялогиясы өркендеген сайын биіктей беретін рухани алып шың болып мен мұндалайды. Осынау биік шыңнан аққан сан тармақ мөлдір бұлақтар ұласа келіп, алып дарияға айналып, әр қазақтың жан дүниесінде мәңгі жағасы жасыл, құтты рухани тірегіне айнала бермек!
Марат ӘБСЕМЕТ,
міржақыптанушы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор