Ақтөбе облысында егін ору жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Күн суытқанша диқандар облыс бойынша 426,4 мың гектардан дәнді дақыл, 60,3 мың гектардан майлы дақыл, сондай-ақ 6,1 мың гектардан картоп және көкөніс-бақша өнімдерін жинауды жоспарлап отыр.
Биыл егін жинауда ешқандай мәселе жоқ. Шаруалар да, жергілікті билік өкілдері де осылай деп отыр. Қажетті техникалар мен дизель отынының қоры жеткілікті.
Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, қазір өңірде егін жинау жұмыстарына жалпы саны 1,5 мың трактор, 600-ге жуық комбайн, 800 трактор тіркемесі мен 500-ге жуық жүк көлігі жұмылдырылған. Бұдан бөлек, бұл бағыттағы жұмыстарға 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.
– Биыл шаруашылықтарға дизель отыны литріне 250 теңгеден берілді. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Ал астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы – 685,1 мың тонна. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарына 381,0 мың тонна және шаруашылықтардың астық сақтау қоймаларына 304,1 мың тонна өнім сыяды. Бұл көлем жиналатын өнімдерді сақтауға толық мүмкіндік береді. Астық қабылдау кәсіпорындарында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Қазір элеваторларда 96 мың тонна астық сақталуда немесе бұл жалпы сыйымдылықтың 25 пайызы. Сондай-ақ элеваторлар биылғы егін астығынан 71 мың тонна астық қабылдады, – деді.
Оның айтуынша, өңірде 15 астық кептіргіш жұмыс істеп тұр, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында – 8, ауыл шаруашылық құрылымдарында 7 кептіргіш бар. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары газ және дизель отынын пайдаланатын астық кептіргіш машиналармен, жанар-жағармаймен қамтылған.
– Бүгінде облыс аудандарында егін жинау жұмыстары қызу жүргізілуде. Қазір ауа райы қолайлы болып тұр. Алдын ала болжам бойынша осы ай диқандар үшін жайлы болмақ. Дегенмен жан-жақты сақтық шараларын да қарастырған жөн. Биыл диқандар 265 мың гектар алқаптағы дәнді дақылдарды жинап, одан 279 мың тонна өнім алды. Өнімнің орташа өнімділігі – гектарына 11 центнер. Егін ору жұмыстарын осы айдың аяғында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Барлық шаруашылық күндіз-түні дамылсыз еңбек етіп жатыр.
Ақтөбе облысындағы астықты аудандардың бірі – Қарғалы ауданы. Биыл бұл ауданда 151 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтсақ, диқандар 111,3 мың гектарға – дәнді дақыл, 12,8 мың гектарға – майлы дақыл, 25,0 мың гектарға – мал азығын, 1,38 мың гектарға – картоп, 0,51 мың гектарға көкөніс және бақша дақылын еккен. Аудан бойынша егін жинау жұмыстарына шамамен 186 астық ору комбайны, 412 трактор, 161 трактор тіркемесі және 68 жүк көлігі жұмылдырылған.
– 36 шаруашылықты 1 261,8 тонна дизель отынымен қамту келісімшарты жасалып, операторлар тасу жұмыстарын жүргізуде. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллект технологияларын енгізудің өзектілігін ерекше атап өткен болатын. Аталған бастама бүгінгі күні практикалық деңгейде жүзеге асырыла баста-
ды, – дейді Қарғалы аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллин.
Оның айтуынша, аталған бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде аудандағы «Сәт» шаруа қожалығының 53 гектар картоп алқабын агродрон көмегімен өңдеуі дәлел бола алады. Бұл шаруашылық алқапты өңдеу барысында арамшөптерге қарсы «Агро Шанс» гербицидін қолданған. Сондай-ақ заманауи цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауданның бірқатар ірі шаруашылықтарында («Актеп», «Дилэнд» ЖШС) ауа райының нақты болжамын көрсететін метеостансалар орнатылған. Мәселен, «Актепке» орнатылған «Мой Агро» метеостансасы ауа райының ағымдағы және болжамды деректерін көрсетіп тұр. Ал ірі шаруашылық – «Дилэнд» ЖШС Navistar Asia компаниясынан метеостанса сатып алған. Аталған компания навигациялық жабдықтар бойынша қызмет көрсетеді.
– Қазірге дейін аудан көлемінде жалпы 73,1 мың гектардан дәнді дақыл жиналып, 101,3 мың тонна өнім бастырылды. Орташа өнімділік – гектарына 13-14 центнер. Атап айтсақ, 45 704 гектар бидайдан жиналған өнім көлемі – 59,4 мың тонна, орташа өнімділік – гектарына 13 центнер. Ал арпадан 24 312 гектар алқаптан 34 мың тонна өнім жиналды. Орташа өнімділік – гектарына 14 центнер. Сонымен қатар аудан бойынша 180 гектар картоп алқабынан 3 780 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік көрсеткіші гектарына 210 центнерге жетті, – дейді Тимур Абдуллин.
«Дилэнд» серіктестігінің басқарушысы Ілияс Рахмановтың айтуынша, биыл шаруашылық 4 мың гектар алқапқа майлы дақыл, 20 мың гектарға дәнді дақыл еккен. Қазір өнім жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әр гектардан 10 центнерден өнім алынған.
– Серіктестікте 50-ден астам жұмысшы бар. Егін ору жұмыстарына 10 комбайн, 5-6 жүк көлігі, 5 трактор жұмылдырылуда. Өткен жылдарға қарағанда биыл өнім көлемі аздау болып тұр. Сондай-ақ сапасы да төмендеу. Дегенмен жұмысшыларымыз тынбай еңбек етіп, өнімді жинап алып жатыр. Алынған өнімді Мәртөк ауданындағы элеваторға өткізіп жатырмыз, – дейді ол.
Өңірдегі тағы бір астықты аудан Мәртөкте қазір егін жинау жұмыстары уақытылы және сапалы жүргізілуде. Аудан бойынша барлығы 44 971,5 гектар алқаптан дәнді дақылдар жиналған. Орташа өнімділік – гектарына 12 центнер. Жиналған өнім көлемі – 53 936,2 тонна. Оның ішінде 9 580 гектары күздік дақылдар болса, 22 мың гектары – бидай, 10 963 гектары – арпа, 470 гектары – сұлы, 44 гектары – зығыр. Бұдан басқа да дақыл түрлері бар.
– Егіс науқанына 500-ден астам трактор, 24 егіс кешені, 117 тұқым сепкіш, 71 культиватор, 20-ға жуық жүк көлігі, 120 трактор тіркемесі тартылуда. Аудан бойынша 2025-2026 жылғы қыстау кезеңіне 90,1 мың тонна мал азығын дайындау тапсырылған. Бүгінде жоспар 101 пайызға орындалып, 91 145,4 мың тонна мал азығы дайындалды. Қазір Мәртөк ауданында бір бума шөптің бағасы – 600-700 теңге, ал бір орама шөптің бағасы – 6-7 мың теңге, бір тіркеме шөптің бағасы – 55-65 мың теңге, – дейді Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақытжан Мулькаев.
Биыл ауданда шөп шабу науқанына жалпы саны 1 370 техника жұмылдырылған. Бұл техникалар 47 шаруа қожалықта мал азығын дайындауға атсалысып жатыр.
Мәртөк ауданында егінмен айналысатын шаруашылықтың бірі – «Дина» шаруа қожалығы. Бұл қожалық биыл 4,5 мың гектар жерді игерген. Биыл көктемде қожалық 1 200 гектарға бидай, 500 гектарға арпа, 700 гектарға майлы дақыл, 110 гектарға судан шөбін еккен.
– Биыл 20 тамыздан бастап егін оруға кірістік. Алдымен арпа, бидайды жинап алдық. Енді майлы дақылдарды жинап жатырмыз. Биыл бидай мен арпадан гектарына 12 центнерден өнім алып отырмыз. Егін оруда ешқандай мәселе жоқ: техникаларымыз жеткілікті, жанар-жағармай қоры бар. Мемлекеттен лизингке комбайн, трактор, жер жыртатын техника сатып алдық. Бұдан бөлек, қожалық мал шаруашылығымен де айналысады. Қазір мұнда 100 бас жылқы, 400-ге жуық қой бар. Шаруашылығымызда 16 жұмысшы жұмыс істейді. Олардың дені – зейнеткерлер. Қазір барлығына қолайлы жағдай жасап отырмыз. Тек басты мәсе-
ле – мамандар тапшылығы. Атап айтсақ, мал дәрігері, малшы, сауыншы керек, – дейді шаруашылық басқарушысы Зәкір Құрманаев.
Өңірдегі егін орып жатқан диқандардың тілегі бір: ауа райының ашық болып, өнімді дер кезінде жинап алу. Көктемнен бері тынбай еңбек етіп жүрген диқандардың қамбасы астыққа толсын дейміз.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы